Жалағаштық Каиповтар отбасын халық 10 жылдан астам уақыттан бері қызмет көрсету саласында маманданған кәсіпкерлер ретінде таниды.
Алғашында мейрамхана ашып бастаған олар уақыт өте келе қоғамдық тамақтану ісімен айналысады. Ауданда балаларға арналған ойын орталықтарына сұраныстың артып келе жатқанын дер кезінде аңғарып, 2023 жылы сауда және ойын орталығын сала бастайды. Бұл кәсіптің басы-қасында жүрген Еркебұлан Каипов. Оның негізгі мамандығы байланысшы. Осы салада бірнеше жыл Қызылорда, Алматы қалаларында жұмыс жасайды. Ол кәсіпкерлік саласында бағын сынап көрмек болып, отбасылық кәсіпті жалғастыруды қолға алады.
«Кәсіппен айналысу бір жағынан үлкен тәуекелді талап етеді. Салған инвестицияң, уақытың қайту-қайтпауы белгісіз. Екінші жағынан еркіндік береді», – дейді Еркебұлан Уәлиханұлы.
Ол 2023 жылы балалар ойын-сауық орталығын салып бастаған сәтте тек бір бағытпен шектеліп қалмай, сауда орталығын қосып, кешен тұрғызуды мақсат етеді. Алғашында құрылыс жұмыстарын өз қаржысымен бастайды. Көздеген мақсатын жүзеге асыруға қаржы жетпейтінін анықтап, мемлекеттік қолдау тетіктерін зерттей бастайды.
«Салаға қандай қолдау бар екенін білмекке аудандық кәсіпкерлік бөліміне бардым. Мамандар қолданыстағы мемлекеттік бағдарламалармен таныстырды. Арасында «Қызылорда» Өңірлік инвестициялық орталығы беретін жеңілдетілген несиенің талаптары көңілімнен шықты», – дейді жалағаштық кәсіпкер.

Осылайша ол 2023 жылы Өңірлік орталық арқылы сауда және балалар ойын-сауық орталығының құрылыс-монтаж жұмыстарына 50 млн теңге несие алады. Бұл қаржы кәсіпкерге бастаған ісін дер кезінде аяқтауға мүмкіндік береді. Нәтижесінде былтыр Жалағаш кентінде «Ботақан» сауда және ойын-сауық орталығы қызметін бастайды.
«Кешен 1500 шаршы метр көлемді құрайтын 3 қабаттан тұрады. Бұл кешенде өзге кәсіпкерлердің де жұмыс істеуіне жағдай жасалды. Қазір 6 кәсіпкер осы ғимаратта орын жалға алып, кәсібін дөңгелетіп отыр», – дейді Еркебұлан Каипов.
Қазір бұл кешенде балалар ойнайтын жерден өзге логопед, гидромассаж қызметтері халыққа ұсынылып, ер азаматтар мен балалар киімі сатылуда. Еркебұлан Уәлиханұлы өзге де қызмет немесе тауар түрлерін ұсынатын кәсіпкерлерге орын тауып беретін мүмкіндігі бар екенін жеткізді.
Жалағаштық кәсіпкер 6 кәсіпкерді ғимаратпен қамтамасыз етіп қана қоймай, 3 адамға тұрақты жұмыс ұсынып отыр.
Айта кету керек, «Қызылорда» Өңірлік инвестициялық орталығы өңдеу өнеркәсібі саласындағы жобаларды қаржыландыруға да басымдық береді. Ол үшін 1 млрд теңге қаралған. Осы және өзге де бағдарламалар жайлы сұрақтарыңыз туындаған жағдайда Орталыққа хабарласа аласыздар. Байланыс телефоны: 8 /7242/ 40-03-60, 40-02-37.
«Қызылорда» Өңірлік инвестициялық орталығының
баспасөз қызметі
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!