Сәрсенбі, 17 сәуiр, 00:47

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№30 (2040)
16.04.2024
PDF мұрағаты

Өнері өркендеген өңір

07.09.2021

1511 0

Өнер – өміршең, мәдениет – мәңгілік. Бұл – уақыт дәлелдеген тарих шындығы. «Сыр елі – жыр елі» деген сүбелі сөз бекер айтылмаса керек-ті. Алашқа ана атанған киелі өңір – небір саңлақтарды тудырып, бесігіне бөлеп тербетіп, қыранша қияға ұшырған алтын ұя, қасиетті қоныс. Қойнауына құт қонған қасиетті өлкенің топырағын түртіп қалсаң ән-жыр болып төгіледі. Сонау түркі әлемінің абызы атанған Қорқыт бабадан басталған ұлы өнер керуені күні бүгінге дейін дәріпті жалғасын тауып келеді. Тұран төрінен қанат қағып, күллі қазақ даласының көгінде қалықтап жүрген таланттарымыз қаншама?!

Бір жағы айдынды Арал өлкесімен екінші басы қарт Қаратау етегін жайлай қоныстанған Жаңақорған ауданы аралығындағы жеті ауданның ән-жыры түгесілген емес, түгесілмейді де. Егемен ел атанып, еңсемізді тіктегелі Сыр өңірінің мәдениеті жаңа қырынан танылып, екінші тынысы ашыла түскендей.

ҚОРҚЫТ АТА МҰРАСЫ ЮНЕСКО-НЫҢ МӘДЕНИ МҰРАЛАР ТІЗІМІНЕ ЕНГІЗІЛДІ

Сыр өңірінде соңғы жылдары болған жарқын жетістіктің бірі – Қорқыт ата мұраларының әлемдік деңгейде қайта жаңғыртылып, тарих қатпарынан орын алуы. Бұл Сыр мәдениеті үшін үлкен жетістік болды. Анығырақ айтсақ, ЮНЕСКО-ның 13-сессиясында Қорқыт ата мұрасын адамзаттың материалдық емес мәдени мұрасының репрезентативтік тізіміне енгізу туралы шешім қабылданды. Сессия жұмысына әлемнің 217 елінің өкілдері қатысқан болатын.

– Бұл – біз үшін үлкен жетістік шыңы деп айтуға әбден болады. «Шығыс Африка еліндегі Маврикий Республикасында 217 мемлекет қатысқан ЮНЕСКО-ның 13-сессиясында» Қорқыт ата мұрасы көпұлттық номинациясы қолдау тауып, бүкіл әлемге танылды. Бүгінде ЮНЕСКО-ның материалдық емес мұрасының 377 элементінің 8-і қазақстандық және Қорқыт ата мұраларының енуі еді. Бұл – тек Сыр елінің ғана емес, бүкіл Тәуелсіз Қазақстанның мәртебесі. Біздің міндетіміз – Қорқыт ата мұраларын халықаралық дәрежеде насихаттау, – деген еді. Сол тұста Қызылорда облысын басқарған, бүгінде еліміздің мемлекеттік хатшысы қызметін атқаратын Қырымбек Көшербаев мәдени-тарихи мұраны қорғау жөніндегі ғылыми-әдістемелік кеңес отырысында.

Қорқыт ата мұрасын ЮНЕСКО тізіміне енгізу жұмыстары 2014 жылы басталып, бірқатар кездесу өткізілді. 2016-2017 жылдары Қызылорда қаласында ЮНЕСКО және ИСЕСКО (білім, ғылым және мәдениет мәселелері жөніндегі Ислам ұйымының) көшпелі отырысы өтті. Ал 2017 жылдың ақпанында Қазақстан, Әзербайжан, Қырғыз Республикасы, Түркия өкілдерінің және Халықаралық Түркі академиясының қатысуымен сараптамалық кездесу ұйымдастырылды. Бұл – Қазақстан, Әзербайжан және Түркияның бірлескен жұмысы, оның аясында Қазақстан Қорқыт ата күйлерін қарауға ұсынған болатын.

ЮНЕСКО-ның анықтамасы бойынша «жанды мұра» деп аталатын материалдық емес мәдени мұра қоғамның ұрпақтан-ұрпаққа қалатын әдет-ғұрыптарын, дүниетанымы мен көзқарасын, білімі мен дағдыларын қамтиды. Қармақшы ауданында 1980 жылы түркі әлеміне ортақ тұғырлы тұлғасы Қорқыт атаның құрметіне мемориалдық кешен салынды. 2014 жылы ҚР Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасы бойынша кешенге қайта жаңғырту жұмыстары жүргізіліп, қосымша заманауи құрылыс нысандары салынды. Жыл сайын оған 13 мың турист келеді. Мемориалдық кешен «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық автомагистралы бойында орналасқан.

