Бейсенбі, 26 желтоқсан, 11:16

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№101 (2111)
24.12.2024
PDF мұрағаты

Орақ түсті егінге

23.08.2022

1032 0

Алашқа ана атанған Сыр өңірі – еліміздің құт қонған өлкесінің бірі.  Ақ күріштен тау тұрғызатын Қызылорда Сыр маржанын өндіретін ынтымағы артқан, ырысы тасыған аймақ ретінде де жұртшылыққа белгілі. Төскейінде төрт түлігін түлеткен де осы жұрт. «Жер жомарт, жерге сенген ел жомарт, еңбек еткен ер жомарт» деген диқандар ел ризығын еселеу жолында қашанда табандылық танытып келеді. Сыр еңбеккерлері биыл да құралақан емес. Диқандар егінге орақ салды. Қызу еңбекті алғаш болып Сырдария ауданының шаруалары бастады. Орақ салу рәсіміне облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев, еліміздің Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев пен Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Серікқали Брекешов қатысты. Сондай-ақ даңқты күрішші, Еңбек Ері Абзал Ерәлиев, сала ардагерлері мен ауыл шаруашылығы құрылымдарының өкілдері егіншілер қуанышына ортақтасты.

Ел ырысы саналатын сары алтынды қамбаға жинауды «Ақжарма и К» фермерлік қожалығы бастады. Аймақ басшысы министрлермен бірге күріш алқабына барып, алғашқы орақ салу рәсімін өткізді. Нұрлыбек Нәлібаев Президенттің, Үкіметтің қолдауы негізінде биыл шаруалар былтырғыдай су тапшылығын көрмегенін тілге тиек етіп, диқандарға ақжарма тілегін арнады.

– Облыс халқының басым бөлігі ауылда тұрғандықтан біз қашанда егін егу мен жинау науқандарын аса жауапкершілікпен өткіземіз. Жыл басында күріш көлемін былтырғы 84 мыңнан 64 мың гектарға дейін түсіру жоспарланғанын жақсы білесіздер. Алайда ондай шешімнің аймақ халқы үшін зардаптарын болжай отырып, біз ол қадамға бармадық. Яғни күріш көлемін 78,6 мың гектар көлемінде сақтап қалдық. Орын алған қиындықтарға қарамастан суды тиімді пайдалану, егістікті кезектеп суару, қашыртқыдағы суды екінші рет пайдалану қолға алынды. Бұған қоса, әртараптандыру бағытында суды аз қажет ететін мал азығы, көкөніс, бақша дақылдарының көлемін арттыруға жұмыс жасалды, – деді облыс әкімі.

Мұнан кейін меймандар егін жинауға арналған ауыл шаруашылығы техникаларымен, облыста өндірілетін агроөнім түрлерімен танысып, сала мамандармен пікір алмасты. Ведомство басшылары өз кезегінде диқандардың ала жаздай еткен еңбегін жоғары бағалап, ел Үкіметі қысқа мерзім ішінде мемлекеттік бағдарламаларды одан әрі жандандыру міндетін қойғанын атап өтті.

– Қызылорда – күріштің астанасы. Саралап қарасақ, 6,8 мың гектар Алматы облысында бар, Түркістан облысында да аз емес, шамамен 1,5 мың гектар. Ал, негізі 78,6 мың егіс алқабының бәрі, яғни 90% дәл осы Сыр өңірінде. Ең өзекті мәселе, яғни дренажды жүйелерді жақсартуға жеткілікті мән берілсе өнімділік одан да арта түседі. Бұл аймақта күріш өндіру өте жақсы дамыған. Ішкі қажеттілікті де, экспортты да қамтып отырған осы шаруалардың зор еңбегін атап өту қажет, – деді ауыл шаруашылығы министрі.

Егіс алқабындағы мерейлі сәт «Дала күні» cеминар-кеңесімен жалғасты. Шет елдің ғалымдары мен білікті мамандары және отандық кәсіпкерлер өзара тәжірибе алмасып, тиімді байланыс орнату мәселесін сөз етті.

Алқалы басқосуда облыс әкімі Ербол Қарашөкеевке су тапшылығы жағдайында күріш шаруашылығын одан әрі дамыту үшін арнайы бағдарлама қабылдау қажет екенін және Ы.Жақаев атындағы Қазақ күріш шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының жұмысын жандандыруда бірлескен шаралар қабылдауды алға тартты. Ал, Серікқали Брекешовке аймақтың 178 мың гектар инженерлік жүйеге келтірілген егістіктен айрылып қалу қаупі бар екенін жеткізді. Сол  себептен суармалы жерлерді қалпына келтіру және айналымға қосу бойынша әзірленген жобалардың іске асуына ықпал етуді сұрады.

Биыл өңірдегі егіншілер тұқым сапасын арттыруда украиндық ғалымдармен бірге ауыл шаруашылығы дақылдары сорттарын тәжірибе ретінде егуді қолға алды. Бұл ретте Украина ауыл шаруашылығы ғылыми ұлттық академиясы күріш институтының директоры Владимир Дудченко әріптестік танытуға мүдделі. 

Нұрлыбек Нәлібаев суды аз қажет өнімдерге басымдық беру арқылы өнімділік мәселесін жолға қоюға болатынын жеткізді. Айталық, аймақта жүгері егу суды қажет етеді, егер оны экспорттасақ оның табысы күріштен де қомақты болады. Сондықтан сала мамандары жүгері өндіру ісіне ерекше мән бермек. Бұл – әртараптандырудың нақты мысалы болмақ. Сыр өңірінде су мәселесі проблемалық деңгейде болғаны рас. Дегенмен мемлекеттік қолдаудың нәтижесінде Қызылорда облысындағы су шаруашылығы жағдайы тұрақтанды.

          – Су тапшылығының алдын алу мақсатында биыл 22 каналды механикалық тазалау, 41 ұңғыманы жөндеу және бұрғылау, сорғы қондырғыларын сатып алу жұмыстарын жүргізуге Үкімет резервінен 3,6 млрд теңге бөлініп, тиісті жұмыстар атқарылуда. Қабылданған шаралардың арқасында жалпы биыл вегетациялық кезең шығынсыз аяқталуда, – деді Экология, геология және табиғи ресурстар министрі.  

Сыр еліне жұмыс сапары аясында Ауыл шаруашылығы мен Экология, геология және табиғи ресурстар министрлері облыс әкімімен бірге Ақжарма ауылының тыныс-тіршілігімен танысып, шаруа қожалығындағы күріш зауытының жұмысын көрді.

Ақжарма шаруа қожалығы өз қаражаты есебінен ауылды көркейту-көгалдандыруға, су жүйелерін жөндеу мен тазалауға, әлеуметтік дүкен мен монша құрылысын салуға, орталық стадионды жөндеуге және өзге де әлеуметтік бағыттарға 310,6 млн теңге бөлген. Сондай-ақ құны 122,6 млн теңге болатын күріш өңдеу зауыты мен астық сақтайтын қойма салған.

Мұнан кейін ведомоство басшылары Нағи Ілиясов ауылдық округіне барды.  2250 халқы бар Нағи Ілиясов ауылында «Нұрлы жол» және «Ауыл – ел бесігі» бағдарламалары аясында 126,3 млн теңгеге ауылдық округтің кіреберіс жолына күрделі жөндеу жүргізілсе, 39,7 млн теңгеге көпбалалы отбасыларға 3 тұрғын үй салынған. Сондай-ақ 525,9 млн теңге қаражатқа 11 көше қайта жаңғырды. Ауылдың гүлденуіне қомақты үлес қосқан «Абзал және К» ТС жеке қаражаты есебінен ауылды абаттандыру және тұрғындарды әлеуметтік қамсыздандыру бағыттарына 797,2 млн теңге қаржы бөлген. Айталық, 384 млн теңгеге спорт кешенін салып, 137 млн теңгеге ауылдық ғимарат жаңадан көтерді. Сондай-ақ, Ұлы Отан соғысында қаза тапқандарға арналған ескерткіш құрылысы жүргізілген.

Мұнан кейін министрлер Қызылорда қаласындағы су торабының қайта жаңарту жұмысымен танысты. Плотина қиыршық ыспа құм үстіне темір бетонды конструкциясы темір және ағаш шпунттарға орналастырған. Қайта жаңғырту жұмыстарына бюджеттен 1 млрд 260 млн теңге бөлінді. Жұмыстар толық орындалған жағдайда Қызылорда су торабынан төменгі ағысқа 1200 м³/с-тен 1900 м³/с-ке ұлғаятын болады.

Р/с Еңбектің ер атандыратынын жан-тәнімен түйсінген Сыр еңбеккерлері қашанда көш басында екені белгілі. Несібесін жерден терген диқандар еткен еңбектің еш кетпесін біледі. Қызылордадағы жұртшылық жұдырықтай жұмылғанда ғана жетістікке жететіндіктерін естен еш шығарған емес. Бұған қос министр куә болған тындырымды тірлікті дәлел етуге болады.

А.АҚЫЛБЕК

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: