Қызылордада қоғамдық тамақтану саласында қызмет көрсететін кәсіпкерлер «Ashyq» жобасына қолдау білдіріп, челлендж жариялады. Бұл туралы Қызылорда облысы кәсіпкерлер палатасының сарапшысы Малика Тютебаева хабарлады.
«Ұсыныс кәсіпкерлердің өзінен түсті. Сала кәсіпкерлерінің арнайы чатында «Миран» кафесінің өкілі «Қымбатты кафе қонақтары, біздің және Сіздердің қауіпсіздіктеріңіз үшін «Ashyq» жобасын қолдаймыз» деген бейнематериалды жолдады. Бұл бастаманы өзге де қоғамдық тамақтану орнының иелері қолдап, өздерінің ғимараттарында түсірілген материалдарды жолдап шықты. Соңында түсіндірме бейне жазып, шағын ролик әзірледім», – дейді Қызылорда облысы кәсіпкерлер палатасының сарапшысы Малика Тютебаева.
Бүгінгі күнге Қызылорда қаласынан 59 қоғамдық тамақтану саласындағы нысан QR код алып, «Ashyq» жобасы аясында жұмыс жасауда. Толық тізімді сілтеме арқылы көре аласыздар.
Кәсіпкерлер жобаның тиімділігін облыс «қызыл» аймақта болған уақытта айқын сезінді. Карантиндік шектеулерге сай өзге нысандар 20.00-ге дейін жұмыс жасаған болса, «Ashyq»-қа қосылған кәсіпкерлік нысандары түнгі сағат 02.00-ге дейін жұмыс жасау мүмкіндігіне ие болды.
Ал жалпы облыс бойынша 87 кәсіпкерлік нысан QR код алды. Олардың 59-ы қоғамдық тамақтану саласы болса, қалғандары кинотеатр, сауна, боулинг, спа, фитнес орталықтары, бассейн, мәдениет нысандары және т.б. «Ashyq» жобасына қосылған нысандардың 81-і Қызылорда қаласында, 3-еуі Шиелі, 2-еуі Қазалы, 1-еуі Арал ауданында орналасқан.
Облыстық санитариялық-эпидемиологиялық департаментінің ұсынған ақпараты бойынша «Ashyq» жобасы арқылы облыста 16 факт тіркелді. Олардың 5-еуі «қызыл», 11-і «сары» статустағы азаматтар.
Айта кету керек, «Ashyq» – қоғамдық орындарда келушілерді тіркеу қосымшасы. Қоғамдық орынға кіреберісте пайдаланушы арнайы qr-кодты сканерлеп, оны әкімшіге көрсетеді. Код келушінің статусын анықтайды. Келушілерге статус ПТР-зерттеулерінің бірыңғай интеграциялық порталы және ҚР Денсаулық сақтау министрлігі жанындағы covid-19-ті бақылау орталығы ақпараттық жүйелерін салыстыру негізінде тағайындалады.
«Қызыл» түс егер адам ПТР-тестін тапсырып, оң нәтиже шықса беріледі. Осы статустың иесіне үйде оқшаулану режимін қатаң ұстану керек.
«Сары» түс науқас адаммен байланыста болған адамдарға беріледі. Оларға азық-түлік немесе үй жанындағы дәріханаға баруға рұқсат етіледі, бірақ басқа нысандарға баруға тыйым салынады.
«Көк» түс ПТР-тестілеу тапсыру міндетті орындардан (мысалы, әуежай) басқа барлық жерге бару рұқсат.
«Жасыл» түс – жүріп-тұруға толығымен рұқсат беріледі.
Qr-код бизнес субъектілеріне ғана беріледі. Ол субъект атауы, оның орналасқан жері және басқа да сәйкестендіру деректерін көрсетумен электронды идентификаторды білдіреді. 1 нысанға кіреберісте және шыға берісте ең кемі 2 qr-код беріледі. Егер нысанда бірнеше кіріп-шығу жолы болса, онда әр кіреберіске жеке qr-код беріледі.
Қызылорда облысы кәсіпкерлер палатасының баспасөз қызметі
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!