Сенбі, 23 қазан, 10:06

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№83 (1785)
19.10.2021
PDF мұрағаты

Қызылордалық кәсіпкерлерді субсидия мен сұйытылған газ бағасы алаңдатып отыр

29.09.2021

171 0

«Атамекен» ҰКП Төралқа Төрағасы Тимур Құлыбаевпен онлайн-кездесуде Қызылорда облысы кәсіпкерлер палатасы Өңірлік кеңесінің мүшелері саладағы бірқатар мәселелерді жеткізді.

Өңірлік кеңестің төрайымы Гүлзағира Абдраимова кәсіпкерлердің атынан мемлекеттік бағдарламалар аясында берілетін несиелердің пайыздық мөлшерлемесін субсидиялауға қатысты проблеманы көтерді.

Оның айтуынша, «Кредиттер және лизинг бойынша сыйақы мөлшерлемелерін субсидиялау» бағдарламасын толық қаржыландырмау салдарынан кәсіпкерлер мемлекеттік қолдауды өз дәрежесінде ала алмай отыр.

Мәселе мынада, бағдарламаға сәйкес кәсіпкер сыйақының бір бөлігін 4-9 пайыз аралығында төлеу көзделген. Алайда мемлекет тарапынан аталмыш бағдарламаға қаржы қажетті көлемде бөлінбей отыр. Салдарынан кәсіпкерлер бастапқы келісім-шартта көрсетілген сыйақы мөлшерлемесін толықтай, яғни 14-19 пайызбен өтеуге мәжбүр.

«Қызылорда облысында пайыздық мөлшерлемені субсидиялауға бюджеттен осы жылға 1,2 млрд теңге бөлінді. Қаржы институттары мен кәсіпкерлердің арасында жүргізген сауалнамамыз бойынша, қажеттілігіміз шамамен 3 млрд теңге көлемінде. Өткен жылдың желтоқсанынан бастап бүгінге дейін «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы бойынша да субсидиялар төленген жоқ. Бұл жағдай кәсіпкерлер арасында мемлекеттік бағдарламаларға деген сенімсіздік тудырып отыр», – дейді Гүлзағира Абдраимова.

Қазір несиелеудің толық процесіне бірнеше тарап қатысады екен. Олар қаржы институты, субсидиялаудың ақпараттық жүйесі, жергілікті атқарушы орган және кәсіпкер. Бұл бюрократиялық схемадан зардап шегетін тек кәсіпкер.

Кеңес төрайымы бұл мәселені шешу үшін жалпы несиелендіру процесін оңтайландыруды ұсынды. Ол үшін несие беру бағдарламаларын қайта қарап, қаржы институтынан кәсіпкерге жылдық 6 пайызбен тікелей несие беруді ұйымдастыру керек.

Нәтижесінде қолданыстағы несиелендіру тетігінен жергілікті атқарушы орган мен субсидиялаудың ақпараттық жүйесінің жұмыстары жойылады. Бұл қадам арқылы мемлекеттік бағдарламалар қолжетімді бола түспек.

Сонымен бңрге кездесуде кеңес мүшесі Жанарбек Нұрымбетов тұрмыстық баллондарды әлеуметтік бағадағы сұйытылған мұнай газымен қамтамасыз етуге көмек сұрады.

Кәсіпкердің бұл мәселені көтеруіне келесі жылдан бастап сұйытылған мұнай газын өткізу толықтай электрондық сауда алаңына өтетініні себеп болып отыр. Қазір сұйытылған газ кезең-кезеңімен электрондық биржаға шығарылуда. Қыркүйекте оның 60 пайызы электрондық сауда алаңында сатылып жатыр.

«Осы өтпелі кезеңде сұйытылған газ бағасының өсуі байқалып отыр. Сұйытылған газдың әлеуметтік бағасы бір тоннаға 43,3 мың теңгені құраса, электрондық биржа арқылы бұл көрсеткіш 138 мың теңгеге дейін жетті. Оның өзінде жергілікті газ желісі ұйымдары Қызылорда облысында орналасқан «Казгермұнайдан» сұйытылған газ ала алмай жатыр. Аймақ тұрғындарының 35 пайызы немесе 288 мың адам табиғи газға қосылмаған ауылдық жерлерде тұрады. Сұйытылған газдың барлық көлемі электрондық биржада көшкенде тұрмыстық баллондардың тапшылығы орын алуы мүмкін. Ал тұрмыстық баллондарды сатуға арналған инфрақұрылмы бар газ желісі ұйымдары бұл қызметтен айналыспай қою қауіпі туындап тұр. Бүгінгі күні мүмкіндігі бар төрт мекеменің екеуі ғана тұрмыстық баллондарды сатып жатыр. Бұл мәселе табиғи газға қосылмаған ауылдық жерлердегі тұрғындарға айтарлықтай қиындық тудырады», – деген кеңес мүшесі Жанарбек Нұрымбетов сұйытылған газды тұрмыстық баллонмен сатуды электрондық биржадан алып тастап, оны әлеуметтік бағамен қамтамасыз етуге көмек көрсетуді сұрады.

Қызылордалық кәсіпкерлердің мәселелеріне қатысты «Атамекен» ҰКП-ның басқарма мүшелері мүдделі мемлекеттік органдармен бірге шешу жолдарын қарастыратынын жеткізді.

Қызылорда облысы

кәсіпкерлер палатасының баспасөз қызметі

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: