Қазалылық Нұрбек Қазбергеновті сырбойылықтар «Қазалы кәмпитін» шығаратын кәсіпкер ретінде көптен таниды. Бизнеске ерте араласқан, осы салада 15 жылға жуық тәжірибесі бар азамат.
«Қазалы кәмпитінің» шығу тарихы, кешегі мен бүгіні туралы жиі айтылып, жазылып та жүр. Бүгін біз қазалылық кәсіпкердің жаңа бастамасы жайлы сөз қозғамақпыз.
Халықтың тәттіге деген сұранысын ескере келе Нұрбек Қазбергенов қантты тұтынушыларға әрлеп, заман талабына сай қылып беру жағын ойластырады.
«Қантты күнделікті тұрмыста жиі қолданатынын жақсы білесіздер. Алайда жолда алып жүруге немесе той, өзге де шараларда қолдануға келгенде халық рафинадталған қантты пайдаланады. Осы жағын ескере келе құмшекерді рафинадтап қана қоймай, оны әдемілеп қаптап ұсыну идеясын жүзеге асырғым келді», – дейді кәсіпкер.
Бұл жобаны жүзеге асыру үшін арнайы құрал-жабдық керек. Ол жабдықтарды елімізден таппай, кәсіпкер шет елдерден іздестіреді. Бірін Ресейден, енді бірін Қытайдан табады. Қажет қаржыны қарастырғанда кәсіпкерлік саласындағы мемлекеттік бағдарламаға жүгінуді жөн санайды.
«Жобаны жүзеге асыру үшін мемлекеттік қолдау тетіктерін зерттедім. Қандай бағдарламамен қаржыландыруға болатынына талдау жасадым. Облыстық бюджеттен аймақтың кәсіпкерлік саласын қолдауға қаржы бөлінген екен. Оны жүзеге асырып жатқан «Қызылорда» Өңірлік орталығына барып өтініш бердім», – дейді Нұрбек Қазбергенов.
Өңірлік орталық мамандары кәсіпкердің өтінішін қысқа мерзімде қарап, жеңілдікпен 18,5 млн теңге несие береді. Кәсіпкер аз ғана уақыт аралығында қажет құрал-жабдықтарын шет елдерден алдырып, бүгінде жұмысын бастап кетті.
«Бұл жоба аясында 3 адам жұмыс істеп жатыр. Арнайы қаптамамен дайындалған өніміміз «Айару» атауымен нарыққа шықты. Тапсырыс өңіріміздің аудандарынан түсуде. Әзірге күніне 100 кг-ға дейін өнім шығарып жатырмыз. Енді бастап жатырмыз ғой. Сол үшін алдағы уақытта сұраныс бұдан да жоғары болады деп үміттенемін», – дейді қазалылық кәсіпкер.
«Қызылорда» Өңірлік инвестициялық орталығының
баспасөз қызметі
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!