Қызылорда облысы Сырдария ауданына қарасты Бесарық ауылында былтыр шағын өндіріс орталығы ашылды. Аумағы 1 мың шаршы шақырымды құрайды. Бүгінде орталықта оннан астам кәсіпкер кәсібін жүргізуде. Орталықта кәсібін ашқан ауыл тұрғындарының бірі Сәрсенкүл Аралбаева екі жылдан бері шұлық шығарып, оны пайдалы кәсіп түріне айналдыруға бар күшін салуда.
Көпбалалы ана 2012 жылдан бері кәсіпкерлікпен айналысады. Сауда-саттық саласындағы тәжірибесі он жылдан асады. Уақыт өте кәсіптің жаңа бағытын игеруді ойластырады.
«Біз отбасымызбен Қызылорда қаласының жанындағы Махамбет ауылында тұрамыз. Жолдасым, бала-шағаммен ойласа келе өндірістік бағытта бақ сынап көрмек болып, шұлық шығаруды қолға алдық. Алғашында 2 станокпен күніне 250 дана шұлық шығарып жүрдік. Бағасы нарықтағы құннан төмен, әрі өніміміз сапалы болған соң сұраныс арта түсті. Кәсібімізді кеңейту үшін қосымша қаржы іздеп, «Қызылорда» Өңірлік орталығына келдік. Орталық кәсібіміздің әлеуетін көріп, қолдап, 6 пайызбен 15 млн теңге несие берді», – дейді қызылордалық кәсіпкер.
Бұл қаржыға қосымша құрал-жабдықтар алады. Нәтижесінде өнім өндіру көлемі 4-5 есеге дейін артқан. Бүгінде кәсіпкер тәулігіне 1000-1200 данаға дейін шұлық шығарып жатыр. 6 адамды жұмыспен қамтыған.
Тұтынушылардың басым бөлігі облыс тұрғындары екен. Қазір тауарды маркетплейстер арқылы сатуды жолға қою шараларын қолға алған. Кәсіпкердің сөзінше, өзге өңірлерден түсетін тапсырыстар легі күн сайын артып жатыр.

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!