Қызылордалық кәсіпкер Арқашбаева Ботагөз асыл тұқымды ешкі өсіру жобасын жолға қойып, бүгінде сұранысқа ие табиғи өнімдер шығаруда.
Ботагөз кәсіби биші. Мамандығы бойынша Шиелі ауданы Ыбырай Жақаев ауылындағы балабақшада музыка жетекшісі болып жұмыс істейді. Жеке кәсіпті қолға алғанына 7 жылдан асты.
«Халқымызда «Әке көрген – оқ жонар, ана көрген – тон пішер» деген жақсы мақал бар ғой. Кәсіпке келуіме анамның көрсеткен үлгісі себепші болды. Анам ешкі өсіргенді ұнатады. Сол қызығушылығын кәсіпке айналдырса қалай болар екен деп ойлана келе осы істі қолға алдым. Оның үстіне өзге үй жануарларына қарағанда ешкіге азық аздау кетеді», – дейді Ботагөз Арқашбаева.

Алғашында ол кәсібін жергілікті 10 ешкімен бастаған. Кейін саланы зерттей келе сүт бағытын таңдап, асылдандыруға көшеді.
«Кәсіпті қолға алған жеті жылдың үш жылын асылдандыруға арнадым. Мал басын 100-ге жеткіздім. Нәтижесінде өнімділік артты. Әр ешкі күніне 3-6 литрден сүт береді. Нарыққа ешкі сүтін, айранын, майы мен құртын шығарып жатырмын. Халықтың табиғи өнімге басымдық беріп жатқаны қуантады. Негізі өнімдер тез өтіп кетеді. Шиелінің өзінен артылмайды. Дегенмен Алматы, Шымкент, Қызылорда қалаларына да жіберілуде. Ол жақта да тұрақты тұтынушылар қалыптасты», – дейді кәсіпкер.
Сұраныстың көбеюі кәсіпкерден өнім көлемін арттыруды талап етуде. Сонымен бірге, Ботагөз алдағы уақытта өнімдерін сауда сөрелеріне шығаруды да көздеп отыр. Кәсібін кеңейту мақсатында шағын цех ашып, құрал-жабдықтар алу үшін кәсіп иесі жеңілдетілген несие алмақ болады.
«Қызылорда» Өңірлік инвестициялық орталығы арқылы 6 пайызбен кәсіпке несие алуға болатынын былтыр аудандық кәсіпкерлік бөліміндегі мамандардан естідім. Құжаттарымды жылдам жинап, тапсырып, көп уақыт өтпей-ақ 17,5 млн теңге несие алдым. Бұл қаржыға қазір шағын ғимарат салып жатырмын. Сондай-ақ, сүт сауатын, май шайқайтын аппараттар, лоток, вакумдеу құралдарын алып қойдым», – дейді Ботакөз Арқашбаева.

Кәсіпкер құрылыс жұмыстары біткен соң осы жабдықтар арқылы өнім көлемін арттыруды жоспарлап отыр. Шағын цех өнімін сертификаттауға мүмкіндік береді. Осыдан кейін дайын тауарды сауда орындарына шығаруға мүмкіндік алады. Ботагөздің шағын кәсібінде әзірге 3 адам тұрақты жұмыс істейді. Алдағы уақытта жұмысшылар санын арттырмақ.
Ерекше атап өткен жөн, жақында Қызылорда қаласының сол жағалауынан шағын өндірістік аймақ іске қосылады. Бұл аумаққа азық-түлік өнімдерін шығаратын кәсіпкерлер орналасуда. Оларға кәсібіне қажет құрал-жабдықтар алу үшін «Қызылорда» Өңірлік инвестициялық орталығы арқылы 3 пайызбен жеңілдетілген несие берілуде.
«Қызылорда» Өңірлік инвестициялық орталығының
баспасөз қызметі
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!