Сенбі, 21 желтоқсан, 21:13

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№100 (2110)
21.12.2024
PDF мұрағаты

Қаржы министрлігі бизнесті тексеруге мораторийді алып тастау туралы өтінішін түсіндірді

05.09.2021

766 0

Қаржы вице-министрі Марат Сұлтанғазиев Қаржы министрлігі неге шағын бизнесті тексеруге мораторийді алып тастауды ұсынғанын түсіндірді. Оның айтуынша, кәсіпкерлердің жауапсыздығы Қазақстан нарығына заңсыз тауар әкелетін контрабандашылардың пайдасына тиді, – деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.

Вице-министр тексерістер тек кассалық аппараттар пайдаланылмайтын салада қажет екенін нақтылады. Қаржы министрлігі бизнеске салықты қайтаруды сұрамайды, тек 2022 жылдан бастап тексерулерге рұқсат берілсін дейді.

«Біздің маңызды міндеттеріміздің бірі – көлеңкелі экономиканы қысқарту. Ақпараттық жүйелер есебінен біз тауарды өндірушіден тұтынушыға дейін қадағалауға мүмкіндігіміз бар. Бұл жүйенің соңғы буыны – онлайн кассалық аппараттар. Олардың көмегімен салық қызметтері онлайн режимде айғақтарды көруге мүмкіндік алады, ал салық есептілігі кезінде біз кірісті декларацияларда көрсетілгендермен салыстыра аламыз.

Салық мәдениеті мен тәртібі жылдан жылға артып келеді. Бірақ тексерулерге мораторий енгізіліп, бизнес табыс салығынан босатылғаннан бері (2020 жылы. – Ескерту.), кассалық аппараттарды пайдаланатын кәсіпкерлер азайып барады. Сатылым бар, табыс жүріп жатыр, біз оны түрлі белгілер бойынша көріп отырмыз, тәуекелдерді басқару жүйесі бізде жұмыс істейді», – деді Сұлтанғазиев.

Оның айтуынша, кассалық аппараттары бар 560 мың микро және шағын бизнес субъектілерінің тек 280 мыңы ғана оны пайдаланады – бұл жартысы. 2021 жылы мұндай «жалтарушылар» саны 11 пайызға артты.

«Кейбір себептер ақталды. Қолма-қол ақшасыз есеп айырысу бойынша жұмыс істейтін бірқатар кәсіпкер бар. Оларға кассалық аппарат қажет емес. 17,5 мыңы маусымдық жұмысшылар – бұл шаруа қожалықтары мен басқалары. Шамамен 84,5 мың касса иесі ықтимал заңбұзушы саналады. Былтыр чек өткізіп бермеу мен кассалық чектердің берілмеуіне 19 мың шағым түскені кездейсоқ емес», – деді вице-министр.

Чек – тауар кепілі. Онымен сатып алушы сапасыз тауарларға шағым жібере алады, қажет болған жағдайда оны қайтара немесе ауыстыра алады.

«5,5 мың кәсіпкер күніне бір немесе екі чек өткізеді, орташа чек бағасы – 4500 теңге. 1,5 мың бизнесмен күн сайын 100 немесе 1000 теңге сияқты бірдей сомаға чек шығарады. Біз бұл айқын бұзушылықтарды көріп отырмыз, осындай бірнеше жағдайға әрекет етсек, жалпы мәдениет пен тәртіп бірден пайда болады. Мораторийді 1 миллион 256 мың субъект пайдаланды. Үш жылға 324 миллиард теңге жеңілдіктер ұсынылды. Олардан бір ғана нәрсе талап етілді – кассалық тәртіп пен салық мәдениетін сақтау», – деп түсіндірді Сұлтанғазиев.

Вице-министр «әрекет жасаймыз» дегені бірден айыппұл салуды білдірмейтінін айтты. Мұндай кәсіпкерлерге ескерту жіберіледі. Айыппұл тек талапты қайта бұзғаны үшін 15 АЕК – 43,7 мың теңге мөлшерінде тағайындалады.

Кассалық чектер және контрабанда

«2020 жылы жалған транзитке байланысты көптеген деректер болды. Олар Қырғызстаннан шығып, Ресейге немесе Ресейден үшінші елге барамыз дейді. Бірақ осында қалып, сауда жасайды. Мұндай өнім туралы ақпарат жоқ, қайдан шыққаны белгісіз, салық төленбейді. Көтерме саудадан бастап бөлшек саудаға дейін бұл өнімдер кассалық машиналарсыз сатылады. Осыдан әрине, адал импорттаушы мұндай өніммен баға бойынша бәсекелесе алмайды. Осындай тауарларды көлеңкеден шығару үшін бізге шағын бизнестің кассалық тәртібі қажет», – деді ол.

Еске салайық, 2019 жылдың желтоқсанында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев шағын кәсіпкерлік субъектілерін, соның ішінде микрокәсіпкерлік субъектілерді тексеру мен профилактикалық бақылау мен қадағалауға мораторий енгізу туралы жарлыққа қол қойған болатын. 

Ал 2 қыркүйекте үкімет отырысында қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев шағын бизнесті тексеруге рұқсатты қайтарып, мораторийді жоюды сұрады.

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: