Асқар Тоқмағамбетов атындағы мәдениет үйінде белгілі ақын, табиғи талантымен дүйім елге танылған Елубай Әуезовтің «Сыйлағым кеп тұрады біреуге үміт» атты шығармашылық кеші мен 7 бірдей кітабының тұсаукесері болды.
Әдеби-сазды кешті арқалы ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Дүйсенбек Аяшұлы жүргізді.
Мерейлі кеште облыс әкімінің орынбасары Шахмардан Байманов ақынға аймақ басшысының құттықтауын тапсырып, Сыр елінің ізгі лебізін жеткізді. Арқалы ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, республикалық «Таң-шолпан» журналының бас редакторы Нұрлыбек Саматұлы, белгілі ақындар Асантемір Қаршыға, Айдар Сейдазым құттықтап, сый-сыяпатын тапсырды.
Сыр елінің шығармашылық өкілдері атынан Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері Қатира Жәленова, ардагер ұстаз, ақын Қанзада Алтаева құттықтап, арнау жырын оқыды.
Аймақтың ел ағалары Өмірбек Шәменов, Ибрагим Әбибуллаев, ақынның ауылдасы, тарихшы, өлкетанушы Жұмабай Байзақ жүрекжарды тілегін білдіріп, 7 кітаптың тұсауын кесті. Қалалық жастар театрының актерлері ақын шығармашылығынан өлең оқып, көрерменге ғажап көңіл-күй сыйлады.
Гауһар АСҚАРҚЫЗЫ
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!