Оқу жылы аяқталып, балалардың асыға күтетін жаз мезгілі де келді. Әсіресе, жазғы лагерь – балалар үшін жаңа орта, қызықты ойын, достармен ерекше естеліктер мекені. Дегенмен, бүгінгі таңда балалардың лагерьге деген қызығушылығы бұрынғыдай ма деген сұрақ туындайды. Себебі, телефонға үңілген ұрпақ ештеңеге қызықпайтындай секілді. Сондықтанда балалардың қызығушылығын арттыратын танымдық бағдарламалар, спорттық сайыстар, шығармашылық үйірмелер мен қауіпсіз орта – басты назарда болуы тиіс. Жазғы демалыстың мәнді әрі есте қаларлықтай өтуі балалардың психологиялық дамуына да оң әсер етеді.
Биыл өңірдегі жазғы тынығу лагерьлері қалай жұмыс істейді? Балалардың қауіпсіздігі мен демалысын ұйымдастыру бағытында қандай жұмыстар атқарылуда? Бұл – көпшілікті толғандыратын маңызды мәселе.
Облыстық білім басқармасының мәліметіне сүйенсек, бүгінде аймақта 9 лагерь дайын тұр. Жалпы, барлық жазғы лагерь жаз маусымында 10 күннен 7 ауысымда – 4025 баланы қабылдайды. Ал жыл бойғы лагерьлерде – 11 410, барлығы – 15 435 баланы керемет жазғы демалыс күтіп тұр. Сонымен қатар биыл жаз маусымында 265 мектеп жанынан тынығу лагері тамақпен, 291 мектепте тамақсыз ұйымдастырылады.
Одан бөлек, «Қазақстан халқына» қорының демеушілігімен 829, «Балдәурен» республикалық оқу-сауықтыру орталығына 774 оқушы, демеушілер мен кәсіподақтар есебінен – 4 843 бала тынығады деп жоспарланған. Сонымен қатар жақында ғана пайдалануға берілген жаңа нысан «AI-KERIM» оқу-сауықтыру орталығы жыл бойы 8400 балаға жайлы демалыс сыйлайды деп жоспарлануда.
– Жаңа заңнама негізінде 2026 жылғы 1 сәуірден бастап лицензиялау тәртібіне сәйкес құжаттар рәсімделді. Облыстық білім басқармасымен лицензиялау мәселесіне қатысты ақпараттық-түсіндірме жиын өтті. Балаларды кедергісіз қабылдауды ұйымдастыру бойынша қажеттіліктер зерделенді. Лагерьлерде балалардың толыққанды демалып, тынығуына қолайлы жағдайлар жасалған. Лагерьге келген кезде барлық оқушы медициналық тексеруден өткізіліп, денсаулығына қарай тиісті шаралар жүргізіледі. Мұнда медициналық пункттер, оқшаулау бөлмелері қарастырылып, медицина қызметкерінің қорытындысымен күнделікті ас мәзіріне тиісті дәрумендер қосылып беріледі. Балалардың бассейнге түсуі, қала, аудандардағы өлкетану мұражайларына, тарихи-мәдени орындарға саяхаты басқа да түрлі бағыттағы іс-шаралар ұйымдастырылады. Бүгінгі күні басқармаға қарасты жазғы тынығу лагерьлеріне жыл сайын ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілді. Қажетті материалдық-техникалық жабдықтары жаңартылды. 1 маусымға барлығы толық дайын, – деді облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Асхат Қанатов.
Қаламыздағы білім беру ұйымдары да балғындардың демалыс кезеңін қызықты өткізу үшін барлық жағдайды жасады. Жыл өткен сайын оған айрықша көңіл бөлініп келеді. Соның дәлелі ретінде лагерьлерде демалатын оқушылар саны артқанын айтуға болады. Қоғамның басты байлығы – бала. Сол үшін де балғындарға қажетті мүмкіндіктер қарастырылып, олар маңызды науқан кезінде ұмыт қалған емес. Биыл жазғы кезеңде облыс орталығындағы мектептер жанынан жұмыс жасайтын 61 жазғы тынығу лагері тамақпен ұйымдастырылып, онда 2815 оқушы қамтылса, 61 лагерьде тамақсыз ұйымдастырылып, онда 4415 оқушы демалады. Аймақтағы қала сыртында орналасқан 2 лагерь мен орталықтарда 4 ауысымда 1564 бала демалыспен қамтылады деп жоспарланған. Қала бойынша 70 802 оқушынының жазғы демалысын тынығу лагерьлерінде өткізуге мақсат етілген.
Жазғы лагерь баланың қоғамдық өмір дағдыларын дамытып, өзін-өзі басқаруын, ұқыптылығын шыңдайды. Мұндағы әрбір бала әртүрлі шараларға қатысып, ой-өрістерін дамытып, талай-талай танымдық дүниелермен танысады. Сондықтан да балалардың жаз мезгілінде денсаулығын сауықтырып, шығармашылығын дамыту – бүгінгі күннің басты міндеті болып отыр.
А.БАТЫРБАЙҚЫЗЫ
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!