Қазіргі кезде кітапхана мәдениет саласының бір тармағы. Сондықтан кітапханашылар жыл бойы ақын-жазушылардың туған күндерімен мереке күндері түрлі рухани шаралармен байқауларды ұйымдастырады.
Солардың бірі – қалалық орталықтандырылған кітапханалар жүйесіне қарасты №1 кітапхана Қазақстан халық жазушысы Ғабит Мүсіреповтың 120 жылдығына орай «Ана тағдырының жаршысы» атты қалалық байқауды С.Майханова атындағы мәдениет үйінде өтті.
Байқаудың мақсаты: оқушыларды қазақтың көрнекті жазушысы Ғ.Мүсіреповтың шығармашылығымен, «Ана» тақырыбында жазған шығармаларымен таныстыру. Әңгімені оқи отырып, мазмұнын еркін жеткізе білуге, өз ойларын еркін жеткізе білу дағдысын қалыптастыру, түрлі әдістер арқылы шығармашылық қабілетін арттыру, сөздік қорларын молайту.
Жазушының «Ана тақырыбындағы» шығармаларын насихаттау мақсатында ұйымдастырылған байқауға Тасбөгет кентінде орналасқан Әуелбек Тынымбаев атындағы №11 мектеп лицейі, Нәлқожа Ергешбаев атындағы №172 орта мектебінің, №176 орта мектеп, №257 орта мектеп 6-7 сынып оқушылары қатысты. «Нұрымбет дент» тіс емханасының басшысы, дәрігер Ғани Нұрымбетұлы, байқауға демеушілік жасап, аймағымыздағы мәдениетімен руханиятына қолдау көрсетті.
Аталған байқау екі кезең бойынша өткізіліп, бірінші кезеңде әр топ өз қалауы бойынша жазушының ана тақырыбындағы бір шығармасын әңгімелеп, әсерлі етіп жеткізсе, екінші кезең бойынша жазушының ана тақырыбындағы шығармасынан көрініс сахналады. Бұл байқауға қалалық орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің директоры Гүлмира Шамсутдинқызы, С.Майқанова атындағы мәдениет үйінің директоры Толқын Болатқызы, Қорқыт Ата атындағы Қызылорда университеті, қазақ тілі мен әдебиеті және журналистика кафедрасының қызметкері, филология ғылымдары магистірі Бақытбек Сұлтанбейбарыс Алматұлы төрелік жасады.
Байқауда бақ сынаған №11 мектеп-лицейінің 6-сынып оқушысы Мұхтар Әсемай «Ер ана» әңгімесінен, №172 мектептін 6-сынып оқушысы Балпаш Аида «Ана кесімі айнымайды» әңгімесінен, №176 мектептің 7-сынып оқушысы Күнтөре Іңкәр «Әмина» әңгімесінен, №257 мектептің 7-сынып оқушысы Зинулла Қарақат «Ашынған ана» әңгімесінен үзінді оқып, көрермендерді тәнті етті. «Ананың анасы», «Ананың арашасы», «Ақлима», «Өлімді жеңетін ана» әңгімелерінен сахналық көріністер қойылып, оқушылар өздерінің әртістік қабілеттерін көрсете білді.
Байқауды қалалық орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің директоры Гүлмира Рахметова қорытындылап, жеңімпаздарда анықталды. Қазылар алқасының әділ төрелігімен №176 орта мектеп бас жүлдеге, №257 орта мектеп бірінші орынға, №172 орта мектеп екінші орынға, №11 мектеп лицейі үшінші орынға лайықты деп танылды.
Шара соңында, Қыпшақова Шаттық «Әжетайым», Ақылбек Дильназ «Жақсы адамдарым» әндерін орындады. Ұлт болашағы білімді де, бәсекеге қабілетті жас ұрпақтың қолында. Ал, өткенін ұлықтаған, ұлтының мәдени-рухани мұрасын қастерлеген ұрпақ еліміздің жарқын болашағы.-деген тұжырымда байқау мәресіне жетті.
Сонымен қатар, А.С.Пушкин атындағы орталық кітапханада 1-мамыр Қазақстан халықтарының бірлігі күні мерекесіне орай «Парасат жолы» жобасы аясында , Жүзі басқа – жүрегі бір, тілі басқа тілегі бір облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясының өкілдерінің қатысуымен «Татулық –достық тірегі» атты мерекелік кездесу кеші өтті.
Мерекелік кездесу кешіне Қызылорда облысының ішкі саясат басқармасының «Қоғамдық келісім» коммуналдық Мемлекеттік Мекемесінің директорының орынбасары Халилуллаев Фархад Әбдібағдатұлы, Қызылорда облысы бойынша «Мамандандырылған күзет қызметі басқармасы» мемлекеттік мекемесі бастығының міндетін атқарушы полиция подполковнигі Жүнісов Сабыржан Қаршыбекұлы, Қызылорда облыстық «Славяне» қоғамдық-мәдени бірлестігінің белсенді өкілі Павлова Елена, Қызылорда облыстық Шешен этномәдени бірлестігі төрағасының орынбасары Пашаева Лейла Алиевна, Қызылорда облыстық Неміс этномәдени бірлестігінің белсендісі Светлана Крюгерлер қатысты.
Шара барысында кеш қонақтары жастарымызға бүгінгі көпұлтты мемлекетімізді мекендейтін халықтар достығы жайлы өздерінің келелі ой-пікірлерін жеткізді. Өзге ұлттардың әндері шырқалып, билері орындалды. Мерекелік шараны ОКЖ-нің директоры Рахметова Гүлмира Шамсутдинқызы қортындылап, келген қонақтарға алғыс айтып, сый-сыяпат көрсетті.
«Осы берекеміз бұзылмағай, Қазақстанда тұратын барша ұлт арасындағы айнымас достыққа сызат түспесе екен. Қазақстан сияқты жас мемлекеттің өркендеуіне сіздер мен біздер болып ат салысайық»-деген ортақ жылы лебізбен кеш аяқталды.
Бұл шараның мақсаты: Қазақстандық бірегейліктің негізгі арқауы – еліміздегі барлық ұлт пен ұлысты бір шаңырақ астына топтастыратын Қазақстан халқы Ассамблеясының күні жайлы ақпарат беру, Қазақстанда тату-тәтті өмір сүретін халықтардың әдет-ғұрпын, әдебиетін, дәстүр-тарихын, тілін қастерлеп, бүгінгіміз бен келешегімізді жалғайтын жас ұрпаққа ұғындыру, насихаттау.
Ал, «Жастар» орталығында орналасқан №19 кітапхана «Қамқорлық бағдарламасы аясында «Мен бір аққу жаралы» атты әдеби-сазды кешін кітапхананың белсенді оқырмандары, жастардың қатысуымен өткізді. Әдеби-сазды кеш Сыр елінің ардақты қыздарының бірі ақын, сазгер, мәдениет майталманы Кенже Маханбетова Бануқызының шығармашылығына арналды.
Табаны жерге тиіп топырақ нәрін сезбеген, сәби шағынан басталған тағдыр тақсыретін өлеңге қосқан, тағдырмен тайталасқан, қайсар қыздың жүрек тебіренісінен туындаған «Мен бір аққу жаралы» атты кітабы оқырманға кеңінен таныс.
Музыка ырғағында қыз бен жігіт орындауындағы ақын қыздың арман-мұңын жеткізе білген прологтан басталған шараны«Ханшайым ана» балабақшасының бүлдіршіндері «Құстар әні» биімен жалғастырды.
Кенже Маханбетова Бануқызы 10 мамыр күні 1969 жылы Қызылорда обылысы, Жалағаш ауданы, Жаңаталап совхозында қарапайым отбасында дүниеге келген. Әкесі Бану –ақын, соғыс ардагері. Анасы Сәнтай-өнер сүюші болған.
Нартай Бегежанов атындағы театр актрисасы, әрі әншісі Аягөз Дүйсенқызы Кенже Бануқызы әні мен сөзін өзі жазған «Жаратқан ием жанарыңды салшы маған» әнін орындап, кітапхананың жас оқырмандары жырларын жатқа оқыды. «Қуаныш» бала бақшасының музыканты Оразкүл «Ақмаңдайлым» әнінорындады. Кенже осы күнге дейін 50 шақты ән жазған автор, оның 9-на музыка жазылған, әндерінің көбісін әнші достары айтып жүр. Сондай достарының бірі тағдырлас досы,әрі сырлас досы Зағиптар кітапханасының қызметкері Нұрлиева Ақмарал «Таңшолпан»әнін орындады.
Кеш соңында ақынға сөз кезегі беріліп бірнеше жырларын жатқа оқып, екі әнін орындады. Қалалық орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің директоры Рахметова Гүлмира Шамсудинқызы кешті қорытындылап, ақын қызға сыйлық табыстады.
Ал №6 кітапхана мен Ғ. Мұратбаев атындағы №171 орта мектептің бірлесіп ұйымдастыруымен «Парасат жолы» жобасы аясында Шығыстың жарық жұлдызы атанған, Қазақстан мен Орта Азиядағы Жастар ұйымының жалынды жетекшісі, ұлтымыздың ұлы тұлғасы Ғани Мұратбаевтың 120 жылдық мерейтойына орай «Мен Ғанимын мәңгілік тірі жүрген…» атты тарихи-танымдық кеш өтті.
Қазақ халқының көгінде құйрықты жұлдыздай жарқырап, шұғылалы із қалдырған, өз елінің патриоты, жиырма үш жыл ғана өмір сүріп, есімі жаһанға танылған халқымыздың біртуар перзенті Ғани Мұратбаевтың өнегелі өмірі мен жарқын істерін, салып кеткен сара жолын жас ұрпаққа үлгі ету мақсатында ұйымдастырылған іс-шараны мектеп директоры Б.С.Ибраев «Алғы сөзбен» ашып беріп, тәлім-тәрбиелік мәні зор шараны ұйымдастырушы кітапхана ұжымына үлкен алғысын білдірді.
Тарихшы Б. Насырова жанартаудай лапылдаған қайсар мінезді Ғ.Мұратбаевтың өмір жолына тереңірек тоқталып, кітапханашы Г.Залиева келешек ұрпақ үлгі-өнеге тұтар асыл азамат жайлы айтты. жазушы А.Хангелдиннің «Ғанидың жұлдызы», Н.Өткелбаевтың «Ғани – Алаштың арысы, жастардың көсемі», «Ғани тағылымы», «Мен – Ғанимын» және т.б. кітаптар мен 1921 жылы Ғ.Мұратбаев негізін қалаған бір ғасырлық тарихы бар республикалық қоғамдық-саяси «Жас Алаш» газетін таныстырып, мектеп ұжымына Ғ.Мұратбаевтың 120 жылдығына арналған билбордты сыйға тартты. Мектеп оқушылары Ғ.Еңсепов, Е.Сәрсенбай, Ж.Абдулла, Д.Жағыппар ақындардың жырына арқау болған өр тұлғаға арналған Ж.Мәкеналының «Мен – Ғанимын!», Ж.Әлмаханованың «Ғани – ғасыр елшісі», А.Сейталиеваның «Жалынды жетекші», А.Нұрғалиқызының «Ғани жұлдыз», Ш.Меңқоразовтың «Қамқоршысы халқының» өлеңдерін мәнерлеп оқып, кеш ажарын ашты. Кешті мектептің оқу-тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Г.Жакупова қорытындылап, жас ұрпақты кітап оқып, рухани бай болуға, кітапханамен тығыз байланыс жасауға шақырды. Іс-шара соңында кешке қатысушылар Ғ.Мұратбаев бұрышына және оқу орнының алдындағы Ғ.Мұратбаев бюстіне естелік суретке түсті.
Қалалық орталықтандырылған кітапханалар жүйесінде Қазақстан Жастар Одағының басшысы, қоғам қайраткері Ғани Мұратбаевтың туғанына-120 жылдығына орай «Ғани тағылымы – ұрпаққа ұлағат» атты патриоттық кеш сол жағалауда орналасқан «Жастар»орталығындағы өткізілді. Біріншіден «Жастар» орталығында орналасқан шығыстың жарық жұлдызы атанған, ұлтымыздың Ұлы тұлғасы Ғани Мұратбаевтың ескерткішіне гүл шоғы қойылып, Рухына тағзым етілді. «Жалындап өткен жас ғұмыр» атты кітап көрмесі бойынша әдебиеттерге шолу жасалып, таныстырылды.
Шараға Қызылорда облысының, Сырдария ауданының құрметті азаматы, Мемлекет және қоғам қайраткері, «Ұрпақтан ұрпаққа» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Алмагүл Божанова мен «Ұрпақтан ұрпаққа» қоғамдық бірлестігінің белсенді мүшелері қатысты.
Кеш қонағы Мемлекет және қоғам қайраткері, «Ұрпақтан ұрпаққа» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Алмагүл Божанова сөз тізігінін алып, жиырма үш-ақ жыл өмір сүріп, осынша қысқа мезгілде өзін халыққа танытып үлгірген талантты перзент Ғани Мұратбаев жайлы жастарға ой тастарлықтай ұлағатты әңгімелер айтты. Сондай-ақ кітапхананың белсенді жас оқырмандары Ж.Болатқызы, Д.Қабадулла, Д.Кеңесбай, П.Уалиева ақындардың Ғани жайлы жазған өлең-жырларын мәнерлеп жатқа оқып, патриоттық әндер шырқалды.
Қазалы қаласында 1968 жылы 7 қарашада Ғани Мұратбаевтың мемориалдық музейі ашылды. Бұл ғимарат облыстық дәрежедегі тарихи-мәдени ескерткіштер қатарында. Ғани Мұратбаевтың мемориалдық музейі – ғылым мен білімнің, өркениет пен тарихтың, алтын ордасы. Өткеніміз бен болашағымызды байланыстыратын алтын көпір. Кеш барысында музей қызметкерлерінің дайындаған бейне баяны ЛЭД экран арқылы кешке қатысушыларға көрсетіліп, таныстырылды.
№5,7 Абай, Қарауылтөбе ауылдық кітапханалардың ұйымдастыруыменен, халықымыздың біртуар перзенті, «Алаш орда» үкіметінің негізін қалаушы, мемлекет және қоғам қайраткері, қазақ ақыны, әдебиет зерттеушісі, түркітанушы, ұлттық жазудың реформаторы Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдығына орай ұйымдастырылған «Ұлт Ұстазы» атты әдеби-сазды кешіміз мектеп оқушылары, ұстаздар, ауыл жастарының қатысуымен өткізілді.
Әдеби кеш Ахмет Байтұрсынов туралы арнайы пролог пен басталып, Абай ауыл әкімінің бас маманы Жүсіпов Асқар Орманбекұлының құттықтау сөзімен жалғасты. Кеш қонағы Қызылорда облысының тілдерді оқыту орталығының маманы Мұқанқызы Айдана сөз алып, ақынның парасатты да өнегелі өмір жолын қысқаша таныстыра отырып, кітапханаға ақынның кітаптарын сыйға тартты.
Тіршіліктің жасыл бағынан ерте кетсе де артына ұланғайыр мұра қалдырған халқының аяулы перзенті Ахмет Байтұрсынұлының шығармаларына кезек беріліп, кітапхана оқырмандары өлендерін мәнерлеп жатқа оқыды.
Ахмет Байтұрсынұлының Семей түрмесінде отырып, өлең арқылы Анасына жазған хатының бейнесін сахналық көрініс арқылы көре отырып, кітапхана оқырмандары тұма бастаудың тұнығын сіміріп ішкендей күй кешті.
Қалайда халықты ояту, оның санасына, жүрегіне, сезіміне әсер ету жолдарын іздеген ақын айналып келгенде, ұлы Абай тапқан соқпақ, орыс әдебиеті үлгілерін пайдалану, аударма жасау дәстүріне мойынсынады.– Жан-жануар өмірінен алынған шығармалар арқылы әлеуметтік ойға ықпал ету мақсатымен туындыларды аударып, оқырман қауымға ұсынды.
А.С.Пушкиннің И.А.Крыловтың мысалдарынан «Бақа мен өгіз», «Есек пен бұлбұл» сынды тағы да басқа көптеген аудармаларын жас оқырмандар жатқа оқып, оқырмандарға шынайы жеткізе білді.
Асыл сөзден маржан терген ақындарымыз Республикалық ,Облыстық Жыр бәйгелерінің жүлдегері, Халықаралық ІХ «Жас қаламгер»фестивалінің лауреаты, Фариза Оңғарсынованың «Аманат» иегері Айбану Қалиева және Абай Мәдениет Үйінің әдіскері Манас Молдашев ақынға жүрек жарды арнау өлеңдерін оқыды.
Сахна тақырыпқа сай безендіріліп, кітап көрмесі бойынша әдебиеттерге шолу жасалды. Кеш барысында Абай Мәдениет Үйінің әдіскері Айдана «Отан Ана», «Қазақстан» әнін орындап кеш ажарын аша түсті..Шарамызды қалалық орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің директоры Гүлмира Шамсутдинқызы қорытындылап, шараға қатысушыларға ризашылығын білдіріп, «Алғыс хатпен» марапаттады.
Сондай-ақ, №12 кітапхана Осы жылы Балалар жылына орай «Кітап – ғажайып әлем» атты мерекелік кешті №217, №5 мектеп оқушылары, «Сыр сұлуы» балабақшасы, оқушылар сарайы қатысуымен өткізді.
Кітапхана ауласы кітап туралы даналық сөздермен, шарлармен көркем безендіріліп, балалар әдебиеті мен кітап қорына жаңадан түскен әдебиеттердің кітап көрмелері қойылды. Жас оқырмандар «Кітап әнінен» флэшмоб жасап көрермендер назарын аударды.
Кітап – нәзікте, тұнық әлем, білімнің түпсіз аспаны, терең бастауы. Ұлтымыздың мерейі мен деңгейін, қоғам мен мемлекетіміздің өркенінің өсуіне қыруар пайда келтіретін осынау рухани қазына!
Мерекелік кештің алғашқы сөз кезегі Қалалық орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің директоры Г.Ш.Рахметовағаберіліп, кітапхананың белсенді оқырмандары қазақ ақындарының кітап туралы өлең-жырларын жатқа оқыды. Кітапханамыздың кішкентай бүлдіршіндері «Бөбекжай» бала-бақшасының бишілері «Киіз басу» биін орындап, өз өнерлерімен көпшілікті сүйсінтті.
№5 мектеп-лицейінің оқушылары Ы.Алтынсариннің «Первый учитель казахской степи» атты шығармасынан көрініс көрсетті.
Сөз кезегінде мерекелік кешіміздің құрметті қонақтары «Аманат» партиясы жанындағы «Jas Otan» Жастар қанаты Қызылорда облыстық филиалы төрағасының орынбасары Какарманова Асем Бекнұрқызы, «Кітап құрттары» клубының төрағасы Талғат Меңдібай адам өміріндегі кітаптың маңыздылығы мен пайдасы туралы келелі әңгімелер айтты.
«Бөбекжай» бала-бақшасының бүлдіршіндері «Бір ел болса» атты әнді орындап,Ж.Берікқызы, А.Өтеп, Г.Оспанова, А.Жақсылық «Менің мақсатым», «Егемен ертеңім», Ф.Оңғарсынованың «Ана» өлеңдерін жатқа оқыды. «КітapAl» дүкенің иесі, «Білім.Ыбырай» қоғамдық қорының төрағасы Серікбаев Нұрбек қазіргі кезеңдегі кітапты насихаттау жолдары, жастарды кітап оқуға тарту, олардың қызығушылығын зерттеу, талаптарына сай кітаппен қамтамасыз ету жолдары туралы айтып, кітапханаға бірнеше балалар әдебиетін тарту етті. Мерекелік кеш Өтеп Айгерімнің орындауындағы «Көңілді күй» әнімен аяқталды.
№13 балалар кітапханасының ұйымдастыруымен «Парасат жолы» жобасы аясында ғасырдың ғаламат ақыны, Қазақстанның халық жазушысы және Қырғызстанның халық ақыны,«Түркі тілдес халықтар арасындағы ең үздік әлем ақыны» атанған Мұхтар Шахановтың 80 жасқа толуына орай «Жүрегі жырға толы жігерлі ақын» атты жыр кеші өткізілді.
Шара оқырман Сарымырзаев Ержігіттің орындауындағыМұхтар Шахановтың «Әке үкімі» поэмасынан алынған прологпен ашылып, өнерпаздар Бекбосынов Руслан, Махаталиев Әділжан, Күнғабылов Абылайхан ақын сөзіне жазылған әндерін нақышына келтіріп орындап, кеш қонақтарының ықыласына бөленді.
Кеш қонақтары: Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, Қазақстанның құрметті журналисі Махмұтбай Әміреұлы,Қазақстан жазушылары одағының мүшесі, эколог – ақын Мұхамеджан Нұрханов, Қазақстан Журналистер одағы мен Халықаралық Жазушылар одағының мүшесі. КСРО “Мәдени – ағарту” ісінің үздігі. “Қызылорда қоғамдық телерадиокомпаниясында’’ продюсер, бағдарламалар директоры, шолушы журналист Тілеген Ысқақұлы Бекарыстанов, Тасбөгет кентінің жанынан құрылған ардагер ұйымының орынбасары, Еңбек ардагері Тобақабылов Олжабай, Поэзия,проза, пародия сатира төрт жанрға қалам тартқан қаламгер, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, бірнеше кітаптардың авторы,айтыскер ақын Қазына ӨзденбаеваМералықызы,М.Ықсановатындағы политехникалық колледжінің қазақ тілі мен әдебиет пәнінің оқытушысы Жақыпова Гүлмира Көпболсынқызы,Мәдениет саласының еңбек ардагері, Тасбөгет кенті қоғамдық кеңесінің мүшесі Шағыров Қабдеш Шағырұлы,Тасбөгет кенті әкімдігінің ішкі саясат бөлімінің әдіскері Бибісара Әлібекқызы Зиянсызова,Қазақстан Республикасының Журналистер одағының мүшесі Жүзбай Таңрақбаев Ибрагимұлы, Ә.Тыныбаев атындағы № 11 мектеп лицейінің қазақ тілі мен әдебиет пәнінің мұғалімдері Жайкбаева Кульмараш Августовна, және Басыкараева Жанат Биланова қатысып Мұхтар Шаханов туралы өз ой – пікірлерімен бөлісті. Ақынның өлең жырларын жас оқырмандар жатқа оқып әндері шырқалды. Ақын шығармаларынан «Әлемге әйгілі Ұлы Мұхтар» атты кітап көрмесі жасалды.
А.С.Пушкин атындағы орталық кітапханада «Қазағымның қазынасы – домбыра» атты күй кеші өтті. Шараның мақсаты – жастарға Ұлттық домбыра күнінің маңыздылығын көрсету, домбыра аспабының тарихымен таныстыру, жастарды өнерді құрметтеуге баулу, қазақтың халық шығармашылығын насихаттау, ұлттық өнерге қолдау көрсету, кітапханаға оқырман тарту.
Қазақ халқының шежіресін шерткен көне аспап – домбыра қасиетті құрал ғана емес, талай кезеңдердің тарихи куәгері. Қуанышы мен жұбанышында да, қайғысы мен мұңында да домбыра қазаққа серік болған. «Мәдени мұра» бағдарламасы аясында өткен күй кешіне қаламыздағы «Шуағым» өнер мектебінің домбырашылары мен домбыра үйірмесінің оқушылары қатысып, Қасым Аманжоловтың, Жұмекен Нәжімеденовтың, Марфуға Айтқожинаның, жас ақын Серік Сейтіманның қасиетті домбыра туралы өлеңдерін оқыды.
Іс-шара барысында кітапхананың белсенді оқырманы Әбдіғаниев Серік Құрманғазының «Адай», «Балбырауын» күйлерін орындады. Шараға арнайы «Мәдени мұра-халық қазынасы» атты кітап көрмесі ұйымдастырылып, ұлттық домбыра күнінің мәні мен маңыздылығы жайында, домбыраның қазақ өмірінде алатын ерекше орны жайында толық мағлұмат беріліп, библиографиялық шолу жасалды. Осы күннің аясында ұлттық аспабымызды ұлықтау мақсатында өткен іс-шарадан жастарымыздың қасиетті домбыраға, ұлттық өнерге деген құлшынысы арта түсті.
№20 кітапхананың ұйымдастыруымен «Жастар жетістігі жаңашылдыққа үндейді» атты дөнгелек үстел Қорқыт ата атындағы мемлекеттік университетінің Өнер бөлімі студенттері, әлемдік денгейдегі спорт жүлдегерлері, М.Мәметова атындағы педогогикалық жоғары колледжінің белсенді студенттері, И.Әбдікәрімов атындағы Қызылорда аграрлық механикалық жоғары колледжінің студентері сонымен бірге, Абай атындағы үш тілді дарынды балаларға арналған мектептің оқушылары қатысуымен «Жастар орталығында» өткізілді.
Шара қонақтары Облыстық «Рухани жанғыру» орталығының директорыМақсат Дауылбай, «Ақмешіт жастары» газетінің тілшісі Гүлдана Жұмадинова жастарға жетістікке жету жолында үлкен еңбек пен білім керектігі жайлы мағыналы әңгімелер айтса, шараға қатысушы білім озаттары, өнерпаз, озық ойлы жастар болашақтағы арман-мақсаттарын, жоспарларын айтып, жаңарған қоғамдағы қазақ жастары қандай болу керек, болашақта менің қай салада бағым жанады деген сауал төңірегінде ойларын ортаға салды.
Спорт саласында жетістікке жеткен ҚР дзюдодан қола жүлдегері, турнирлер жеңімпазы, ҚР спорт шеберіне үміткер Ишанбек Мағжан, халықаралық 15-ші турнирдің қола жүлдегері Ильяс Айбек, Амир Бақытжанұлы т.б дөңгелек үстелдің қонақтары ретінде қатысып, ойларымен бөлісті.
Жастарды білімде, еңбекте бәсекеге қабілеті адами қасиеті қалыптасқан ұлтжанды ұрпақ тәрбиелеуге ықпал ету мақсатындағы дөңгелек үстел жастардың жетістігі бұл еліміздің қоғамның жетістігі, елімізді гүлдендіру, мәңгілік ел болу жолында аянбай еңбек ету біздің қасиетті борышымыз, ұрпақ алдындағы міндетіміз деген тұжырыммен шара қорытындыланды.
P.S. Кітапханада өткізілген әрбір кеш құнды. Сондықтан болар мұндағы қандай шараның да рухани құндылығы жоғары. Ол әрине, кітапханашылардың ерең еңбегі мен ізденімпаздығының жемісі.
Дайындаған: Ақмарал ҚАДЫРХАНҚЫЗЫ
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!