Meta компаниясы Instagram, Facebook және WhatsApp платформаларында ақылы Plus жазылымдарын жаһандық деңгейде іске қосқанын жариялады. Бұл туралы 24kg жазды, – деп хабарлайды KAZINFORM
Бұған дейін бұл тарифтер шектеулі тестілеу кезеңінде болып, тек қолданушылардың белгілі бір бөлігіне ғана қолжетімді еді.
Жаңа жазылымдардың ай сайынғы құны:
- Instagram Plus — 3,99 АҚШ доллары;
- Facebook Plus — 3,99 АҚШ доллары;
- WhatsApp Plus — 2,99 АҚШ доллары.
Компания әзірге жаңа тарифтердің барлық мүмкіндігін толық жариялаған жоқ. Дегенмен алдыңғы сынақтар барысында белгілі болғандай, Instagram Plus пен Facebook Plus жазылымдары негізінен Stories (оқиғалар) функцияларын кеңейтуге бағытталған.
Жазылушылар:
- оқиғаларды әдеттегі 24 сағаттың орнына 48 сағатқа жариялай алады;
- қаралымдар бойынша кеңейтілген статистикаға қол жеткізеді;
- басқа пайдаланушылардың оқиғаларын анонимді түрде қарай алады;
- интерфейсті жекелендіру құралдарын пайдаланады;
- Facebook пен Messenger иконкаларын өзгерте алады;
- эксклюзивті анимациялық реакцияларға қол жеткізеді.
Сонымен қатар Meta жасанды интеллектке арналған Meta AI қызметтерінің жаңа жазылымдарын да сынақтан өткізе бастады. Олардың қатарында:
- One Plus,
- One Premium,
- One Essential,
- One Advanced.
тарифтері бар. Бағасы айына 7,99 доллардан 49,99 долларға дейін өзгереді.
Компанияның мәліметінше, жаңа жазылымдар әлем бойынша кезең-кезеңімен енгізіледі. Сондықтан олардың қолжетімді болуы әр өңірде әртүрлі уақытта іске асуы мүмкін.
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!