НАРТАЙ БЕКЕЖАНОВ АТЫНДАҒЫ ДРАМА ТЕАТРҒА «АКАДЕМИЯЛЫҚ» МӘРТЕБЕ БЕРІЛДІ

Облыстық Нартай Бекежанов атындағы қазақ музыкалық драма театрына Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2019 жылғы 24 қазандағы №800 қаулысымен «Академиялық» мәртебесі берілді. Расымен, бұл жаңалық – Сыр елі мәдениеті мен өнерінің деңгейі мен сала мамандарының тынымсыз еңбегінің жемісі.

Нартай Бекежанов атындағы қазақ музыкалық театры 1955 жылы Алматы облысы театр негізінде ұйымдастырылған. Театр шымылдығы алғаш Ғабит Мүсіреповтің «Ақан сері – Ақтоқты» трагедиясымен ашылды. Ал 1960 жылы театр Қызылорда қаласына көшіріліп, 1970 жылы Нартай Бекежановтың есімі берілді. Театрдың іргесін қалаған актерлер Т.Айнақұлов, Ш.Бәкірова, Ж.Бағысова, О.Әбдімомынов, Ш.Әбдібаев, С.Шотықов, Қ.Көпбаева, А.Манасбаев, Ш.Мәрденовтер мен тұңғыш режисері Ж.Әбілтаевтың есімдері өнерсүйер қауымның мәңгілік есінде. Облыстағы бірегей өнер ордасы саналатын Қазақ музыкалық драма театры ұжымы әр жылдары шығармашылық жетістіктерімен танылып, бүкілодақтық венгр, неміс, КСРО халықтары драматургиясы фестивальдарының лауреаты атанып жүр.

СЫР САЗГЕРЛЕРІ

Өнер – ұлт болмысының боямасыз айнасы десек, музыка – халықтың асқақ рухының тілі. Ол ғасырлар бойы үздіксіз жетіліп, даму үстінде болатын жанды мәдени құбылыс. Осы орайда ән әлемінің халыққа жеткізілуі оның сазымен тікелей байланысты. Бұл тұрғыдан алғанда Сыр өңірінің сазгерлері халық құрметіне бөлене білді. Осындай шығармашылық иесі табиғи талант Кеңес Дүйсекеевтің қазақ өнерінде алар орны биік. Ұлттық музыка әлемін шырқау биікке көтерген көрнекті композитордың талай туындылары ән әлеміне сән беріп жүр.

Тағы бір талантты сазгер Рамазан Тайманов ағамыз. Оның 1986 жылғы желтоқсан оқиғасына байланысты шыққан «Қазақ қызы» әні бүгінде республикаға кеңінен танымал болды. 1996 жылы Эстонияда өткен дүниежүзілік балалар шығармашылығы фестивалінде оның «Қызылорда жастарының әні» таңдаулы деп бағаланып, «Алтын қорға» жазылып алынды. 1997 жылы «Айналайын» фестивалінің гимні болып Рамазан Таймановтың «Айналайын» әні таңдалған. Қазіргі таңда көптеген шығармалары елімізге белгілі әншілердің репертуарында орындалып жүргенін мақтанышпен атаймыз. Бұл – Сыр сазгерінің бір биігі.

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Қазақстан композиторлар одағының мүшесі, күйші-композитор, Мұрат Сыдықовтың да талай туымды шығармалары үлкен сахналарда орындалып жүр. Өнерімен еліне танылған талантты композитордың «Теңізбен терең тілдескен, Сұлу Сырмен үндескен» атты күйлері мен әндер жинағы жарық көрген болатын. Мұрат Сыдықовтың жарыққа шығарған еңбектері – руханиятымызға қосылған сүбелі дүние. Бұлардың барлығы Сыр өңіріндегі сазгерліктің қайталанбас қолтаңбасы болып қала бермек. Сонымен қатар Бексұлтан Байкенжеев, Өркен Исмайл, Айкүміс Орынбаева, Керекжан Құлмырзаев секілді кәсіби композиторлардың шығарған әндері көптеген сахналарда орындалып келеді.

САХНА ТҮЛЕТКЕН ТАЛАНТТАР

Сыр топырағынан қанат қағып, қазіргі таңда күллі қазақ даласын әнімен тербетіп жүрген әншілеріміз көптеп саналады. Роза Бағланова, Мәдина Ералиева, Батырхан Шөкенов салған әуезді әндер әлі күнге халықтың жүрегінде. Сыр сахнасынан түлеген талантты өнер иелерінің тағы бір тобына Құбайберген Бекіш, Жеңіс Сейдоллаұлы, Жеңіс Ысқақова, Елена Әбдіхалықова, Бақтияр Тайлақбаев, Өмірқұл Айниязов, Алмас Кішкенбаев, Мадина Сәдуақасова сынды өнер иелерін жатқызуға болады. Бұл – талант иелерінің дауыс диапазоны жоғары. Олар – ән әлемінің бүгінгі жарық жұлдыздары. Олардың өнер жолындағы жеткен жетістіктері туған елінен берілген тектілікпен тығыз байланысты болса керек. «Маған қазақтың даласы әндетіп тұрған секілді» деп айтқан Александр Затеавич сөзінің астарында аласармас ақиқат жатыр. Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні Сыр сахнасынан түлеген таланттар тұғыры ешқашан аласармақ емес. Өйткені олар Сырдариямен тыныстап өскен өнерпаздар.

ЖЫР ЖАМПОЗДАРЫ

Жыр – ұлттың үні. Тарихы тереңнен тамыр тартқан аймақта жыраулық өнерді ұстаушылар, шәкірт тәрбиелеп кейінгіге мұра етушілер әлі де бар. Бір кездері Жиенбай, Базар, Тұрмағамбет, Кете Жүсіп, Ешнияз Салдар салып кеткен сара жол Рүстембек, Нартай, Балқашбай, Көшеней Рүстембеков, Қуандық Бүрлібаев, Шәмшат Төлепова, Алмас Алматов, Рысбек Әшімов, Бидас Рүстембековтер арқылы жалғасты. Қазір Сыр бойында Жиенбай, Нұртуған, Нартай мақамдарына негізделген жыраулық өнердің бірнеше мектебі бар. Жиенбай жырау мектебі Қармақшы өңіріне тән болса, Нартай мектебі Шиелі жерінен бастау алады. Ал Арал ауданында Нұртуған шайырдың мектебі

қалыптасты. Қармақшы жыраулық дәстүріндегі негізгі ерекшелік ретінде дауыстың немесе ондағы мақам саздың көмейден шығатынын айтып өтуге болады. Бұл мектептердің негізгі өкілдері ретінде Әбділдә, Балқашбай, Мұзарап, Арзулла, Әбілаш, Бидас, Алмас, Құрманбек, Арнұр, Амандық, Серік, Руслан, Ұлжан, Күнсұлу болып кете береді. Бұл өнерді әрі қарай жалғаушылар рухани жаңғыруымыздың өзегі болып қала береді.

Тағы бір атап өтерлігі, жыраулық дәстүрді арнайы мамандық есебінде Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінде және Қазанғап атындағы музыкалық коледжде оқытады. Оған арнайы білім гранттары бөлініп отыр. Бұл дәстүрлі өнерге деген зор қолдау деп танимыз. Осы оқу орындарын бітірген мамандар бүгінде еліміздің түкпір-түкпірінде қызмет атқарып, өнер өлкесінің мерейін өсіріп жүр.

АЙТЫСТЫҢ ЖАЙЫН СӨЗ ЕТСЕК…

Айтыс – халқымыздың қанына сіңген қасиет. Ат сүрінгенше ақыл табатын тапқырлық пен шешендік өнер қазаққа ғана тән. Тоғыз өнер жиынтығын бір арнада тоғыстыратын ұлы өнер дәріпті жалғасын тауып келеді. Бұған дейін қазақтың төл өнер айтысы Мәскеу, Париж төрінде дүркіреп өтуі – соның айқын дәлелі. Айтыстың жаңа биікке көтерілуіне Сыр өңірінің де қосқан үлесі зор. Аймағымыздан шыққан айтулы сөз жүйріктері талай бәйгенің алдынан көрінгені Алашқа аян. «Өткенсіз бүгін жоқ, бүгінсіз болашақ жоқ» деген сөз бар. Енді Сырдағы айтыс өнерінің өткеніне көз жүгіртіп өтейік. Кешегі кеңес заманында да айтысты биігінен түсірмеген Сыр шайырларының шоқтығы биік тұр. Оның бер жағында Нартай Бекежанов, Манап Көкенов, Замадин Ибадуллаев, Маханбетқали Тұрсанов, Қали Шығысов, Бекұзақ Тәңірбергенов, Серік Ыдырысов, Кенжебай Жүсіпов, секілді сөз жүйріктері аймақтың айтыс өнерін өз дәрежесінен төмендеткен жоқ. Солардың заңды жалғасындай болған Әбілқайыр Сыздықов, Айдос Рахметов, Мамыр Байдәулетов, Мұхтар Ниязов, Нұрмат Мансұров, Мейірбек Сұлтанхан қазіргі қазақ айтысының құлагеріне айналды. Республикалық «Алтын домбыра» айтысының жеңімпазы да біздің жерлесіміз, «Айтыс ақтаңгері» Мұхтар Ниязов екенін мақтанышпен атаймыз.

КҮЙШІЛІК ДӘСТҮР САБАҚТАСТЫҒЫ

Сыр бойы күйлері көпке дейін қазақ музыкасы саласында аз зерттеліп, насихатталуы кемшіндеу болып келгенімен, соңғы кездері кеңінен қолға алына бастады. Белгілі жыршы, филология ғылымдарының кандидаты Берік Жүсіповтің «Жиделі Байсын күйлері» деген еңбегінде осы орындаушылық мектептің күйлері алғаш жинақталып жарық көруі – соның айғағы. Сырдың бойында ертеректе өткен Құрманай Төремұрат, Асан Көнек, Бекпенбет сынды күйшілердің мұралары көнеден көшкен керуендей жалғасын тауып келеді. Одан беріректе Сыр өңірінде өмір сүрген күйші-композиторлардың ішінде үш дәулескер күйшінің есімін атауға болады. Олар Мырза Тоқтаболатұлы, Әлшекей Бекпенбетұлы, Досжан Құрақұлы. Сыр бойы күйшілік дәстүріндегі көрнекті тұлғалардың бірі Мырза Тоқтаболатұлының ғұмыр кешкен, музыкалық мұрасының молынан сақталған жері – Қызылорда облысының Қазалы өңірі. Бүгінгі күні Мырза күйшінің «Асанқайғы», «Бұғының күйі», «Баулы ешкі», «Алпыс екі Ақжелеңнің бауыр шешпесі», «Ташауыз» сияқты бітімі, құрылымы бөлек, композициялық жағынан оқшау тұрған жиырмадан астам күйлері белгілі болып отыр. Мырза күйлерінің басты ерекшелігі, көбінесе, транспозициялық формада құрылған. Күйдің өзі шағын 3 бөлімді шығарма іспеттес. Бұны «Жемнің ағыс күйі», «Ташауыз», «Бұғының күйі», тағы басқа да күйлерден байқауға болады. Осындай құрылымдағы күйлер, көбіне, сағасыз болып келеді. Яғни батыс күйлеріндегідей кіші, үлкен сағаларда үстіңгі ішектегі стереотип тартылмайды. Осы әдіс Сыр бойы күйлерінің көбіне тән. Мырза күйлерін, сонымен қатар Сыр бойында сақталған халық күйлерін, Құрманай Төремұрат, Жалдыбай күйшілер мұрасын шашау шығармай, ерекше нақышпен орындап, насихаттаушы – қазалылық дүлдүл домбырашы Нәби Жәлімбетов. Жоғарыда аттары аталған күйшілердің шығармаларымен қатар осы антологияға Жалдыбай, Қобылаш, Исламбек Ысқақов, Жалғасбай Аралбаев, Төлеген Қаражанов, Мұзарап Жүсіпов тәрізді Сыр бойында өмір сүрген күйшілердің туындылары да енгізілді.

Сырдағы күйшілік өнер Қорқыт бабадан, мүмкін одан да арғы мың жылдықтардан бастау алуы мүмкін. Қалай десек те қасиетті өнер тінін үзбей күні бүгінге дейін жалғасып келеді.

ҚАСИЕТ ҚОНҒАН ӨНЕР ОРДАСЫ

Сыр еліндегі дәстүрлі орындаушылар мен эстрада және басқа да өнер жанрларын бір арнада тоғыстырып, тыңдарман талғамына сай өнер көрсетіп жүрген өңірдегі өнерлі орданың бірі – Қызылорда облыстық филармониясы. Ол Сырдың ұлы перзенті Нартайдан бастау алады. Ел арасына ақын, әнші, жыраулығымен танылған Нартайдың талантын халқына танытқан 1934 жылы Алматы қаласында өткен халық өнерпаздарының бірінші слеті болатын.

