Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары дегенде сол кездегі елдегі жағдай еріксіз көз алдыңа келе қалады. Тәуелсіздік жылдарындағы естен кетпес естеліктің бірі – әрбір отбасының теңгені қолға ұстауы. «Ақша ауысты, өзіміздің төл теңгеміз болады» деген хабар ауылда желден де жылдам тарады. Теңгені көргенше асықтық. Ол кезде жас келінмін. Біз үшін ақшаның құны емес, теңгенің дизайны қызықтырды. Дастархан басына үлкен-кіші жағалай отырып, әрбір теңгені қызықтап жатырмыз. Мынау Сүйінбай екен, Абылайды қара, Абай да бар екен. Қазақтың батыр-билерін оқулықтан көрмеген біз үшін бәрі қызық. Бір керемет қазынаға тап болғандай әрқайсысын бір ұстап, теңгемен емес, тұлғалармен танысу басталғандай. Тек Ұлы Отан соғысының ардагері атам ғана ойланып қалды. «Тиынның қағаз ақша болып шыққаны қалай болар екен. Болашағы жарқын болсын, ел экономикасына әсері оң болса екен» деді жай ғана. Пошташының келуін күтіп газетті жібермей оқитын, теледидар, радиодағы жаңалықты жібермей тыңдап, елдің жайына алаңдап отыратын атам өте сауатты болатын. Содан да болар, бір әулет, дүйім ауыл ақсақал не дер екен деп соңғы шешімді сол кісіге қалдыратын.
Теңге ауысқан шақта ауылға келін түсті. Екі кештің арасында «келін келді» дегенді естіп, абыр-сабыр болып қалдық. Енді мәселе – кешірім жіберу. «Кешірімге қанша апарамыз?» деді үй иесі. «Шынында қанша апарамыз?», «Теңгемен қалай болар екен?» деп жан-жақтан әулеттің үлкен-кішісі үн қосып жатыр.
– Бүгінгі күнге дейін 1000 сом апарып жүрміз ғой, сол дәстүрді бұзбайық.
– 1000 сомың қанша теңге болады сонда?
– 2 теңге.
– 2 теңгені қалай апарамыз?
– Сомды ұмытайық, енді теңгемен есептейік те.
– Сонда қанша?
Кешірімге қанша апарудың мәселесі ұзақ талқыланды. Сомға үйреніп қалған елдің теңгеге бірден үйреніп кетуі оңай болған жоқ. Сонымен есептей келе үлкен жағы ақылдасып, 80 теңге конвертке салынып, кешірімшілерді шығарып салдық. Теңге ауысқан тұстағы алғашқы той көптің есінен кетпеді. Кешегі күнге дейін сол келін «80 теңгенің келіні» аталып кетті. Әсіресе, қайнылары «80 теңге» деп әзілдейтін.
Ал тойдағы қызық өз алдына. Ағайын-туыс жинала қалса, қанша теңге әкелгенін білдірту үшін «Абылайдан әкеліп отырмын», екі Абай бар менде» деп банконттағы тұлғалармен айтатын, ауыл айтқыштары.
Әрине, Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары әр отбасыға оңай тиген жоқ. Қазақ елі тәуелсіздігін алып, еңсесін көтеруі әрбір үйге әсер етті.
– Зейнетақының кешіккеніне бүгін тура 8 ай. Бұл қиындықтан да өтерміз, – деді атам бір күні таңертеңгілік шай үстінде. Осы бір шүкіршілік, «тәуелсіз ел болдық» деген сөз бізді алға жетелейтін. Сол шүкіршілікпен азанғы сүттің бір литрін ғана үйге қалдырып, қалғанын алып, ауданға тартамыз. Сүттен түскен ақшаға бір литр шемішке май, бір-екі сабын, әйтеуір сөмкенің түбінде ғана қалатын затпен үйге қайтатынбыз. Ауылдағы әрбір үй сүт сатып лаждаған уақыт еді бұл. Алайда адамдардың еңсесі түспеді. Жақсы күннің келетініне үмітпен қарау, шүкіршілік ету, қолдағы барды қанағат тұту қиын уақытты еңсеруге септігін тигізді.
Гүлнар ШАЙХЫСЛАМКЕЛІНІ
Мәдениет ауылы,
Жалағаш ауданы
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!