Сенбі, 20 сәуiр, 14:14

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№31 (2041)
20.04.2024
PDF мұрағаты

Ертіс жағасындағы әсем қала

20.07.2021

2366 0

Қазақстанның барлық өңіріне газет арқылы саяхаттап жүргенімізді тұрақты оқырмандарымыз біледі. Бұл жолы «Атамекен, мен сені білемін бе?» айдарында Ертістің жағасындағы әсем қала –Павлодар облысын оқырманға таныстыруды жөн көрдік.

Павлодар облысы 1938 жылы құрылды. Облыс орталығы Қазақстанның ең әдемі қалаларының бірі – Павлодар қаласы. Ол еліміздің аса ірі өзені болып саналатын Ертіс жағасында орналасқан. Бұл аймақ ҚР солтүстік-шығысына кіреді. Ал солтүстікте Ресей Федерациясының Омбы, солтүстік-шығыста – Новосібір, шығыста – Алтай өлкесімен, оңтүстікте – Шығыс Қазақстан, Қарағанды, батыста – Ақмола және Солтүстік Қазақстан облыстарымен шектесіп жатыр.

Ұшы-қиырсыз дархан даласы, қайың тоғайлары, қарағайлы ормандары, таулары, көптеген көлдерге бай Павлодар облысының табиғаты бөлек. Бұл аймақты ежелгі Ертіс қақ бөледі. Оның жайылмасы да бірегей және өте бай. Облыстың аса ірі бөлігін қазақтар ежелден Сарыарқам – Алтын далам деп атап кеткен тегіс дала алып жатыр. Онда, расында да орасан зор байлықтар бар. Осы аймақтың інжі-маржаны, еліміздің әсем жерлерінің бірі – Баянауыл. Шексіз даланың ортасындағы табиғаттың осы бір туындысының сұлулығына еріксіз тамсанасың. Мұндағы таулар, қарағайлы ормандар, жануарлар әлемі, Жасыбай, Торайғыр, Сабындыкөл көлдері ұмытылмас ерекше әсер береді.

èç öèêëà: «Áàÿíàóë»

Бұл өңірдің климаты тым континенттік және құрғақ. Қыста ашық және аязды ауа райына Сібір антициклоны әсер етсе, жазда құрғақ және ыстық ауа, қуаншылық пен қара дауыл әкелетін Тұран ауа массасының әсері күшті. Облыстың жер бедері екі бөлікке бөлінеді. Солтүстігінінің негізгі бөлігін Батыс Сібір ойпатының жалғасы – Ертіс жазығы, оңтүстік-шығыс бөлігін  Құлынды даласы алып жатыр. Ал жері түгелдей қызғылт қоңыр топырақ белдемінде орналасқан. Облыстың қиыр солтүстігін қайың мен теректен тұратын ормандар алып жатыр. Олар 44,0 мың га жерді қамтиды. Ал Оңтүстікке қарай даланың сұр, қызғылт қоңыр топырағында бетегелі-жусанды дала қалыптасқан. Сондай-ақ оңтүстік-шығысындағы құмды өңірде қарағай ормандары, Ертіс өзенінің жайылмасында шалғындар мен тоғайлар тараған. Мұндағы қарағай ормандарында еуропалық құндыз, Ертістің жағалаулық ормандары мен қайың шоқтарында елік, Баянауыл тауларында арқар кездеседі.

Тарихқа үңіліп қарасақ, археологиялық зертеулер Павлодар өңірінде көп тайпалар өмір сүргенін көрсетеді. Ежелгі адамдардың тұрақтау іздері Баянауыл ауданында, Ертіс өзенінің жиегінде кезіккен. Тастан жасалған қарулар, жебелер мен найзалардың кремнийден жасалған ұштары табылды. Кезінде мұнда қимақтар, үйсіндер, қаңлылар, наймандар көшіп жүрген.

ХХ ғасырдың бірінші жартысында Құланды-Павлодар (1923) темір жолының құрылысымен және Ертісте кеме қатынасының дамуымен шаруашылық қарқынмен дамыды. 1938 жылы облыс орталығын болған Павлодар кеме қатынасы бар Ертіс өзені мен темір жолдың қиылысында қалып, Екібастұз, Орал, Сібірмен тұрақты байланыс орнатты. Бұл қала мен облыс экономикасының одан әрі дамуына негіз болды. Осылайша шағын шеберханалардың орнында ірі өнеркәсіптік кәсіпорындар бой көтерді.

1956 жылдан бастап Павлодар тың және тыңайған жерлерді игеру орталықтарының бірі болды. Тыңды көтеру нәтижесінде облыстық егістік аумақтары он есе көбейді. Көмір өндіру және тың игеру бұл аймақтағы өндірістік күштердің дамуына серпін берді. Екібастұз көмірі негізінде энергетикалық база құрылған және өнеркәсіптің жаңа салалары – қара және түрлі түсті металлургия, машина жасау, алюминий, мұнай өндіру және химия салалары дамыды. Бүгінгі күні Павлодар облысы барлық облыстардың арасында жоғары өнеркәсіптік әлеуметімен ерекшеленеді. Бұл жақта ауыл шаруашылығына  көп мән беріледі. Өңірдің ауылшаруашылық алқаптарының ауданы 11,2 млн га құрайды. Мұндағы негізгі өндірілетін дақыл – бидай болып табылады. Одан бөлек картоп, көкөніс және бақша дақылдары өсіріледі. Сондықтан өз өнімдерімен өздерін толық қамтамасыз етеді.

Павлодар қаласын қазақтар әлі де «Кереку» деп атайды. Патшалық-кеңестік кезеңнің деректерін басшылыққа алған тарихшылар мен өлкетанушылар мұның сырын өздерінше түсіндіреді. Олардың пайымдауынша, ХҮІІІ ғасырдың бас кезінде Н.Коряков Ресейдің Тара қаласынан қазіргі Павлодар қаласы орналасқан жерге келіп қоныс салған көрінеді. Сол елдімекенге кейін, 1720 жылы орыс әскерлері тұрғызған форпост Коряковтың құрметіне Коряковский аталыпты. Кереку болса – Коряковтың қазақша нұсқасы екен. Ол кезде қазақтар Қазақстанның оңтүстік өңірлерін ғана мекен еткен.  1723-1725 жылдардағы «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама» кезеңінде қалмақтардың тықсыруымен Сыр бойынан Ертістің Кереку-Баянауыл өңіріне ауып келіп, тұрақтай бастапты. Кереку атауы қазақтардың ежелгі дәстүрі бойынша, елді-мекендерге тарихи-жағрафиялық ерекшеліктеріне қарай қойылған көне атаулардың бірі болып есептеледі. Оның түп төркіні Қимақ дәуірінен (IX–X ғ.ғ.) бастау алуы мүмкін. Қимақ қағандығының орталығы Ертістің Кереку өңірінде болғаны және бірқатар ірі–ірі қалалар – сауда орталықтарының да осы орта Ертістің бойында орналасқаны тарихтан белгілі.

Бұл аймақ – еліміздегі басты индустриалдық өңірлердің бірі. Мұнда  дәстүрлі күрделі өндірістер мен минералдық және көмірсутекті шикізатты игерумен айналысатын кәсіпорындардың оңтайлы үйлесімділігі бар ТМД-нің экономикалық кеңесіндегі аса ірі аумақтық өндірістік кешен тарихы қалыптасқан. Мұндағы өнеркәсіптің көзі – электр және жылу өндірісіне, сазды топыраққа, мұнай өңдеу өнімдеріне, машина жасау, жеңіл және тамақ өнеркәсібіне, құрылыс заттарына бағытталған. Сондай-ақ көмірді, алюмений тотығын, ферроқорытпаларды өндіреді. Бүгінде бұл өңірдегі түрлі меншік нысанындағы 5 мыңға жуық кәсіпорын белсенді қызмет етеді. Одан басқа, ауылшаруашылық өнімдерінің шикізат базасы мен оларды өңдеуге арналған өндірістік қуаттылықтары бар.

Айта кету керек, Қазақстанның энергетикалық жүрегі – аса ірі Екібастұз электр станциялары. Ақсу ГРЭС, сондай-ақ Павлодар өнеркәсіп кешенінің энергияны қажетсінетін кәсіпорындарына қызмет ететін бірқатар ірі жылу станциялары болып табылады. Осы электр станцияларының артықшылығы көмір көздеріне және электр мен жылу энергиясын тұтынушыларға жақын орналасқан.

Қаланың кең көшелері, көлеңкелі саябақтары мен аллеялары, гүлбақшалары мен фонтандары көз тартарлық әдемі. Қала өз тазалығымен, жайлылығымен ерекшеленеді. Аумақтың назар аударарлық орындарына табиғи, тарихи, архитектуралық және діни құрылыстарды атқызуға болады. Павлодар өңірі археологиялық ескерткіштерге де (өңірде көптеген тұрақтар, қорымдар, обалар, қоныстар бар), мәдени демалыс орындарына да өте бай.

Бұл киелі мекенде қаншама атақты ғылым, мәдениет және өнер тарландары дүниеге келген. Атап айтсақ, Қаныш Сәтбаев, Әлкей Марғұлан, Сұлтанмахмұт Торайғыров, Шапық Шөкин, Жұмат Шанин, Мәшһүр Жүсіп Көпеев, Дихан Әбілев, Шәкен Айманов, Жарылғапберді, Жаяу Мұса, Иса Байзақов, Сәбит Дөнентаев және тағы басқа тек облысқа ғана емес, Республикаға танымал қайраткерлер туған.

Мәселен, Мәшһүр Жүсіп атындағы мештті де ерекше айтуға болады. ғимараттың архитектуралық келбеті көркемдігі және айбындылығымен таңдай қақтырады. Қаланың бас мешіті қаланың барлық жағынан жақсы көрінеді. Шаңырақ түріндегі көгілдір түсті күмбез алтын түстес жарты айды қиып тұр. Аспанға ұмтылған көгілдір мұнаралар мен үлкен баспалдақтар мешітті ерекшелендіріп тұр. Сонымен бірге Сұлтанмахмұт Торайғыров атындағы ескерткіш те ерекше көзге түседі. Ақынға ескерткіш қоладан, тұғыры қызыл және қара граниттен дайындалған. Ескерткіш қарағайдың жанында тұрған ақынның қол бейнесін береді. С.Торайғыров жастарға тән ақын-лирик және сапалы – қиялшы бейнесінде берілген. Бүгінде ақын мемлриалы қала көркіне айналып, республикалық маңызы бар ескерткішке айналды.

Негізі Қазақстанның әр облысында қазақ тарихы мен мәдениетінің ішінде ойып тұрып орын алатын жерлер жетерлік. Әрине, қазақтың әр жері киелі, бірақ Қарағанды облысындағы Қарқаралы мен Ұлытау аудандарының, Қостанай облысындағы Амангелді мен Жанкелдин аудандарының, Ақмола облысындағы Қорғалжын ауданының, Батыс Қазақстан облысындағы Орда ауданыны сияқты Павлодар облысындағы Баянауыл ауданының облыстың, еліміздің тарихында маңызы ерекше.

Жалпы Павлодар облысындағы сакральды орындардың 80 проценті аталған аудан аумағында орналасқан болса, облыстың туристік әлеуетінің көп жағдайда дамуы Баянауыл өңіріне қатысты екені сөзсіз. Баянауылдың әуелгі аты Баян аула, мұның бұрмалануы ХІХ ғасырда дуандардың пайда болуымен сәйкес келеді. Біріншісі бай, баянды сөзімен байланысты екенін көреміз. Мәселен Баян Өлгей аймағын айтатын болсақ, аймақтың Бай Өлке деп қазақтардың өздері айтатындай қуатты, бай аймақ екенін білдіреді. Екінші нұсқасы Баян сұлудың есімімен байланыстырылады, Қозы Көрпеш пен Баян сұлуға байланысты жер-су атауларының Баян жерінде көптеп кездесуі сөзімізді нақтылай түседі.

Баянауыл – бұл шөлейтті даланың ортасындағы көркем орын. Тау жартастары мен жоталары өсімдіктің көптілігімен және бір-біріне ұқсамайтындығымен таң қалдырады. Баянауылдың керемет табиғатын көрген адам қайта-қайта келе беретіндігі де содан шығар. Баянауыл тауларындағы көлемі жағынан екінші болып саналатын Жасыбай көлі. Жан-жағын таулар қыспақтаған көлге қазақ-жоңғар соғысының батыры Жасыбайдың есімі берілген. Мұнда тек соның есімімен аталған өткелмен жетуге болады. Аңыз бойынша дәл осында Жасыбай қарсыластарының басым күштерін ұстап қалған екен. Ал өткел тұрған моласы жөнінде мынадай сенім бар. Оған бара жатып тас ала бару керек. Кейін жеткен соң оған тас лақтырып тілек айту керек. Ол міндетті түрде орындалады деген сенім қалған. Көлдің өзінде махаббат аралы орналасқан. Бұл орын Баян-сұлу мен оның сүйіктісі Қозы-Көрпеш туралы аңызға толы жер.

Сондай-ақ облыс аумағында республикалық және халықаралық мәндегі мемлекеттік табиғи қорық қорының нысандары да жетерлік. Олар ерекше экологиялық, ғылыми және мәдени құнды болып табылады. Оған «Драверта», «Құмыра», «Қоңыр Әулие» үңгірлері мен «Әулиебұлақ», «Телебұлақ» бұлақтары, «Айманбұлақ», «Тас кереметтері», «Рахай және Үшсала» шатқалдары кіреді. Оның ішінде «Қоңыр Әулие» үңгірі жануарлар мен құстар әлемін қорғаушысның Ной (Нұх) пайғамбар заманынан бар. Бүкіләлемдік су тасқыны кезінде үш көріпкел Нұх пайғамдардың кемесінде қалып қойыпты. Бірақ кемеде орын болмапты. Сонда үш бақанды жалғап байлап, бақанға отырып пайғамбардың кемесіне байланыпты. Бүкіләлемдік ағыспен олар солтүстіктен оңтүстікке беттеді. Алғашқы болып үлкен әулие Құланның беренесі тасқа соғылып жұлынып кетті. Бұл Қызыл тау маңында болған. Екінші болып тасқа ортаншы бала әулие Қыранның беренесі ең биік тау Ақбеткеге соғылды. Су қайта келіп, таулар мен шоқылар ашыла бастағанда, кенже әулие Қоңырдың беренесі үңгірге келді де, ол осы жерде қоныстанды. Сол себепті үңгір қажылықтың киелі жері саналған. Осындай табынудың себебі болған үңгір түкпіріндегі қазанның түбіне үнемі су жиналады. Осы су барлық ауруға ем деседі. Тіпті үңгір жанына сәби күтіп жүрген отбасылар жиі келіп, қонатын көрінеді. Павлодар өлкесі қазақтың талай жыр-шежіресіне арқау болған құтты мекен. Қай заманды алсаң да бұл аймақ қол бастаған батырлармен, сөз бастаған билермен, қасиет дарыған әулиелермен, суырып салма ақын-жазушыларымен әйгілі.

Ақмарал ҚАДЫРХАНҚЫЗЫ

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: