Пандемия кезінде өңірдегі 54 мыңға жуық кәсіпкер салықтық жеңілдіктерін алып, 8,5 мыңнан астамы міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру төлемдерінен босатылды. Бұл туралы Қызылорда облысының әкімі Гүлшара Әбдіқалықова халық алдындағы есеп беру кездесуінде айтты.
«Тоғыз мың сауда алаңы, яғни 147 ірі сауда нысандары шамамен
700 млн теңге арендалық ақыдан, 194 кәсіпкер мемлекеттік меншікті жалдау құнынан, яғни 60 млн теңгеден босатылды. Сегіз мыңға жуық кәсіпкердің 11 млрд теңгеден астам несие қарызы кейінге шегерілді», – дейді облыс әкімі.
Кәсіпкерлік саласындағы бағдарламалар аясында өткен жылы бизнесті қолдауға банктермен 20 млрд теңгеден астам қаражат бағытталды.
«Қызылорда» өңірлік инвестициялық орталығымен несиелендірудің қолжетімді шарттары арқылы ауыл кәсіпкерлерінің стартап жобаларына облыстық бюджеттен 2 млрд теңге қаржы бөлінді», – дейді Гүлшара Әбдіқалықова.
Нәтижесінде жұмыс істеп тұрған шағын және орта бизнес субъектілерінің саны 5 пайызға, республика бойынша 2%-ға артып, жұмыспен қамтылғандар саны 96 мың адамды (2019 жылы – 91,4 мың адам) құрады. Бұл көрсеткіш өткен жылы 91,4 мың адамды құраған болатын.
«Осы атқарылған жұмыстардың қорытындысымен облыста жалпы өңірлік өнімнің үлесі 18 пайызға ұлғаяды», дейді аймақ басшысы.
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!