Жұма, 17 мамыр, 15:39

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№38-2048
14.05.2024
PDF мұрағаты

Түйе бағатын Фатима

13.02.2024

440 0

Түйе бағу екінің бірінің қолынан келе бермейді. Ер кісілердің өзі бұл кәсіпке баруға жүрексінеді десек, артық айтқандық емес. Ал жаны нәзік әйел заты үшін қиынның қиыны. Талсуат ауылының тұрғыны Фатима Кемалова Ойсылқара төлінің қыр-сырын меңгеріп, кәсібін дөңгелетіп отыр.

Кейіпкеріміз түйе бағу үшін қаладағы тұрмыс-тіршілігін тастап, Талсуат ауылына көшкен. Ол түйе жанын түсініп, қыңыр мінезін басып, ауыл тұрғындары үшін де игі іс атқарып жүр. Әу баста жылқы баққан кәсіп иесі кейін түйе шаруашылығын қолға алған.

– 2022 жылы түйе шаруашылығымен айналыса бастадым. Бұл жануардың сырын білу оңайға соқпады. Қыңыр мінез танытып, жайылымға айдасам жүрмеген соң бір күні өзім алдына түсіп, бағыт көрсеттім. Олар да ізімнен ілесіп жүре берді. Осылайша жаңа нәрсені тәжірибе жасау арқылы ойсылқараның оғаш мінездерін тез түсіндім,– дейді Фатима әпке.

«Қуырдақтың көкесін түйе сойғанда көресің» дегендей, кейіпкеріміздің айтуынша, түйе 500 келіге дейін ет береді. Ол артық майын өркешке жинайды. Сондай-ақ түйенің өт қалтасы болмайды және еті құнарлы диеталық тағам түріне жатады. Өйткені оның құрамында майдың ішкі қабаты жоқ. Құрамында форфор, калий, магний, темір секілді адам ағзасына пайдалы элементтер мен дәрумендер бар екен.

– Ойсылқараның жүні сұранысқа ие әрі биязды жұмсақ болады. Түйені жүндегенде пышақпен жүндейді. Түйенің жүнін көктем айларында күзейді. Ал шудасы буын ауруына пайдалы. Түйенің шудасын тұзға салып қайнатып аяқ буыны сырқырағанда, сарысу жиналған жерге таңса жақсы болады. Тіпті бұл жануардың табаны да пайдалы. Бұрын күні бойы жүрген соң екі өкшем бастырмай ауыратын. Аяғым қақсап, жанымды қоярға жер таппай қаламын. Содан бір күні түйе табанының пайдасы туралы естідім. Табанын суға қайнатып, күнделікті таңғы ас орнына жеп отырдым. Нәтижесін көріп таңқалдым. Қазір аяғым ауырмайды, өкшем қақсамайды, – дейді Фатима Рамаданқызы.

Түйенің тағы бір ерекшелігі, жыл он екі ай буаз болады. Тіпті халық арасында айы-күні жетіп отырған келіншек толғағы кешіксе, «түйенің етін жеген бе?» деп жатады. Ондайда түйе өнімінен дәм татқызып, шудасын иіскетіп, толғақ шақырады екен. «Жүктілік кезінде түйе етін жеген болашақ аналардың балалары аяқ қолы балғадай болып өмірге келеді. Мұны тәжерибеден өткіздім», – деді шаруашылық иесі.

Түйе күніне 3 литр сүт береді екен. Сүтінен шұбат ғана емес, жылма да жасайды. Ол өкпе ауруына және қатты салқын тигенде дәріханалардағы дәріден әлдеқайда пайдалы көрінеді. Әу баста ойсылқараны кәсіп қыламыз деп ойламаған шаруа түйе сүтінен қалай шипа тапқанын айтты.

– Отағасы бауыр ауруымен ауырды. Бір күні бұл аурудың дерті – түйе сүті дегенді естідік. Қаладан ауылға көшіп, түйе жинадық. Күнделікті жаңа сауылған түйе сүтін ішкен күйеуім аз уақыттың ішінде дертінен айығып, денсаулығы жақсарғанын байқадық, – дейді түйеші.

Күйіс қайыратын жануардың ішінде ең төзімдісі – түйе. Қырық күн шөлге шыдайтын бұл жануар тіпті ерекше күтімді де қажет етпейді. Азығын да жайылымда жүріп өз тауып, тіпті дарияға мұз қатқанда 10 күн сусыз жүрген екен.

– Ішінде ең ерекше көретінім алғаш атын қойған «Дәу нар». Мынадай қызық оқиға болды. Бір күні жайылымнан Дәу нар түйе келмей қалды. Басқа түйе мен боталарды қорадан шығарып, жем-суларын бере бастадым. «Дәу нардың» ботасы да шығып, енесін іздей бастады. Бота жүгіріп келіп, «тауып бер» дегендей алдыма келіп екі тұяғымен теуіп, жерге жықты. Дәу нарды тауып әкелдік. Жайылымда жіпке ілініп қалған екен. Таңертең түйе саууға шықсам, жоламайтын бота жаныма келді. Беті-қолымды жалап, жүзімнен иіскеп менен кешірім сұрап жатқандай болды. Жануарда да осындай сезім болады екен-ау деп көз жасымды тоқтата алмадым, – дейді Фатима апай.

Кейіпкеріміз бұл кәсіпке мемлекеттік бағдарлама арқылы келіпті.

– Бұл кәсіпті «Ауыл шаруашылығы» бағдарламасымен бастадым. Өз ісін бастаймын деген жанға мемлекет тарапынан қолдау көп. Сонымен қатар ауылға көшіп келген кезде шаруашылыққа қолайлы етіп жерімді кеңейткім келді. «Осы ауылдың өркендеуіне пайдамды қосқым келеді. Кәсіпті дөңгелетіп әкетсем, менің де ауыл тұрғындарына пайдам тиеді» деп, ауыл әкімінен қосымша жер сұрадым. Осылайша ауылдан да қолдау таптым. Бүгінде 49 сотық жерде шаруашылықпен айналысып жатырмын. Ауыл тұрғындарына да көмектесіп тұрамын. Тұрғындар да дән риза, – деді Фатима Кемалова.

Жалпы қалаға қарасты Талсуат ауылдық округінде түйе шаруашылығымен айналысатын бірнеше кәсіп иесі бар. Соның ішінде біздің кейіпкеріміз бүгінде өз несібесін тауып қана қоймай, ауыл тұрғындарына да қолғабыс етіп жүр.

Марина САҒИДАТБЕК,

Суреттерді түсірген Нұрболат НҰРЖАУБАЙ

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: