Бейсенбі, 26 желтоқсан, 21:24

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№101 (2111)
24.12.2024
PDF мұрағаты

Мемлекеттік бағдарламалар жемісі

21.09.2021

651 0

Биыл ел тәуелсіздігінің 30 жылдығы қарсаңында «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасына 8 жыл толды. Жалпы тәуелсіздік алғалы ғана қалыптаса бастаған, қалыптасу жолында қиындықтарды егемендікпен бірге еңсерген саланың бірі – кәсіпкерлік.

Қазір Сыр елінде кәсіпкерлердің саны артып келеді. Биылғы 1 тамыздағы мәлімет бойынша облыста жұмыс істеп тұрған кәсіпкерлік субъектілерінің саны 50357-ге жетті. Ол былтырғы осы кезеңмен салыстырғанда 9,1%-ке артқан.

Қызылорда облысында шағын және орта кәсіпкерлік саласында 8 мыңға жуық жаңа жұмыс орны ашылды. Өңірде бір жыл ішінде шағын және орта кәсіпкерлік саласында 7 679 жаңа жұмыс орны ашылған. Өткен жылмен салыстырғанда өсім – 8,5%-ті құрап отыр.

– Мемлекет пандемия кезінде кәсіпкерлерге ауқымды қолдау көрсетіп, салықтан босатты. Аймақта 460 кәсіпкерлік субъектінің несие төлемі кейінге шегерілді. Экономиканың зардап шеккен салаларындағы 40 кәсіпкердің жоғары пайызбен алынған несиесі 6%-ке дейін субсидияланды. Айналым қаражатын жеңілдетіп беру жөніндегі несиелендіру бағдарламасы іске қосылды. Шектеу шаралары кезең-кезеңімен алынып, реттеліп жатыр, – деді Қызылорда облысы кәсіпкерлер палатасының директоры Ғалымбек Жақсылықов.

Өңірлік даму бағдарламасы қабылданады

2019 жылдан бастап іске аса бастаған «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасын орындау барысында облыста 10 млрд теңгені құрайтын 121 жоба іске қосылды. Осы жобалардың шеңберінде 589 жұмыс орны ашылды. Биыл «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы мен облыстық әкімдік «Atameken Qyzylorda» микроқаржы ұйымын құрды. Бұл қаржы ұйымы «Бастау Бизнес» жобасының түлектерін несиелендіреді.

Бұл мақсатта биыл 1 млрд теңге қаржы қарастырылған. Оған 238 жоба несиелендіріледі деп жоспарланып отыр. Сондай-ақ Президент Жолдауы негізінде Қызылорда облысында өңірлік даму бағдарламасы қабылданады.

«Еңбек» кімдерге көмектеспек?

«Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасының аясында қысқа мерзімді кәсіптік оқыту жүзеге асырылады. Ол жастарға, оқу орындарына түспей қалғандарға, жұмыс іздеушілерге, өмірлік қиын жағдайға тап болған жандар мен аз қамтылған отбасынан шыққан азаматтарға, 29 жасқа дейінгі жастарға, жұмыспен қамту орталығында тіркелгеніне немесе тіркелмегеніне қарамастан, жұмыссыз жүргендерге мамандық алып, өз бетінше өмір сүруге көмектеседі.

Бұл жұмыс берушілерге де тиімді. Заманауи бағдарламамен оқудан өткен маман өндіріске пайда алып келеді, оны қайта даярлаудың қажеті жоқ. Себебі теорияны оқу міндетті түрде тәжірибелік машықтарды үйренуді қарастырады. Бітірушілердің 60 проценттен астамы мамандығы бойынша жұмысқа орналасқан. Ал 1607 азамат осы бағдарлама аясында 200 АЕК мөлшерінде мемлекеттік грант иегері атанып, өз кәсіптерін ашты.

Бизнесті бастау үшін «Бастау Бизнес» керек пе?

Осы уақыт ішінде палата кеңесшілері кәсіпкерлікпен айналысқысы келген азаматтарға 60540 кеңес беріп, 13414 кәсіпкерге сервистік қызмет көрсеткен. 2015-2020 жылдары «Бизнес мектеп» компоненті аясында бизнестренерлер, кәсіпкерлер 7083 азаматты оқытты. «Бастау Бизнес» жобасы бойынша 5 жылда 11670 азамат дәріс алды. Олардың 6732-сінің жобалары әртүрлі көздер арқылы қаржыландырылды.

Мұнан өзге, 8 жылда кеңесшілер 1833 бизнес-жоспар әзірлеген. Аталған бизнес-жоспарлардың 3 млрд 450 млн теңгенің 690 жобасы қаржыландырылған. «Бизнестің жол картасы» бағдарламасы іске қосылған 2010 жылдан бері облыста құны 105 млрд теңге құрайтын 2699 жоба мемлекет тарапынан қолдау тапты. Биылдың өзінде 1094 жобаны қаржыландыру үшін 14,5 млрд теңге жеңілдетілген несие берілді.

«Қарапайым заттар экономикасы» қарапайым ба?

Бағдарламалардың бірегейі – 2019 жылдан бастап іске аса бастаған «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы. Ол өзінің тиімділігін көрсетті. Оны жүзеге асыру барысында облыста 10 млрд теңге құрайтын 121 жоба іске қосылды. Осы жобалардың шеңберінде 589 жұмыс орны ашылды.

Бұл бағдарлама биыл аяқталу керек еді. Енді міне Жолдауда атап айтылғандай, тағы бір жылға созылды. Қуантарлық жағдай, өйткені әлі де 9 млрд теңге тұратын 49 жоба қаралуда.

Палата арқылы 2015-2021 жылдары 7922 сертификат берілген. Оның 7219-ы – экспорттық, 692-сі – СТ-КЗ, 11-і – индустриалдық сертификат. Шет елдерге күріш, балық өнімдерін, мұнай, ванадий рудасын, кальций молибдатын, кварцтық құм, цемент экспортталуда. Өнімдерді Ресей, Беларусь, Өзбекстан, Украина, Тәжікстан, Әзірбайжан мен Қырғызстан, Монғолия, Қытай, Тайвань, Латвия мен Швейцария елдері алады.

Облыс кәсіпкерлері өзінің кәсіби ісінде қашанда алдыңғы саптан көрініп келеді. Республикалық «Алтын сапа», «Қазақстанның үздік тауары», «Парыз», «Ұлы дала елі» тағы да басқа конкурстарға қатысқан «РЗА», «Абзал және К», «Сыр маржаны», «Далатекс», «Мағжан және К», «Абай Дәулет» секілді серіктестіктер үздік деп танылды.

«Бірлік бар жерде береке бар» дейді халқымыз. Сыр елінің кәсіпкерлері алдағы кезеңдерде де ел игілігін арттырып, ерен еңбек үлгісін таныта береді деп сенеміз. Кәсіпкерлердің мүддесін қорғап, жұмыс сапасын арттыру бағытында кәсіпкерлер палатасының да пәрменді жұмыс істей бермегі кәміл, – дейді палата басшысы.

Ақтолқын НҰРЛЫБАЙ

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: