Күз – молшылық пен тоқшылықтың мезгілі. Ала жаздай егіс даласында тынбай еңбек еткен ағайын арқаны кеңге салып, бейнетінің зейнетін көретін шақ енді жетті.
Өткен аптаның сенбі-жексенбісінде Нұр-Сұлтан қаласындағы «Хан Шатыр» сауда орталығы жанында Қызылорда облысының дәстүрлі ауылшаруашылығы жәрмеңкесі өтті. Оған 70-ке жуық Сыр диханы мен кәсіпорыны 40 жүк автокөлігімен жалпы құны 100 млн теңгені құрайтын 400 тоннаға жуық өнімді елордалықтарға ұсынды.
Арқа төріндегі тұрғындар Сыр елінің брендіне айналған ақ күріш, балығы мен ас тұзы, қауыны мен қарбызынан дәм татты. Сырбойылықтар жәрмеңкеге 140 тонна күріш, 20 тонна балық және балық өнімдері, 150 тонна бақша өнімдері, 40 тонна асқабақ, 40 тонна көкөніс пен жеміс-жидек, 3 тонна ас тұзы, 5 тонна сүт және кондитер өнімдерін әкелді. Тез бұзылатын сүт өнімдері рефрижератор көлігімен жеткізілді. Сондай-ақ жәрмеңкеде карантин талаптары сақталып, тауар ұсынушылар дезинфекциялық құралдармен толық қамтылған.
Мұндағы өнімдер базар нарқынан біршама төмен бағада сатылды. Содан да болар, жұртшылық жәрмеңкеге жақсы жиналды. Соның ішінде Сыр елінің тумасы Жанат Бихожаева да бар.
– Біз бірнеше жылдан бері Нұр-Сұлтан қаласының тұрғынымыз. Өзім Қызылорда облысы Шіркейлі ауылының қызымын. Елордада жүрсек те Сыр елінің әрбір жетістігіне қуана қарап, тілекші болып отырамыз. Осы жолы да жәрмеңкеге келіп, туған жердің тартуынан алып, мәз болып қалдық. Адам өте көп. Бір-бірімізді көріп, арқа-жарқа болдық. Қызылорда облысы ұйымдастырған жәрмеңкенің берекелі болғаны еңбек сүйгіш Сыр халқының көңілі дархан екендігін байқатуда, – деген ойымын бөлісті.
Жалпы Қызылорда өңірінде ауылшаруашылық өнімдерін өндіру және агроөнеркәсіптік кешен жүйесін тиімді жүргізу мәселелері жолға қойылған. Ел тәуелсіздігінің 30 жылдығының ішінде аймақтың аграрлық саласында айтарлықтай жетістіктерге қол жеткізілді. Атап айтқанда, соңғы 10 жылда облыстың жалпы өңірлік өнім құрылымдағы ауылшаруашылығы-ның үлесі 4,3-тен 5,9%-ға дейін ұлғайған.
Мал шаруашылығын дамыту бойынша да жүйелі жұмыс жүргізіліп, нәтижесінде ірі қара мал басы 1,5 есе, жылқы 2,3 есе, түйе 2 есе өсті. Сонымен қатар биыл облыстың жалпы егіс көлемі 3,9 мың гектарға ұлғайып, барлығы 188,1 мың гектар жерге егін егілді. Оның ішінде дәндi дақылдар 96,6 мың гектар, майлы дақылдар 6,7 мың гектар, мал азықтық дақылдар 66,4 мың гектар, картоп, көкөнiс, бақша 18,3 мың гектарды құрады. Негізгі дақыл, күрiштің көлемі – 83,6 мың гектар.
Егілген күріштен жоғары өнім алу мақсатында күріш егісіне 100 процент жоғары репродукциялы тұқымдар себілді. Облыста күрішке орақ салу жұмысы 26 тамыздан басталды. Бүгінгі күні 4716 гектар күрішке орақ салынып, оның 2 495 гектары бастырылды. Әр гектардан орташа 42,3 центнерден өнім алынуда. Сонымен бірге бүгінде аймақта 242,7 мың тонна картоп, көкөніс, бақша және 20,2 мың тонна ет, 49,5 мың тонна сүт өндіріліп отыр.
Жалпы Сыр елінің ауылшаруашылығы өнімдері әлемнің 16 мемлекетіне экспортталуда. Экспортталған өнімнің 95 проценті – облыстың негізгі дақылы, күріш өнімі. Күріш Ресей, Қырғызстан, Беларусь, Әзірбайжан, Моңғол, Тәжікстан, Украина, Өзбекстан және Ирак мемлекеттеріне жіберілуде.
Ақтолқын НҰРЛЫБАЙ
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!