Облыстық филармонияның іргетасы 1972 жылы 16 қарашада Қазақ ССР Мәдениет министрлігінің бұйрығымен құрылып, өз жұмысын 1973 жылдың қаңтарынан бастаған еді. Алғашқы жылдарда сазгер Тәңірберген Қалауов басшылық жасап, сол тұста «Сыр күмбезі» фольклорлық ансамблі, «Ақтолқын» эстрадалық ансамблі жұмыс жасады. Фольклорлық ансамбльге белгілі жыршы-термеші Ақмырза Тұяқбаев, әнші Фатима Төлегенова, ал эстрадалық ансамбльге Қиынбай Сақтағанов жетекшілік еткен болатын. Ұзақ жылдар бойы филармонияның бас администраторы болып Сәнжан Асылбекова қызмет атқарған. Одан кейінгі 1976-1980 жылдар филармония ұжымы үшін жемісті болды. Дүйсенбі Дүйсенбаев басшылық жасаған жылдарда жезтаңдай әнші Ұлшан Ахметованың басқаруындағы «Сыр маржаны», Сайлау Бердіқожаевтың жетекшілігіндегі «Сыр самалы» ансамбльдерінің облыстың мәдени өмірінде рөлі зор. Сол жылдарда Мұхит Әбдікәрімов, Тәжігүл Аманжолова, Күлән Қалымбетова, Сұлтан Нұрмаханов, Гүлжан Нұржанова, Шынберген Тілеулесов, Мәди Жасекенов сынды талантты өнерпаздардың басын қосқан ансамбльдің орындаған әсем әндері әлі күнге халықтың жүрегіне жол тауып келеді. Ұжымның осы жылдары жеткен табыстары мен тәуелсіздікке қол жеткізген 30 жыл ішінде алған асулары ұшан теңіз.

«Тұрмағамбет атындағы халық аспаптары оркестрі», «Сыр самалы» вокалды аспапты ансамблі, «Томирис» би ансамблі, «Ақмешіт» фольклорлық ансамблі, камералық оркестр, «Тұран» триосы, «Әдемі» балалар музыкалық театр студиясы, «Қорқыт сазы» қобызшылар ансамблі – осы облыстық филармонияның тәуелсіздік жылдарындағы төл перзенттері. Онымен қоса, жыл сайын жеке орындаушылар мен жыршылардың қатарын талантты жастар толық-тыруда. Қоғамдағы өзгерістерге қарай филармонияның материалдық-техникалық базасы жылдан-жылға нығайып, заманауи техникалардың озық үлгілерімен жабдықталып келеді. Мұның барлығы тәуелсіздіктің жемісі деуге болады.

Филармонияның камералық оркестр құрамы Босния-Герцеговина, Сербия, Венгрия, Түркия мемлекеттерінде Түркітілдес елдердің қатысуымен өткен камералық оркестрлер фестивалінде өнер көрсетті. Сонымен қатар Өзбекстан Республикасы, Навои қаласында халықаралық достықты нығайту және бауырлас халыққа қазақ жұртының мәдени мұрасын, ұлттық өнерін насихаттау мақсатында Тұрмағамбет атындағы халық аспаптар оркестрі және жеке орындаушылардың «Сырдария достық арнасы» атты концерті өткізілді. Ақтөбе қаласының 150 жылдығы және Ғ.Жұбанова атындағы облыстық филармонияның 75 жылдығына орай өткен «JUBANOVTAR AYENI» халықаралық ұлт аспаптар оркестрлері және ансамбльдердің фестиваль-байқауында «Ақмешіт» фольклорлық ансамблі жеңімпаз атанды. Камералық оркестр әртісі Раджапов Олимджан Камилджанұлы Біріккен Араб Әмірліктерінің Дубай қаласында өткен ІІІ Халықаралық «JUMEIRAH SOUNDS» конкурсында ІІ орын алды.

Камералық оркестр – Алматы қаласында өткен «ӘУЕН FEST» қазақ камералық музыка фестивалінде ІІІ орын иеленді. Өткен жылы – облыс әкімінің Қорқыт мұраларын насихаттауға арналған 5 жылдық кешенді іс–шаралар жоспары аясында «Қорқыт сазы» қобызшылар ансамблі құрылды. Ансамбль – қыркүйек айында Украина мемлекетінде өткен «Яркие таланты осени» фестивалінен және желтоқсан айында Лондонда өткен «Super World Talent – 2020» халықаралық фестивалінен бас жүлдемен оралды.

«Әдемі» балалар музыкалық театр-студиясы – Мәскеу қаласындағы «Шығармашыл жастарды қолдау жөніндегі іс-шараларды ұйымдастыру» әлеуметтік жобасына онлайн түрде қатысып, Г.Остердің «Мазасыз тиын» қойылымын сахналап, арнайы грант иегері атанды. Камералық оркестр әртісі Р.Балмасов Ұлыбритания елінде өткен «Super World Talent – 2020» халықаралық фестивалінен бас жүлде жеңіп әкелгені Сыр жұртшылығы үшін зор мәртебе болды. Өнер ұжымдарының шығармашылық байланысын арттыру мақсатында елімізде тұңғыш рет ұйымдастырылған онлайн форматтағы «Сәлем, Елорда!» І республикалық өнер фестивалінің шымылдығы Сыр бойы өнерпаздарының «Сыр – алаштың анасы» атты концертімен ашылды. Сыр елінде тұңғыш рет

А.Жұбанов пен Л.Хамидидің «Абай» операсы Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойына арнайы сахналанып, тұсаукесер рәсімі өтті.

«ЖАСТАР ТЕАТРЫ» – ЖАҢА БЕЛЕСТЕ

Өнер саласындағы тағы бір үлкен жетістік – «Жастар театры» ашылуы. Асқар Тоқмағамбетов атындағы мәдениет үйі жанынан 2016 жылдан бастап 16-21 жас аралығындағы шығармашыл жастардың басын біріктіріп, «Жастар театры» жұмыс жасайды. Театрға белгілі ақын, сценарист әрі режиссер, ҚР мәдениет қайраткері Оңталап Нұрмаханов жетекшілік жасап келеді. Бүгінгі таңда театр репертуарында көркемдік деңгейі жоғары Қ.Жүнісовтың «Алғашқы махаббат» комедиясы, А.Атымтаеваның «Қыз қасқыр» қасіретнамасы, қазіргі заманның індеттерінің бірі нашақорлыққа, діни экстримизге қарсы жазылған Б.Айдарбековтің «Неге?» және Қызылорда қаласы күніне арнайы жазылған С.Балғабаевтың «Қызылорданың қыздары» спектакльдері бар.

Шығармашылық ұжым Қызылорда қаласының 199 жылдығына орай ұйымдастырылған «Театр жәрмеңкесі» фестиваліне қатысып, қала әкімінің «Алғыс хатымен» марапатталды. 2017 жылы Астана қаласы «Жастар» театрының 10 жылдығы мен Н.Жақыпбайдың 70 жылдық мерейтойына орай ұйымдастырылған «Жанарымдағы жалғыз әуен» атты фестивальге театр актерлары А.Алдажаров, А.Абдрахман, А.Амандосовтар шеберлік сабақтарына қатысып, сертификаттар табысталды.

А.Атымтаеваның «Қыз қасқыр» (режиссер: О.Нұрмаханов) қасіретнамасымен Шымкент қаласында өткен «Ашық алаң» атты тәуелсіз театрлар арасындағы халықаралық фестивальге қатысып, «Ерғали Оразымбетов» атындағы номинациямен марапатталды. 2018 жылы Астана қаласының 20 жылдығы мен Қызылорда қаласының 200 жылдық мерейтойы қарсаңында қала көлемінде өткізілген шараларға театр әртістері қатыстырылды. Сондай-ақ Шымкент қаласы Ж.Шанин атындағы обылыстық академиялық драма театрында «Қыз қасқыр» атты қасіретнамалық қойылымын сахналап, көрермен тарапынан жоғары бағаға ие болды. Өткен жылы Абай Құнанбайұлының 175 жылдығына орай О.Нұрмахановтың «Қалың елім, қазағым, қайран жұртым…» трагифарс премьерасы сахналанды. Спектакль биыл жылы Қарағанды облысында өткен «Театр – талант шығармашылығы» атты халықаралық театр фестиваліне онлайн форматында қатысып, І дәрежелі дипломмен марапатталды.

Р.S. Міне, біз сөз еткен «Жастар театры» осындай үлкен жетістіктерге жетіп отыр. Бұл болашақта бұданда биік белестерді бағындыра беретінінің жарқын көрінісі. Тәуелсіздік жылдары жаңа биікке көтерлген Сыр өнері келешекте осы биігінен аласармайды деген сеніміміз зор. Бұл – өнерлі өлкенің өрісін танытады.

Тұрар БЕКМЫРЗАЕВ

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: