Бейсенбі, 17 сәуiр, 00:29

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№27, 2140
15.04.2025
PDF мұрағаты

700 млрд теңге немесе шаруаны қолдау

08.04.2025

805 0

Өзіміз өнім өндірмей, өрісіміз кеңеймейтіні анық. Бағаны тізгіндеудің негізгі тетігі де осы. Ел экономикасының әлеуетін көтерер  ауыл шаруашылығы саласына қолдау қашанда маңызды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтай отырысында алдағы бес жылда ауыл шаруашылығы өнімінің жалпы өндірісін екі есе арттыру қажеттігін атап айтқан еді. Осыған орай кеше Үкімет басшысы Олжас Бектенов  тиісті сала өкілдерімен бірге Президент тапсырмасын орындау жайын талқылады. Премьер-министрдің отандық ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілермен кездесуінде агроөнеркәсіп кешенін дамытудың өзекті мәселелері, көктемгі дала жұмыстарының барысы, шаруаларды қолдау шаралары, сондай-ақ қосымша пысықтауды қажет ететін өзара іс-қимыл бағыттары талқыланды.

Үкімет басшысы ауыл шаруашылығы саласын қолдау әрдайым басты назарда екенін атап айтты.

– Президент қолдауының арқасында ауыл шаруашылығына ерекше көңіл бөлінуде. Мемлекет басшысы атап өткендей, еліміздің азық-түлік қауіпсіздігі өзінің құндылығын ешқашан жоймайды. Біздің жағдайымызда жеңілдетілген қаржыландыру үшін 700 млрд теңге табу оңай емес, алайда біз мұны іске асырып жатырмыз және қолдаудың бұл түрін одан әрі арттыра береміз. Қазіргі қолданыстағы тетіктердің барлығы жалғасын табады. Нәтижесі де жоғары болып, біз бәсекеге қабілетті ауыл шаруашылығын құра аламыз деген сенім бар, – деді Олжас Бектенов.

Жүгі ауыр саланы қолдау жұмысы жүйелі. Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров шаруаларды қолдау жайын баяндады. Министрдің айтуынша, егіс науқанын жеңілдікпен қаржыландыру көлемі өткен жылы 580 млрд теңгеге дейін және несиелеуді мерзімінен бұрын іске қосу арқылы биыл рекордтық 700 млрд теңгеге дейін артты (бұрын қаржыландыру 140 млрд теңгеден аспаған). Алғаш рет көктемгі дала жұмыстарында қарыз сомасының 85%-на дейін кепілдендірудің арнайы бағдарламасы енгізілген. Сондай-ақ бір жыл ішінде қаржыландыру көлемін 80 млрд теңгеге ұлғайту арқылы 5%-бен 200 млрд теңгеге дейін жеткізу ауыл шаруашылығы техникасы лизингінің қолжетімділігі артқан, бұл ретте техниканың өзі – кепіл, ал жарна инвестициялық субсидия бола алады екен. Ал азық-түлік корпорациясына форвардтық сатып алуларға 30 млрд теңге, географияны кеңейту үшін экспорттық шығыстарды субсидиялауға 40 млрд теңге бөлінгені де атап айтылды. Сонымен қатар қайта өңдеу кәсіпорындарына айналым қаражатын толықтыру үшін несие беру өткен жылдан басталған жұмыстың бірі. Несиелеу көлемі 35 млрд теңгені құрайды. Биыл бұл мақсаттарға 48 млрд теңге бөлу міндеті тұр. Айналым мақсаттары үшін жеңілдікті несиелер қайта өңдеуді жүктеуге мүмкіндік береді.

 «Малым – жанымның садағасы» дейтін қазақ атакәсіпті дамыту үшін қолдау қажет. Бұл орайда үкімет ауыл тұрғындарын жыл бойы жұмыспен қамтамасыз ететін сала ретінде мал шаруашылығын дамытуға ерекше көңіл бөлуде. Сала министрі хабарлағандай, мал шаруашылығын дамыту мақсатында мал бордақылау алаңдарының жұмысын дамытуды қолдау, жеңілдікпен несие беру және селекциялық-асыл тұқымдық жұмысты субсидиялау қайта қаралмақ.

Шаруалар инвестициялар туралы келісім, инженерлік инфрақұрылым салу, сондай-ақ ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерді арзандатылған газбен қамтамасыз ету бойынша жеңілдетілген несие алушылар санатын кеңейту жөнінде ұсыныстар айтты. Сонымен қатар инвестициялық мақсаттарға тікелей жеңілдетілген несие беру, астық пен өсімдік майын терең өңдеу, ауыл шаруашылығын сақтандыру, ішкі нарықты қамтамасыз ету, экспортты дамыту, цифрландыру, реттеуші және салық саясаты, сондай-ақ ауылдық жерлерде баспана мәселесін шешу мәселесі талқыланды.

Үкімет басшысы агроөнеркәсіп кешенін экономиканың технологиялық және иннова­циялық секторына айналдыру жөніндегі стра­тегиялық мақсатқа назар аударды. Ол үшін әрбір ауыл шаруашылығы өндірушісі заманауи агротехнологияларды енгізуге, еңбек өнімділі­гін арттыруға, тиімділігі жоғары және экспортқа бағдарланған өнімдер түрін кеңейтуге ұмтылуы тиіс.

– Мемлекет аграрлық кәсіпорындарға жан-жақты қолдау көрсететін болады, олар өндіріс көлемін ұлғайтып қана қоймайды, сонымен қатар тұрақты әрі өзін-өзі қамтамасыз ететін ауылдық қоғамдастықтарды қалыптастыра отырып, ауылдағы тұрмыс сапасын арттыруға нақты үлес қосады. Бірлескен жұмыстың нәтижесі қазақстандықтарды өз өндірісіміздің сапалы әрі қолжетімді азық-түлік өнімдерімен қамтамасыз етуде көрінуі тиіс. Қазақстан ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеу саласында бәсекеге қабілетті ел ретінде танылуы керек, – деді премьер-министр.

Несібесін Жер-Анаға тер төгу арқылы тапқан шаруаға қолдау болса, еңсесі көтерілері сөзсіз. Ауыл шаруашылығы саласын қолдау арқылы ауыл тіршілігіне жан бітетіні белгілі.

Гүлмира ДІЛДӘБЕКОВА

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: