Жұма, 27 желтоқсан, 13:41

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№101 (2111)
24.12.2024
PDF мұрағаты

Жер мәселесі шешім тапты

10.12.2021

936 0

90-шы жылдары кәсіп бастап, отызға жуық адамды тұрақты жұмыспен қамтыған Сәуле Нұрғалиева бүгінде жалдамалы жұмыс істеуге мәжбүр.

Қызылордалық кәсіпкердің басынан өткен оқиғасын тыңдаған жан өзін «кинода» жүргендей сезінері анық.

Сәуле Нұрғалиева кәсіпке жас кезінен араласады. 1996 жылы сауда-саттықпен айналыса бастайды. Базардан бірнеше бөлімше ашып, 12 адамды жұмыспен қамтыған.

Кейін кәсібін әртараптандыруды ойластырып, 2000 жылы Қызылорда қаласынан қоғамдық тамақтану орнын ашады. 15 адам жұмыс істейтін дәмхана 2009 жылға дейін халыққа қалтқысыз қызмет көрсетіп келді. Алайда оның орналасқан орнында әлеуметтік нысан салынатын болып, кәсіпкер ғимаратын амалсыздан бұздырады.

Оның орнына кәсіпкерге берілген өзге жер телімі де газ құбырын жүргізуге қажет болып, мемлекет меншігіне қайтарылады. Осылайша Сәуле тек 2014 жылы кәсібін қайта жандандыруға жер алады.

«Жерді алғаннан кейін құжаттарын заңдастырып, құрылыс жұмыстарын жүргіземін деп жүргенде күйеуім қатерлі ісік ауруына шалдығып қалды. Бар ақшаны жолдасымды емдетуге жұмсадық. 2017 жылы күйеуіме операция жасаттық. Әлі де ем алып жүр. 4 балам бар. Олардың барлығы жас. Сонымен заңдастыра алмай қалдым», – дейді кәсіпкер.

Дегенмен уәкілетті органдар жер телімі игерілмей жатқанын негізге алып, сотқа береді. Амалы қалмаған қызылордалық Кәсіпкерлер палатасынан көмек сұрады.

«Сәуле Нұрғалиеваның ерік-жігеріне тәнтіміз. Басынан небір қиындықтар өтті. Мұқалмай, бастаған ісін жалғастырып жатыр. Өткен жылы Covid-пен ауырып, емделіп шыққан ол биыл жыл басынан құрылыс жұмыстарын бастап кетіпті. Бүгінде ғимараттың іргетасы қаланып, қабырғалары көтерілген. Рұқсат құжаттары мен құрылысқа кәсіпкер 4,5 млн теңге жұмсап отыр. Дәлелдейтін құжаттар қолымызда тұр. Сотта осы дәлелдің барлығын келтіріп, кәсіпкердің құқығын қорғадық», – дейді Қызылорда облысы кәсіпкерлер палатасының директоры Ғалымбек Жақсылықов.

Облыстық мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының судьясы Ғалымжан Бекмамбетов палата заңгерлерінің ұсынған дәйектерін, кәсіпкердің кәмелетке толмаған 3 баласы барын ескеріп, адалдық пен парасаттылық принципін басшылыққа ала отырып, сотқа берген мемлекеттік органның талап арызын қанағаттандырмады.

Кәсіпкер құрылыс жұмыстарын 2022 жылы аяқтап, ұлттық нақыштағы қоғамдық тамақтану орнын ашуды жоспарлап отыр.

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: