Жұма, 27 желтоқсан, 10:59

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№101 (2111)
24.12.2024
PDF мұрағаты

Мемлекет қолдауы талай адамның арманын жүзеге асыруға сеп болды

14.08.2021

912 0

Аймағымызда «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ арқылы жұмыс істеп отырған кәсіп иелері бар. Олардың жұмысы қалай жүруде, мемлекет қолдауынан кейін қанша кәсіпкердің тірлігі алға басты. Аптаның сейсенбісінде «Даму» қоры аймақтық филиалының ұйымдастыруымен баспасөз туры өткізіліп, облыс орталығында «Дамудың» қолдауымен жұмысын жандандырып отырған бірқатар нысанды аралап көрдік. Алдымен «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» филиалының мәжіліс залында брифинг өткізілді.

– «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры 1997 жылдан бастап жұмыс жасайды. Содан бері елімізде кәсіпкерлік саласының серпін алуына зор мүмкіндік беріп отыр. «Бизнестің жол картасы – 2025» мемлекеттік бағдарламасын іске асыру шеңберінде кәсіпкерлік несиелендіруді қолдау бойынша кәсіпорындарға 103,8 млрд теңгеге 2 641 жоба бойынша қаржылық қолдау көрсетілді. Оның ішінде биыл – 12,9 млрд теңге көлемінде 1 036 жоба қаржыландырылды. Ішінара кепілдік беру шарттары бойынша кәсіпкерлерде кепілдік қамтамасыз ету жетіспеген жағдайда «Даму» қорының кепілдігі есебінен қажетті жобалық сомаға дейін қосымша қаржыландыру қарастырылған. «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы шеңберінде субсидиялау бойынша 2,858 млрд теңгеге 29 жобаға қолдау көрсетілді. Сондай-ақ 1 млрд 230 млн теңгеге 12 жоба кепілдендірілді. Бағдарламаның басым бағыттары шеңберінде «кепілдік беру» және «субсидиялау» құралдары бойынша қолдау жүзеге асырылып келеді. Қаражатты шартты орналастыру бағдарламалары аясында жалпы сомасы 55,3 млрд теңге болатын 868 жоба қаржыландырылып отыр. Кәсіпкерлер жобасына «Даму» қоры арқылы қолдау көрсетілген компаниялар қатарына «Safia», «Абзал и К» маркалы ауыз су өндіру желісі, «Агрохимсервис С» ЖШС минералдық тыңайтқыштар өндіру, «Алменов» ЖК жартылай фабрикаттар өндіру жөніндегі компаниялар, «Білім шамшырағы» ЖШС «OrdaSchool» бастауыш сыныптарға арналған зияткерлік мектебі және «Несібелі» ЖК Eco Village сауықтыру кешені кірді. Қордың серіктес банктерін қаржыландыру есебінен кәсіпкерлер инвестициялық іс-шаралар өткізді. Оның ішінде жабдықтарды жаңарту және сатып алу жүргізілді. Алдағы уақытта да осы мақсатта жүйелі жұмыстар жүргізіле бермек, – дейді «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ аймақтық филиалы директорының орынбасары Айдос Жылқайдаров.

«Даму» кәсіпкерлікті дамыту қорының қолдауымен жаңа өндірісін қолға алған кәсіпорынның бірі – «Абзал және К» ЖШС компаниясы. Бұл компания қазақстандық күріш өнімдерін өндірушілердің үштігіне кіреді. 2011 жылы алғашқылардың бірі болып «Бизнестің жол картасы – 2025» мемлекеттік бағдарламасының қатысушысы болды. Компания өз қызметін күріш саудасынан бастады және күрішті өз егістіктерінде өңдеп, оны өз зауыттарында өңдеуге дейін дамытты. Компанияның басты құндылығы – сапалы өнім өндіру, өндіріс рентабельділігін арттыру және елдің ауыл шаруашылығы саласын дамыту.

– Біз күріш өндірісін ғана емес, бизнестің басқа да салаларын үнемі талдаймыз. Көпжылдық тәжірибе бізге нарық тенденцияларын болжауды үйретті. Осының арқасында біз өз тұтынушыларымызды қол жетімді бағамен сапалы өнімдермен қамтамасыз ете аламыз. 2017 жылдан бастап жаңа өндірісті іске қостық және мемлекеттік қолдаудың арқасында оны дамытудамыз. Ауыз су өндірісін қаржыландыруды «Бизнестің жол картасы – 2025» бағдарламасы бойынша «Қазақстан Халық Банкі» АҚ арқылы қолға алдық. Несиенің жылдық пайыздық мөлшерлемесі 14 процентті құрайды. Оның 7 процентін мемлекет субсидиялайды. Ол бізге үлкен көмек болып отыр. Қазір бізде екі өндірістік цех жұмыс істейді. Онда күніне 25-30 куб су шығарамыз. Өнім көлемі 0,5 пен 7 литр аралығында. Жұмыс барысына пайдаланылатын қажетті технологиялар өзіміздің отандық өнімдер. Әзірге ауыз сумен өзіміздің өңірді ғана қамтып отырмыз. Болашақта еліміздің барлық өңіріне нарыққа шығарамыз деген жоспарымыз бар, – дейді серіктестіктің ауыз су өндірісі бойынша атқарушы директоры Нариман Әбжанов.

Біз аялдаған келесі нысан – дарияның сол жағалауында орналасқан 700 балаға арналған «Orda School» мектебі. «Білім Шамшырағы» компаниясы білім беру саласында өз қызметін адал әрі ашық жүргізіп келе жатыр. Қалада мемлекет пен кәсіпкерліктің ынтымақтастығы аясында салынған 4 жекеменшік мектептің бірі – осы білім ордасы. Бұл жерде балаларға тереңдетілген білім беріліп, шығармашылық қабілеттері шыңдалады. Сонымен қатар 500 орындық Акт зал, 300 орындық асхана, спорт пен би залдары балалардың сабақтан тыс уақытта демалуларына арналған. Компания 2019 жылы мектеп құрылысын жүргізуде «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қорының қолдауымен «Банк ЦентрКредит» АҚ қаржыландыруы есебінен осындай заманауи білім үйін ашты.

– Ел ертеңі – білімді ұрпақтың қолында. Сондықтан біз ақылдаса келе осы қадамға барып, «Даму» қорының қолдауы негізінде жаңа келбетті білім үйіне қол жеткізіп отырмыз. 90 мұғалім тереңдетілген білім жүйесі негізінде дәріс береді. Қосымша әртүрлі үйірмелер жұмыс жасайды. Білім ұясының жанынан сол жағалау тұрғындарының балаларына арналып 500 орындық мектеп құрылысы басталды. Бұйырса, алдағы уақытта пайдалануға берілмек, – дейді «Orda School» мектебінің директоры Рауаш Әлиқызы.

Баспасөз турының келесі аялдамасы «Keremet–ET» сауда дүкені болды. Облыс тұрғындарынан бөлек Нұр-Сұлтан, Алматы, Ақтөбе, Қарағанды қалаларын өз өнімдерімен қамтамасыз етіп отырған «Keremet–ET» сауда маркалы дүкені 2014 жылдан бастап нарықта зор сұранысқа ие. Жеке кәсіпкер Айдос Үсенұлының басшылығымен «Keremet–ET» сауда дүкені жартылай фабрикаттардың (фарш, тұшпара, тефтельдер және котлеттер) ірі өндірушісі ретінде жұмыс істеуде.

– 2019 жылы «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қорының қолдауына бірнеше рет қатыстық. Нәтижесінде қордың «басым жобаларға кредит беру тетігі» бағдарламасы бойынша қаржылық қолдау көрсетіліп, цех салу жобасын қолға алдық. Ал ағымдағы жылы айналым қаражатын толықтыру үшін қаржыландыру кезінде «Бизнестің жол картасы – 2025» бағдарламасы бойынша субсидиялау және кепілдік беру құралдары арқылы жұмысымызды жандандырып отырмыз. «Keremet–ET» штатында 30 адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Облыс бойынша өнім өткізу қуаты аптасына 1000-нан астам тауар өткізу нүктелерін құрайды. Компания жабық қоймаларды, ең қуатты мұздатқыштарды пайдаланады. Жыл сайын дәстүрлі түрде жәрмеңкелерге шығып, халыққа төмендетілген бағамен ұсынып жатамыз. Алдағы уақытта кәсіп ауқымын кеңейту мақсатымыз бар, – дейді «Keremet–ET» сауда дүкенінің атқарушы директоры Ғазиза Тұрар.

Сырдария жағасында салынған «ECOVILLAGE» сауықтыру кешені «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры арқылы «Бизнестің жол картасы-2025» мемлекеттік бағдарламасы бойынша іске қосылды. Біздің табан тіреген келесі нысанымыз осы жер болды. 2020 жылы жеке кәсіпкер Дария Жанзакова өз учаскесінде демалыс ойын-сауық орталығына арналған құрылыс жұмыстарын бастаған болатын Қазіргі таңда сауықтыру кешені сұранысқа ие үлкен кәсіпкерлік нысанына айналып отыр.

– Кешенді ашқанымызға екі айға жуық уақыт болды. Кешенде массаж түрінен Тайланд елінен арнайы келген мамандар қызмет көрсетеді. Бұдан бөлек жанұяға арналған монша мен жазғы суға түсуге арналған бассейн жұмыс істейді. 30 шақты адам жұмыс жасайды. Кешенде 11 ағаш үй бар. Құрылысқа пайдаланылған ағаш құралдарын Ресейдің Алтай аумағынан алдырдық. Бассейн құрылысына Канада мен Испан елінің өнімдерін пайдаландық. Ашық құрылғысы арқылы жұмыс жасап жатырмыз, – дейді «ECOVILLAGE» сауықтыру кешенінің құрылтайшысы Жасұлан Сайранұлы.

Кәсіпкерлік елдің әлеуметтік-экономикалық қуатының артуына зор септігін тигізеді. Кәсіпкерлік кең өріс алғаны – соның айқын дәлелі.

Тұрар БЕКМЫРЗАЕВ

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: