Қызылорда қаласының тұрғыны, жеке кәсіпкер Баекова Ляззат Серікбайқызы печенье өндірісімен айналысып келеді. 2021 жылы үй жағдайында, бір бөлмені шағын цех ретінде пайдаланып, тәтті өнімдер шығаруды бастаған кәсіпкер, уақыт өте келе өнім түрлерін көбейтіп, кәсібін кеңейтті.
2024 жылы Ляззат Серікбайқызы «Қызылорда» өңірлік инвестициялық орталығы арқылы 6%-бен 30 млн. теңге көлемінде жеңілдетілген несие қаражатын алып, толыққанды кондитерлік цех ашты. Бұл жаңашыл қадам кәсіпкерге өндіріс көлемін арттырып, жаңа жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік берді.
Бүгінде цехта 2 адам тұрақты түрде жұмыспен қамтылған. Кәсіпкер қазіргі таңда 30-дан аса түрлі кондитерлік өнім шығарады. Олардың қатарында түрлі дәмдегі печеньелер, вафли, торттар және басқа да тәтті тағамдар бар. Өнімдер Қызылорда қаласы мен аудан көлеміндегі дүкендерге жеткізіліп, тұтынушылар арасында үлкен сұранысқа ие болуда.

«Кәсібімді кеңейтуге қаржы беріп, мүмкіндік жасағаны үшін Қызылорда өңірлік инвестициялық орталығына алғысымды білдіремін. Бұл – кәсіпкерлер үшін үлкен қолдау», – дейді кәсіпкер.
Ляззат Серікбайқызының бұл бастамасы – аймақтағы шағын және орта бизнесті дамытудың жарқын үлгісі. Ол өзінің табандылығы мен еңбегінің арқасында өңірдегі әйел кәсіпкерлерге шабыт беріп, жергілікті экономиканың дамуына үлес қосып отыр.
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!