Сенбі, 20 сәуiр, 04:48

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№31 (2041)
20.04.2024
PDF мұрағаты

Кәсіп бастасаңыз, қолдау бар

05.06.2021

1486 0

Біржанның домбырасы

Қызылордалық Біржан Ділма­новтың шеберханасын бәрі біледі. Бала кезінен ата кәсіптің қыр-сырына қанық боп өскен Біржан шеберлігімен танылды. Оны ше­берханасына іздеп келіп, арнайы тапсырыс беретіндердің қарасы қалың.

Қалалық кәсіпкерлік, өнеркәсіп және туризм бөлімінің ұйымдастыр­ған баспасөз туры барысында Бір­жанның шеберханасына бардық. Ол 2019 жылы «Нәтижелі жұмыспен қамту жаппай кәсіпкерлікті дамы­тудың 2017-2021 жылдарға арналған «Ең­бек» мемлекеттік бағдарламасы ая­сында «Қызылорда» өңірлік ин­вестициялық орталығы» арқылы 14 млн теңге қаражат алып, өз кәсібін бас­таған.

Он саусағынан өнер тамған шебер бүгінде ағаштан түрлі бұйымдар жасайды. Басты кәсібі – домбыра жасау. Ол сүйікті ісін 20 жыл бұрын бастаған. Шебер домбыраны аз де­генде 10 күнде жасаса, ең ұзағы 3 айда жасап бітіреді екен.

– Ұсталық қасиет әкем – Ба­зарбектен дарыған. Бүкіл Ділманов әулеті осы кәсіппен айналысамыз. Үлкен ағамыз Сапарбек домбыра жасайтын цех ашып, осы істі бірінші болып қолға алды. Қазір оның ізін жалғап келеміз. Нұр-Сұлтан, Алматы қалаларында шеберхана филиалдары жұмыс жасайды, – дейді «Жетіген саз аспаптар» ЖШС шеберханасының жетекшісі Біржан Ділманов.

Біржанның қолынан шыққан дом­быра саусақтың ұшы тисе бол­ды, күмбірлей жөнеледі. Шағын шеберханада аспаптың түр-түрін табасыз. Шебер мемлекеттік бағ­дар­ламалардың да арқасында шеберханасын жаңа әрі за­манауи үлгідегі жабдықтармен жаб­дық­таған. Шертер, альт-домбыра, альт-шертер, прима-домбыра, прима-шертер, бас домбыра, дауылпаз, сылдырмақ, жетіген, қобыз, скрипка, виолончель сынды аспаптардың қай-қайсысына тапсырыс беруге болады.

– Шеберханада 15 станок жұ­мыс істеп тұр. Оның әрқайсысын пайдалануда аса ұқыптылық пен икем керек. Олай болмаған күнде аяқ асты жазым болып қалуыңыз мүмкін. Әкем кішкентайымнан әрбір дүниені сапа­лы әрі сәнді етіп жасауға үйреткен. Әкемнің сол өнегесінен әлі күнге дейін жаңылған емеспін. Домбыраны бір ай жасасам да сапалы болғанын қалаймын. Ағашына, бояуына, тіпті, желіміне дейін аса мән беремін, – дейді шебер.

Шетелдіктер неге қызықты?

Бүгінде шағын болса да өз кәсібін дөңгелетіп, нәпақасын тауып отырған жандар қатары күннен-күнге артып келеді. Кез келген үйді, кеңсені жиһазсыз елестету мүмкін емес. Себебі әдемі жиһаз – үйдің сәні. Осыны түсінген кәсіпкер заманауи үлгідегі жиһаз жасауды қолға алған.

Жиһаз жасау бір қарағанда оңай дүние сияқты. Ағаш жонып, шеге қағып әуре болмайсың. Барлық жұмыс станоктар арқылы істеледі. Алайда, шеберханадағы қызу тірлікті көріп бұл ойымызды өзгерттік. Өйткені ағашты жонып, иіп жиһаз жасау үлкен өнер, асқан шеберлікті қажет етеді. Ал Айдар Қыстаубаев – бұл істің нағыз маманы. Шебердің қолынан шыққан дүниелерге шетелдіктер де қызығуда.   Таңданатыны жоқ, жиһазды сапалы әрі талғамға сай жасалатындықтан сұраныс көп.

– Әр саланың қызығы мен қиын­дығы қатар жүреді. Сол секілді жиһаз жасаудың да өзіндік қыр-сыры бар. Кәсіпті дамытуға бар күшімді салып келемін. Тұтынушылар мақтап жата­ды. Бұл біздің мерейімізді өсіріп, жұмыс­қа деген ынта-жігерімізді оятады. Біз талғамы жоғары тұтынушының ойын дөп басып, көңіліндегідей етіп жасап шығару үшін күндіз-түні жұмыс істеп, барымызды саламыз, – дейді ағаш шебері.

Кәсіпкер 2019 жылы «Нәтижелі жұмыспен қамту жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға ар­налған «Еңбек» мемлекеттік бағ­дараламасы аясында «Қызылорда» өңірлік инвестициялық орталығы» арқылы 15 млн теңге қаражат алып, соңғы үлгідегі станоктар алған. Бүгінде кәсіпкер жасаған жиһаздар шетел асуда.

Әк шығарады

Азамат Жаңақұловтың кәсібі еш­кімге ұқсамайды. 2013 жылы әк шығарудан бастап, одан кейін пескоблок шығаруды қолға алады. Кәсіпкер бүгінде 13 адамды жұ­мыспен қамтып отыр. Шағын зауыттан күніне 4 тонна әк, 500 дана пескоблок шығарады. Тапсырыс та күн санап артып келеді. Ол 2019 жылы «Нәтижелі жұмыспен қамту жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек» мемлекеттік бағдараламасы аясында «Қызылорда» өңірлік инвес­тициялық орталығы» арқылы әк, пескоблок өндіру ісіне 8 млн-нан аса қаражат алған. Қазіргі таңда кәсібін дөңгелетіп отыр.

– Песклобок осыдан тоқсан жыл­дай уақытта Еуропада өндіріле бастаған. Қазіргі таңда Канада, Австралия сияқты елдерде тұрғын үйлер мен түрлі бағыттағы ғимараттар тұрғызуға пайдаланылып келеді. Оның жылу­ды қалыпты температурада ұстау мүмкіндігі қыш кірпіштен үш, күйдірілген кірпіштен сегіз есе артық. Сонымен бірге жаздың аптап ыстығын өткізе бермейді. Ал әкті қалада жүріп жатқан құрылыс нысандарының бір қатарына жет­кізіп отырмыз. Тапсырыс азайған емес. Алдағы уақытта арнайы әк пештерін алып, кәсіпті кеңейту жоспарда бар, – дейді кәсіпкер Азамат Жанақұлов.

Баспасөз турында байқағанымыз қалада кәсібін дөңгелеткен кәсіпкерлер мемлекеттік бағдарламалардың игі­лін көруде. Биылғы жылдың 1 мамырына дейін облыс орталығында 26 мың 358 шағын кәсіпкерлік нысаны тіркелген. Оның ішінде нақты жұмыс жасап тұрғаны – 22 518.

– «Бизнестің жол картасы 2025» бизнесті қолдау мен дамытудың бірыңғай бағдарламасы аясында бү­гінгі таңда жалпы құны 6,2 млрд теңгені құрайтын 357 жоба қар­жыландырылды. «Қарапайым зат­тар экономикасын дамыту» бағ­дарламасы бойынша басымдық бе­рілген жобаларды жеңілдікпен несиелеу бағдарламасы жүзеге асқаннан бері қала бойынша жоба құны 17 млн теңгені құрайтын 1 жоба қолдау тапты. «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға» арналған бағдарламасы аясында қала мен қалаға қарасты кент және ауылдық округтер бойынша биыл барлығы 207 млн 540 мың теңгені құрайтын 23 жоба қолдау жүзеге асты, – дейді қалалық кәсіпкерлік өнеркәсіп және туризм бөлімінің басшысы Бағлан Амангелдиев.

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: