Ақиық ақын Жұбан Молдағалиев айтқандай бұл қазақ мың өліп, мың тірілген қайсар халық қой. Ащы да болса, ақиқаты осындай. Кеңес үкіметінің алғашқы жылдарында да халқымыздың айдарынан жел есе қоймаған-ды. Қазан төңкерісі, 20-30-шы жылдардағы жұт, күштеп тәркілеу, колхоздастыру науқаны, осыдан туындаған жаппай аштық, босқыншылық, голощекиндік геноцид дейсіз бе, әйтеуір, санап тауыса алмайтын қиындық. Қысқасы, кешегі қуғын-сүргін, зорлық-зомбылық жылдарында біздің қазақ елі өз халқының 42 пайызынан айырылған екен. Бұдан өткен ауыр нәубет пен қайғы-қасірет болар ма?
Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің профессоры, тарих ғылымдарының кандидаты Айтжан Оразбақовтың айтуынша, кеңестік билік орнағаннан кейін қазақ даласында жағдай қиындаған. Азамат соғысы жылдарында бір жағынан, қазақ ауылдарын ақтар, екінші жағынан, қызылдар келіп тонағанын, ал совет үкіметі орныққаннан кейін репрессия жаңа екпін алған.
– Репрессия құрбандарын ақтау комиссиясының жұмысына қатысып, біраз құжатпен таныстық. 1920 жылдары совет үкіметі толық күшіне еніп, өзінің репрессиялық қимылын бастаған екен. XIX ғасырдың 20-50 жылдары Қазақстанда репрессиялық аппарат жұмыс істепті.
Қазақстандағы аштық Голощекин билікке келген кезден басталды деп айтуға болады. Өйткені ол кіші қазан революциясын орнатам деп асыра сілтеушілікке барды. Соның нәтижесінде қазақтар жоспарды орындаймыз деп малынан, егіннен, жейтін тамағынан айырылып, бәрі орталыққа кетті. Соңғы кезде «Қазақстандағы ашаршылық әдейі ұйымдастырылған емес пе?» деген ой келеді. Бірақ cовет үкіметіне әдейі аштық жасауға қолайсыз жағдай болды. Азаматтық соғыс кезінде 1920 жылдардағы совет үкіметі қызметкерлерінің ішінде қазақстандықтармен бірге украиндықтар бой көрсетті. Бір ғана мысал, азамат соғысы жүріп жатқан кезде өздерінің ұлттық үкіметін құруға украиндықтар, қазақтар, Закавказия республикалары талаптанып жатты, – дейді А.Оразбаев.
Билік тарапынан әдейі жасалған ашаршылық науқаны, қазақ халқының санын 2,2 милионға кемітіп, рухани дағдарысқа әкеліп, ұлттық сананы сансыратып, елдің сағын сындырды деген дерек те бар.
А.Оразбақовтың айтуынша, ашаршылықтан кейін, ашаршылық кезінде, аштықтан қашқан қазақтар көршілес Өзбекстан, Ресей, Қытай территориясына кетіп қалған. Сол кездерде қазақтың рухын бәсеңсітуге арналған амал болуы мүмкін. Ал санына қарай қазақтың кемуін ғалым Талас Омарбековтің зерттеу еңбектерінен көруге болады.
– Революцияға дейін қазақтың интеллигенциясы Ресейде қызмет істесе, кейбірі Ресейден оқу орнын бітірген, көзі ашық, көкірегі ояу жандар болды. Тіпті олардың ішінде Думада, Алаш партиясында қызмет істегендері де бар. Ал совет үкіметі орнағаннан кейін қазақ интелегенциясының жаңа буыны көтеріліп келе жатты. Егін қалай көтеріліп, өркен жаяды, сол секілді қазақ интеллигенциясы да сапа жағынан нығайған кезі болатын. 1930 жылдан бастап қазақтың бетке ұстар азаматтарын бел орақпен қырып салғандай жағдай болды. Тіпті олардың 90 пайызын құртты деп айтуға негіз бар. Репрессия құрбандарының саны жайлы толық айту мүмкін емес. Репрессияға ұшырағандардың барлығы интеллигенция өкілдері деп айтуға болмайды. Көпшілігін жұмысшылар мен шаруалар құрайды, – дейді А. Оразбақов.
Сыр өңірінен қаншама боздақ қанды қырғынның тырнағына ілініп, ажал құшты. Ол күндерді еске алудың өзі қандай ауыр. Десе де, тарих қатпарындағы ащы ақиқатты қуғын-сүргіннің зардабын тартқан жандардың ұрпақтары қалай ұмытсын? Қаншама адамның тағдырына қара таңбасын қалдырған нәубеттің құрбаны болған әкесі Әбжаппар Жантуғанұлы жайлы әріптес ағамыз, Қазақстанның құрметті журналисі, Қазақ радиосының үздігі Ахат Жанаев көзі тірісінде тебіреніспен еске алған болатын.
– Әкем небәрі 34 жасында «Қызыл қырғынның» құрығына ілінді. Жазықсыздан жазықсыз он жылға кесіліп, қырықтың қырқасына жетпестен Волголаг лагерінде мерт болған екен. Бұл жөнінде бізге анамыз да, әжеміз де, ағайын-туыстарымыз да сыр аша бермейтін. Бәлкім, өзгелердің көзіне түрткі болмасын, ер жеткен соң өздері естіп, біле жатар деген шығар. Үлкен кісілер дастарқанда бас қосқан кездерінде ашық сырласайық дейді ме, әйтеуір, бізді маңайына жуыта бермеген көрінеді. Сонда оңаша отырғанды қолай көрген олар өзекті өртер өксікті ортаға салып, көкірек кернеген шерлерін тарқатысатын болған ғой, – деген еді ауыр күрсініп.
Әкесі – Әбжаппар Жантуғанұлы Жалағаш ауданының тумасы. Алғашқы еңбек жолын Қызылорда ет комбинатында жұмысшылықтан бастап, өзінің қажыр-қайратының арқасында басшылық қызметтерге сатылап көтерілді. 1928 жылы отбасын құрып, Ерхан, Нұрхан, Ахат есімді ұлдары дүниеге келеді. 1932-1934 жылдары Түркістан мен Қазалы ет комбинаттарын басқарып, тәжірибе жинақтады. Осылайша, 1934 жылы Украинаның Полтава қаласындағы жоғары партия мектебіне оқуға жіберіледі. Оқу орнын қызыл дипломмен бітіріп, сол жылдың жазында Әулиеата ет комбинатына директор болып тағайындалады. Өкініштісі, 2 жылдан соң, яғни 1937 жылдың 26 қарашасында ол кісі «халық жауы» деген жалған жаламен 10 жылға сотталды.
Ахат ағамыздың айтуынша, анасы Ырзакүл әкесі туралы шындықты балаларына ақыл тоқтатқан соң айтқан. «Осы уақытқа дейін әкелеріңді қан майданның бел ортасында ата жаумен шайқасып жүр деп келіп едім. Енді шындықты айтпауға арым жетер емес. Біріншіден, онсыз да жабырқау жүректеріңді жараламайын дедім. Екіншіден, кейін өздеріңе кесірі тиер, жолды байлар, өзге жұртқа жиіркенішті етер деп қауіптендім. Осылайша, шындықты бүркемелеуге тура келді. Әкелерің 1937 жылдың қараша айында он жылға сотталды. Мерзімін түгел өтегеннің өзінде 1947 жылдың күзінде елге оралуы керек еді. Енді екінші жылға қарады, хабар-ошар болмай жатыр» деді жарықтық анам деп ағамыз үнсіз қалып, сәлден соң әңгімесін әрі қарай сабақтаған болатын. Ол кісі өмірден өткенмен әкесі жайлы айтқан естелігі бәз қалпында санада сақталып тұр.
– Саяси қуғын-сүргін азабын әкеміз ғана емес, анамыз да, тіпті біз де көп тарттық. Анам аштан қырылмайық деп елге көшті. Ағайынды паналадық. 1948 жылдың күзінде азаматын 11 жыл бойы сарыла күткен анам да қайтыс болды. Біз Ұлбосын есімді нағашы әжеміздің қамқорлығында болдық. Бізді ел қатарына қосқан әжеміз 94 жасында дүние салды, – дейді репрессия құрбанының ұрпағы.
Кейіннен белгілі болғанындай, ақтық демі біткенше ақиқат деп әділетсіздіктің құрбанына айналған Әбжаппар Жанаев 1942 жылдың 20 мамырында Еділ бойындағы Волголаг концлагерінде 39 жасында өмірден озыпты. Бұл қаралы хабарды Жанаевтар әулеті 1958 жылдың күзінде ол кісі ақталған соң ғана білген екен.
Үлкен ұлы Нұрхан атамыздың мына бір өлең шумақтары көп нәрсені дәлелдеп тұрғандай.
Әкем менің жаз дидарлы жан еді,
Қайратты еді, қайыспайтын нар еді.
Амал нешік, ерте өтті өмірден,
Бәрі, бәрі 37- нің әлегі.
Әңгіме ұзақ, айта беріп нетеміз,
Айта берсек, мұңға батып кетеміз.
Бүгін біздер ата-ананың жасының,
Екі есесін жүріп өткен екенбіз.
Иә, өмірде артына ұлағатты да, ұлықты ұрпақ қалдырып, ізгіліктің шырағын жағып кеткен ардақты азаматтың ұрпағы Ахат ағамыз өзі өмірден өткенмен, әкесінің тар жол тайғақ кешумен өткен ғұмырын тарихи шындықпен сабақтастырып, «Арманда кеткен арысым» деген кітабын кейінгі ұрпаққа өлмес мұра етіп сыйға тартып кетті.
Расында, бүгінгі жастардың тәуелсіздігіміздің қаншалықты қиыншылықпен келгенін білгендері ләзім. Себебі біз әлі тарихы толық жазылып бітпеген халықпыз ғой. Ал тарихымыздың танылмаған тараулары қалай да жазылуы керек.
Гауһар АСҚАРҚЫЗЫ
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!