Пандемия жағдайы бизнес саласын да айналып өткен жоқ. Кей кәсіпорындар араға уақыт салып тірлігін түлете бастады. Солардың бірі- Қызылордадағы жеңіл өнеркәсіп қауымдастығы “АС-КА». Мұнда айына 2500 дана өнім өнідіріледі.
Жеңіл өнеркәсіп қауымдастығының төрайымы Дина Махатова мектеп формасын тігуді 2019 жылы қолға алған. Облыс бойынша кәсіпорын арнайы киім тігу бойынша көшбасшылардың бірі болып табылады. Пандемия кезінде «Ас-кА» ЖШС медициналық бір реттік комбинезондар мен бахилаларды тігумен айналысты. Сол жылдардағы өнімнің бұл түрі медициналық салада өте жоғары сұранысқа ие болды. Жоғарыда аталған тауарлардың қысқа мерзімде үлкен шығарылымы осы кәсіпорынның жоғары тиімділігі мен құзыреттілігін көрсетеді.Осы оқу жылына ер балаларға арналған 1000 дана, қыз балаларға арналған 2000 дана мектеп формасын дайындаған. Жергілікті кәсіпкерлер маталарды Түркия, Қытайдан алдырып жатыр. Дина Махатова материалдардың барлығы да Оқу-ағарту министрлігі қойған талапқа сай келетінін, арнайы сертификаттары алынғанын атап өтті.
Мектеп формаларының бағасы нарық бағасынан анағұрлым төмен. Жейделер 2000-3000 теңгеден басталады. Ер балаларға арналған костюм, шалбар, жакеті 10 000 теңгеден. Өнімдері алғашқыда облысымызда, кейіннен еліміздің өзге де бірқатар өңірде сатылды. Кәсіпорын қолданылатын ең соңғы үлгідегі автоматтандырылған тігін машиналарының тігісі жатық, теп-тегіс. Әр тұтынушының дене бітімі мен талғамына орай әрбір өлшемге мән беріліп, киімнің қонымды болуын есепке алынды. Дизайны мен тігісі шетелдік костюм-шалбарлардан кем түспейтін отандық өнімнің матасы да сапалы. Өнім өте сапалы, ыңғайлы, мектеп формасына қойылатын талаптар толық сақталған. Фабрика тапсырыстан бөлек, дайын өнімдерін сатылымға шығарады. Алматы, Ақтөбе қалалары мен еліміздің басқа өңірлеріндегі ресми және келісім бойынша дүкендерде сатады, сондай-ақ түрлі жәрмеңкелерге қатысады. Кәсіпорын мектеп формасынан бөлек, теміржол, қорғаныс істері қызметкерлері үшін арнайы жұмыс киімін дайындайды. Фабрикада жеке лекалдар базасы бар. Соның арқасында киім өнімдері жаңа сән үлгілеріне сай дизайнда жасалады. Өндірісте жоғары дәрежелі мамандар істейді. Фабрика қызметінің арқасында жергілікті тұрғындардан 45 адам жұмыспен қамтылған. Тапсырыстың көбеюіне байланысты алдағы уақытта адам жұмысқа тартылуы мүмкін. «АС-КА» тігін фабрикасында киім өндірісінің толық циклі – дизайнын әзірлеуден бастап қаптамаға дейін жүзеге асады. Барлық жұмысты шеберлер жоғары технологиялық жабдықтар арқылы атқарады. Фабрикада орнатылған шетелдік заманауи жабдықтар сапасы әлемдік брендтерден еш кем түспейтін өнім өндіруге мүмкіндік береді.
– Алдағы мақсат – осы ішкі нарықты қамтып, елімізде сатылымдағы отандық өнім мөлшерін ұлғайту. Мектеп оқушыларын сапалы, сәнді, бағасы да қолжетімді мектеп формаларымен қамтамасыз ету. Осы орайда ата-аналар мен мектеп ұжымдарына отандық өндірушіні қолдап, отандық киім киюге шақырамыз. Себебі отандық өнімді тұтынудың ел экономикасына пайдасы зор, – дейді Дина Махатова.
Отандық нарықта сапалы киімдерімен танылған тігін фабрикасы еліміздің жеңіл өнеркәсібінің өрісін кеңейтуде. «АС-КА» киім бренді еліміздің бірқатар өңірінде кеңінен тарауда. Бүгін цех облысының мекемелерін ынтымақтастыққа шақырады.
Қызылорда облысының кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасы
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!