Сырдария ауданы экономикасы жағынан өңірдегі аудандардың көшін бастап тұрған өңірдің бірі. Биыл да ауданның барлық саласында оң динамика қалыптасқан. Мәселен, өнеркәсіп өндірісі 51,5 пайызға артса, негізгі капиталға тартылған инвестициядағы өсім 66,5 пайызды құрап отыр. Сондай-ақ, аудандағы құрылыс жұмыстарының көлемі де 65,7 пайызға ұлғайған. Бүгін Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпарат алаңында Сырдария ауданының әкімі Берік Сәрменбаев жыл басынан бері атқарылған жұмыстарды баяндады.
– Өздеріңізге белгілі, Сырдария ауданы – аграрлы аймақ болып есептеледі. Соған сәйкес биыл ауыл шаруашылығы саласындағы өнім 2,5 пайызға артты. Ауданда 34 263 гектар жерге ауыл шаруашылығы дақылдарын орналастырдық. Оның ішіндегі күріштің көлемі 21 852 гектар болды. Суды үнемдеу және тиімді пайдалану мақсатында ауданда 13 шаруашылық құрылымы 31 дана заманауи лазерлік жер тегістегіш техникасымен 3 340 гектар жерге тегістеу жұмыстары жүргізілді. Ал, жаңбырлатып суару әдісімен 40 гектар жерге егілсе, 10 гектарға жүгері, 50 гектарға бақша дақылдарын орналастырдық. Қазіргі таңда егілген 2 368 гектар бидайдың 1 000 гектарынан 500 тонна өнім жинадық. Сонымен қатар, Мемлекет басшысының бастамасымен халықтың табысын арттыру бағытында құрылған «Ауыл аманаты» жобасына біздің ауданның тұрғындары да белсенді қатысуда. Өткен жылы 193 жоба ұсынылса, биыл 444 жоба жинақталды. Мемлекеттік және өңірлік бағдарламалар аясында 249 жобаға қаржылай қолдау көрсетілетін болады. Одан бөлек, жаңадан ашылған кәсіпкерлік нысандардың қатарында Бесарық ауылында ашылған «Сыр құсы» ет өңдеу цехы, Айдарлы ауылында ашылған жүннен жасалған бұйымдар өндіру цехы және Қоғалыкөл ауылында ашылған жөндеу орталықтары мен Қалжан Ахунда ашылған пескоблок өндірі, жылыжай, көлік жуу кәсіптері бар,- деді Берік Әбдіғаппарұлы.
Қызылорда облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!