Жексенбі, 08 желтоқсан, 12:21

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№97-2107
07.12.2024
PDF мұрағаты

Әдемі жазу да өнер

15.03.2022

3181 0

Екі қызымның жазуы мені шаршатты. Дәптерлерін қарасаң ойқы-шойқы. Бірақ «5» деген баға қойылған. Сонда баға қоярда мұғалім көркем жазуына мән бермей ме екен? Тек менің қыздарым ба десем, басқа да оқушылардың дәптерлерінен жазуларының дұрыс емес екені аңғарылады.

Әдемі жазылған жазуды көрсек, «мынау кімнің жазуы?» деп таң қалатынымыз рас. Мектепте де өзге оқу-шыларды мақтағанда, мен де қалып қоймайын деп көркем етіп жазуға тырысатын едік. Бүгінгінің оқушыларында бәсеке жоқ па? Әлде әдемі жазудың қызығына түспей жүр ме?

Көркем жазу – оқушының мектеп табалдырығын аттаған алғашқы күнінен басталады. Оны меңгерудің әр бала үшін маңызы өте зор. Ол –мәдениеттің белгісі әрі сол жазуды оқитын адамға көзқарасы. Оның негізгі мақсаты – дұрыс, анық және тез жазуды қалыптастыру.

Мектептегі оқыту үрдісі сауат ашудан басталады. Бұл – аса жауапты да күрделі жұмыс. Өткені сол кезде оқушыларға дыбысты әріппен таңбалай білуге үйретіп қоймайды. Сонымен бірге каллиграфиялық талапқа сай жазуға дағдылануы тиіс. Демек сауат ашудың міндеті – әріпті жаза білуге үйрету емес, оның әрбір элементін дұрыс есте сақтауға, дәптерге қалай болса солай жазбай, таза, анық жазуға машықтандыру. Осы талаптарды орындау негізінде оқушының көркем жазу дағдысы қалыптасады.

Тасбөгет кентіндегі Әбубәкір Тыныбаев атындағы №11 мектеп-лицейдің бастауыш сынып мұғалімі Ақмарал Батырбайқызының айтуынша, көркем жазу баланың әріпті қабылдап, тез меңгеруіне жақсы әсер етеді.

– Негізінен, әдемі, сұлу жазудың іргетасы 1, 2-сыныпта қаланады. Біз осы талапқа мән береміз. Бірақ қанша тексерсек те, балада әдемі жазуға ынта жоқ. Осы кезден жазуын жөндемесе одан кейін сол қалпында қалып қоюы мүмкін. Кейін ретке келтіру қиын болады. Оның қалыптасуына мұғалім ғана емес, оқушының жеке ерекшелігі де әсерін тигізеді. Ең алдымен баланың әдемі жазуға деген ынтасы болуы қажет. Ол үшін жаймен жазудан бастау талап етіледі. Асығыс жазу баланың каллиграфиясын бұзады. Сондай-ақ жазу процесінде оқушы дұрыс отыру, қаламсапты жөнді ұстауын қадағалап үйретеміз. Дегенмен оқушылар тез жазамын деп көркем жазуды ұмыт қалдырады. Сонымен қатар кей балада үйде қадағалау аз. Онлайн оқу да оқушыларға кері әсер етті. Жауапкершілік азайды, – дейді мұғалім.

«Әдемі жазу – өнер» дейді мамандар. Таза, анық, әдемі жазуды оқу да жеңіл. Әріп таңбасын әдемі, көркем етіп салуға жаттықтыру мақсатында жүргізілетін жұмыстардың оқушы бойында жақсы қасиеттің қалыптасуына ықпалы бар көрінеді. Мәселен, мектепке алғаш келгеннен бастап, баланың жазуына жете көңіл бөлу қажет. Олай болмаса көп жағдайда оның өз ісіне салдыр-салақ қарауына, жауапкершілікті сезінбеуіне әкеп соғады. Таза, әдемі жазуды талап ету оқушының әсемдікке құштарлығын оятып, мінез-құлқын тәрбиелеп, тыңғылықты болуына, ұқыптылыққа үйретеді.

Қорыта келе «Ғылым қалғып кетсе, қараңғылық бас көтереді» дегендей, заман талабына сай жаңа технологиялармен жұмыс жүргізу бала тәрбиесіне зор ықпал ететіні белгілі. Көркем жазу емлесі біз үшін, болашақ жастарымыз үшін ешқашан қалыс қалмау қажет.

Айтарымыз, көркем жазу – саналы ұрпақ тәрбиелеуде маңызды іс. Рас, бүгінде елдің көбі компьютерге үңілетін жағдайға жетті. Қолына қалам ұстауға құлқы жоқ. Оның зардабы көп. Жазуы ойқы-шойқы оқушылар көбейеді. Ойланамыз. Көркем жазу көзден таса қалып бара ма?

Сіздің балаңыз қалай жазып жүр құрметті ата-ана?

Айтолқын АЙТЖАНОВА

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: