Жексенбі, 13 сәуiр, 01:42

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№26,2139
12.04.2025
PDF мұрағаты

Қазалылық кәсіпкер: «Өңірлік орталық отбасылық кәсіпті дамытуға мүмкіндік берді»

11.04.2025

295 0

Қазалы ауданының тұрғыны Әбдібаев Арал негізгі мамандығымен қоса кәсіпті алып жүруге болатынын дәлелдеп жүрген жан.

Арал Ардагерұлының негізгі мамандығы математика пәнінің мұғалімі. Он жылдан бері Жалаңтөс ауылында ұстаздық қызметін атқарып жүр. Келіншегі Ақбота да педагогика саласында маманданған. Алайда мамандығы бойынша жұмыс табылмаған соң жұбайының бастамасымен отбасылық кәсіпті бастайды.

Әбдібаевтар отбасы алғашында 2018 жылы ауылында азық-түлік дүкенін ашады. Кәсіптің қыр-сырына қаныға жүріп, өнім шығарып көрмек болады.

«Жоғары оқу орнын Алматыдан бітірдім. Студенттік күндерде білім алумен қатар кондитерлік цехта жұмыс істеп, тәжірибе жинаған едім. Сол қабілетім кәдеге асты. Өнім шығару мәселесін талқылағанда тәтті торттар пісіруді қолға алдым», – дейді кәсіпкердің жары Ақбота Ақылжанқызы.

Торттары мен тоқаштары ауыл тұрғындарының көңілінен шығып, сұранысқа ие болады. Таратуда ауылмен шектеліп қалмай, аудан орталығындағы дүкендерге де ұсынады. Бұл ретте логистика жағынан ауылдарының аудан орталығына жақын орналасуы қолайлы жағдай туғызады. Осылайша Әбдібаевтар әулеті отбасылық кәсіпті жандандырып, 2021 жылы Әйтеке би кентінен жалға ғимарат алып, ұннан жасалған тәтті өнімдер шығаруға толықтай бет бұрады.

«Аудан орталығында кәсібіміз жақсы жүре бастады. Сұраныс артты. Өнім саны мен түрлерін көбейту үшін кәсіби құрал-жабдықтар қажет екеніне көзіміз жетті. Кәсіпкерлікті қолдауға арналған бағдарламалармен танысу барысында «Қызылорда» Өңірлік инвестициялық орталығы арқылы беріліп жатқан несиелердің талабы көңілімізден шықты. Өтініміміз жылдап қаралып, аз ғана уақыттың ішінде аз пайызбен 8,4 млн теңге несие алдық», – дейді кәсіпкер Арал Әбдібаев.

Жас кәсіпкер алған несиесіне тоңазытқыш, мұздатқыш, кондитерлік өнімдерді әзірлеу арналған құралдар мен витриналар алған. Кәсіпкер өндірістік мақсатта алынған қаржы жұмыс қарқынын арттырғанын айтады. Бұрын тәулігіне 20 торт әзірленсе, бүгінде кемі 40 торт жасайтындарын жеткізді. Нәтижесінде жаңадан жұмыс орнын ашып, 2 адамды жұмыспен қамтып отыр.

«Бүгінде кондитерлік цехымызда 8 адам жұмыс істеп жатыр. Алдағы уақытта шығаратын өнімдердің түрлерін арттырып, кәсіптің ауқымын кеңейтуді жоспарлап отырмын», – дейді жас кәсіпкер.

Арал Әбдібаев отбасылық кәсіпті жолға қоюға мүмкіндік берген мемлекеттік бағдарламаға, оны жүйелі жүргідіп отырған «Қызылорда» Өңірлік орталығына алғысын білдіруді де ұмытпады.

«Қызылорда» Өңірлік инвестициялық орталығының
баспасөз қызметі

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: