Дүйсенбі, 23 желтоқсан, 21:12

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№100 (2110)
21.12.2024
PDF мұрағаты

Қайтарымсыз қаржы: кімдер, қалай алады?

22.04.2023

1428 0

Бүгінде елімізде кәсіп бастаймын деген жан үшін үлкен мүмкіндік бар. Түрлі мемлекеттік бағдарламалар аясында қайтарымсыз қаржы берілуде. Оған қоса жастарға жеңілдікпен несие берілетін болды. Тіпті бұл бағыттар бойынша жұмыстар басталып та кетті. Жалпы несие берудің бағыттары мен шарттарын көбі біле бермейді. Соған орай біз арнайы мамандардан пікір алып, мақала әзірлегенді жөн көрдік.

«Ауыл аманаты» пилоттық

жобасын білесіз бе?

Ең алдымен төменгі пайызбен берілетін несиеге тоқталсақ, бұл жоба бойынша жан-жақты түсіндірме жұмыстарын жүргізу басталды. Бұл – «Ауыл аманаты» пилоттық жобасы. Осы бағдарлама ауыл тұрғындарының әл-ауқатын жақсартуға, олардың табысын арттыруға бағытталған. Сондай-ақ жобаға қатысу ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіру ісін жаңадан бастағандар үшін жақсы қолдау болмақ. 

Жастар үшін осы бастама бағыттарымен түсіндіруді қала әкімінің орынбасары Дінмұхамед Ермеков қолға алды. 

– Бағдарламаны іске асыру үшін 2023 жылы Қызылорда облысына 3 млрд теңге бөлінді. Ал несиелерді беру маусым айынан бастау алады деп жоспарланған. Айта кету керек, бағдарлама аясында ауыл тұрғындары жеңілдетілген несие алып, техниканы лизингке ресімдей алады. Қарыз алу шарт­тары да өте тиімді, себебі ондағы пайыздық мөлшерлеме әлде­қайда төмен. Мәселен, несие немесе микронесие мерзімі – 5 жыл. Ал мал шаруашылығы және ауыл шаруашылығы коопе­ративтерін құру саласындағы жобалар бойынша 7 жылға дейінгі мерзімге 2,5% жеңілдетілген мөлшерлемемен шағын несие алуға мүмкіндік береді, – деді қала әкімнің орынбасары.

Пилоттық жоба аясында микрокредиттерді беру үшін сенім білдірген өкіл ретінде «Байқоңыр» ӘКК» ҰҚ» АҚ белгіленіп,  «Өңірлік инвестиция орталығы» МҚҰ бөлімшесі арқылы іске асырылады деп жоспарлануда. Мұндай несиенің халыққа пайдалы болары анық. Сондықтан да ауылда қандай да бір өндіріс ашып, оны дамыту үшін бұл – үлкен мүмкіндік.

Қаржыландыру бағыттары қалай?

Бұған бірнеше бағыт жатады. Біріншіден, өңдеу сала­сына қатысты жобаларды қаржыландыру. Оларға жылы­жайлар, сүт, ет өндірісі, құс және балық шаруашылығы кіреді. Екінші, өсімдік шаруашылығын дамыту, одан кейінгі бағыттар – ауыл шаруашылығы кооперативтерін жабдықтау, мал шаруашылығын дамыту және басқа бағыттағы бизнес жобалар.

Несие алушыға

қандай талаптар қойылады?

Бұл сұраққа да қала әкімінің орынбасары нақты жауап берді. Негізі бірнеше талаптан тұрады. Яғни несие алушының жеке кәсіпкер болып тіркелуі, басқа да несиелер бойынша мерзімі өткен жарнаның болмауы, мемлекеттік кірістер органдар алдында берешектің болмауы, несие алушының жасы зейнеткерлік жастан аспауы тиіс, несиені кепілмен қамтамасыз ету (кепіл мүлкі қалада орналасқан жағдайда 70%, ауылдық елді мекенде орналасқан жағдайда 50% бе­ріледі). Ауыл шаруашылығын жүргізу үшін қажетті жағ­дайлардың болуы (жер телімі, қора, тағы да басқалар). Ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативіне мүшелікке кіру және қаржыландырылған жоба аясындағы өндірілген өнімді ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативке өткізу.

Сонымен қатар сенім білдірілген өкіл микрокредит алуға үміткер ұсынған құжаттардың мазмұны мен мәліметтерін тексеру мерзімі барлық қажетті құжаттармен бірге өтініш тіркелген күннен бастап 3 жұмыс күнін құрайды. Құжаттар мен олардағы мәліметтер микрокредит беру шарттарына сәйкес келмеген жағдайда сенім білдірілген өкіл қайтару себептерін көрсете отырып, микрокредит алуға арналған құжаттар топтамасын қайтарады.

Құжаттар микрокредиттер беру талаптарына сәйкес келген жағдайда 15 жұмыс күні ішінде ұсынылған бизнес-жобаға бағалау жүргізеді және микрокредитті мақұлдау не беруден бас тарту туралы шешім қабылдайды. Мақұлданған жағдайда үміткер микрокредит беру туралы шартқа қол қояды, содан кейін микрокредитті оның ағымдағы шотына аударады.

«Бастау Бизнес» басталды

Мемлекет тарапынан әлеуметтік осал топтарға жататын атаулы әлеуметтік көмек алушылар, көпбалалы отбасылар, асыраушысынан айырылған, қоныс аударушылар мен қан­дас­тар, мүгедектігі бар адамдар мен мүгедектігі бар бала тәрбиелеп отырған отбасылар 400 АЕК-ке (1380000 тг) қайтарымсыз несиеге өтініш бере алады. Бүгінде несие беру жүйесі жүруде. Бұл жөнінде бізге облыстық кәсіпкерлер палатасының баспасөз хатшысы Балдырған Мәмен жауап берді.

– Бүгінде «Бастау Бизнес» жобасына қатысуға өтінім қабылдаудың бірінші легі аяқталды. Ол он күнге жалғасты. Жыл ішінде барлығы төрт лек өтеді. Грант мөлшері 400 АЕК-ке (1380000 теңге) тең. Әр қатысушы мұндай грантты бір рет қана ала алады. Айта кетейік, грантқа қатысты кез келген сұрақ бойынша ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі жанындағы өңірлік жұмыспен қамту орталықтарына жүгінуге болады, – деді Балдырған Мәмен.

Гранттар қандай мақсаттарға беріледі?

Негізі алушы өз кәсібін бастауға қажетті жабдық, еңбек құралдары, технологиялық жабдық, жануарлар, төрт түлік, құс, ағаш көшеті, бұталы өсімдіктер, тұқым, көшет сатып алу, жаңа бизнес идеяларды іске асыруға қажет орынжайды жалға алуға беріледі. Сондай-ақ гранттар несие төлеу, тұрғын жылжымайтын мүлікті сатып алу және салу, жер учаскелерін сатып алу, акциздік өнімдерді өндіру сынды тұтынушылық мақсаттарға берілмейді.

Өтінімді қалай береді?

– Ол үшін порталда тіркелу, грант алу шарттарына сәйкестікке тексеруден өту, бизнес-жоспар үлгісін жүктеп алу, оны толтырып, порталға қайта жүктеу, өтінім формасын толтырып, ЭЦҚ арқылы қол қою керек. Сонымен қатар «Бастау Бизнес» оқуына жазылу үшін business.enbek.kz пор­талында тіркеліп, оқу шарттарына сәйкестікті автомат тек­серуден және оқу шарттарына сәйкестіктен өтуі керек. Шарт­тарға сәйкес келген қатысушы skills.enbek.kz порталына өтіп, оқуға кірісе алады. Халықтың әлеуметтік осал топтарына жататын жаңа бизнес-идеяларды іске асыруға мемлекеттік грант алуға үміткерлерге жұмыссыз ретінде тіркелгендер, жеке кәсіпкерлер жатады. Тіркеу мерзімі 3 жылға дейін. Бұл ретте үміткер мына санаттардың біріне жатуы тиіс, олар – мүгедектігі бар азаматтар, «қандас» мәртебесі бар азаматтар, өңіраралық қоныс аударушылар, аз қамтылған отбасы мүшесі, көп­балалы отбасы мүшесі, мүгедектігі бар бала асырап отырған аза­маттар, асыраушысынан айырылу бойынша жәрдемақы алу­шылар. Үміткердің «Бастау Бизнес» жобасы бойынша кәсіп­керлік негіздерін оқығанын растайтын сертификаты болуы керек. Сертификаттың мерзімі 3 жылдан аспауы керек, – деп түсіндірді облыстық кәсіпкерлер палатасының баспасөз хатшысы.

Тігін тігуді дамытқым келеді

Жақында қайтарымсыз грант берудің бірінші легі өтті. Біз конкурсқа қатысып, грант иегері атанған қала тұрғыны, көпбалалы ана – Фариза Сатаеваны сөзге тарттық.

– Өзімнің мамандығым – модельер конструктор. Бірақ он екі жыл бойы бала күтімімен отырдым. Аллаға шүкір, бес баланың анасымын. Жастайымнан тігін тіккенді жақсы көремін. Осы кезде үйде тапсырыс қабылдап, тігін тігумен айналысамын. Алайда тігін машинкаларым ескі болатын.

Мемлекеттің қолдауымен осы жобаға қатысып, грант иегері атандым. Оған жаңа заманауи тігін машинкаларын сатып алдым. Жұмысым әлдеқайда жеңілденді. Себебі жаңа машинкалармен тіккен бір бөлек. Қазірдің өзінде ұлттық киімдерді, бесік жасауын тігіп жатырмын. Әзірге өзім ғана айналысудамын. Алдағы уақытта өз алдына шеберхана ашып, тігуге ынтасы бар жандарды жаныма алып, жұмыспен қамтығым келеді, – деді грант иегері.

Тілші түйіні

Жылдан-жылға осындай жобаларға қатысушылар саны артып келеді. Әрқайсысы кәсіп ашып, табыс көзін молайтып, әлеуметтік жағдайын жақсартуды көздейді. Бүгінде оған мемлекет тарапынан мүмкіндік мол. Тек сол мүмкіндікті тиімді пайдалана білсе, әрбір адам көздеген кәсібін ашып, жұмысын дөңгелете алады.

Айтпақшы, мақала соңында оқырмандар үшін керекті ақпаратпен бөліскіміз келіп отыр. Грант алуға өтінім қабылдаудың кезекті мерзімін білгілеріңіз келсе, 2-лек 15.05.2023 – 26.05.2023, 3-лек 10.07.2023 – 21.07.2023 4-лек 04.09.2023  – 15.09.2023 аралығында жалғасады. 

Ақтолқын НҰРЛЫБАЙҚЫЗЫ

Сурет: Егемен Қазақстан

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: