Сенбі, 20 сәуiр, 05:50

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№31 (2041)
20.04.2024
PDF мұрағаты

Есік жасаудың шебері

17.11.2022

733 0

Көзін тапқанға кәсіп көп. «Кәсіп ашып, жұмыс істеймін дейтіндерге» мүмкіндік те жоқ емес. Соның нәтижесінде өзіміздің өнімді шығаратын кәсіп иелері көбейіп, өзіміздің аймақтан шыққан өнімдерге де сұраныс арта түсуде. Атап айтсақ, қаламызда Ресейдің сапалы есіктерінен кем емес сыртқы және ішкі есіктер шығарылуда. Кәсіпкер Дәулет Пірімжанов өндіріс цехын өткен жылы іске қосқан.

– Кәсіпті 1992 жылы бастадым. Ең әуелі есік саудасымен айналыстым. Оған да 20 жылдай уақыт болды. Украина, Беларусь, Қытай, Ресей елдерінен тасымалдайтынбыз. Осы мемлекеттердің біраз зауытында болдым. Өткен жылғы пан­демия сауда саласына, тасымалға кері әсер етті. Өзімізге де есік жасайтын үлкен цех керек екенін ұқтым. Сондықтан да осы кәсіпті үйрену үшін Мәскеуде, Қытайдың Гуан­жоу қаласында болдым.  

Есік жасап, сатып жатқаны­мызға екі жылдан аса уақыт болды. Өзі­міздің өнімді шыға­руды мақсат еттім. Алға қойған мақсатымның нәтижесінде есік­терді шығаруды қолға алдым. Ойымдағыдай сапалы есіктерге сұраныс артты. Алдағы уақытта кәсібімнің аумағын ұлғайтып, өнім тү­рін көбейткім келеді. Осы мақсатта мемлекет тарапынан көмек сұрадым. Жақында қала әкімі келіп, жұмысымды көрді. Ісіміздің алға басуы үшін мемлекет тарапынан көмек бола­тынын айтты, – дейді кәсіпкер.

Бүгінде кәсіпкер 10 адамды тұрақты жұмыспен қамтып отыр. Күніне 20 есік шығарылады. Заманауи құрылғылармен жабдықталған цех өнімі сапалы, бағасы да қолжетімді. 

– Үйдің ішкі есіктеріне қажет негізгі шикізат –  мдф Ресейден, ал сыртқы есікке темір Қарағандыдан, темір бояуларды Түркиядан, Санкт-Петербургтен келеді. Алдағы уақытта өндіріс екі бағытта дамиды. Есік жасаудан бөлек, басқа да жиһаздар жасау жағын қарастыру жоспарда бар. Біздің қаламызда бұл бағытта жұмыс істейтін мамандар жоқтың қасы. Сондықтан ресейлік мамандардан үйренуге тура келеді. Цехта өндіріске қажетті барлық құрал-сайман, станоктар бар. Негізі бұл жұмысты сапалы жасауға сабыр мен төзім керек. Мықты дүние шығару үшін ағашты да дұрыс таңдау қажет. Ағашы мықты болмаса жарылып немесе ішіне су сіңіп кетпеуі керек. Сапалы дүние болса ғана тұтынушы көбейеді, – дейді Дәулет Пірімжанов.

Есіктің қиюын келістіріп, әдемі дүние етіп шығару тек шын шебердің қолынан келеді. «Қимылдағанның қыр асатынын» жақсы білетін Дәулет кәсіптің осы түрін қолға алып, жетістікке жететінін түсінді.

Айтолқын АЙТЖАНОВА

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: