Аймақта аралас жекпе-жек спортына қызығушылық танытатын жастардың қатары күн санап артып келеді. Бұл спорт түрі жарыс алаңындағы жеңіспен ғана шектелмей, тәртіпке, төзімділікке, өз-өзіңді қорғауға және салауатты өмір салтына тәрбиелейтін маңызды бағыт.
Үйірме жетекшісі, ұлттық жекпе-жектен ҚР Әлем және Азия чемпионы, халықаралық дәрежедегі спорт шебері Бейбітжан Қоблановтың айтуынша, ММА жаттығуларына 7 жастан бастап қатысуға болады.
– Жасөспірімдерге де, ересектерге де есігіміз ашық. Қазір 38 жастағы азамат балаларымен бірге келіп, жаттығу жасап жүр. Бұл – әкенің өз балаларына салауатты өмір салтын сөзбен емес, іспен насихаттап жүргенінің нақты көрінісі, – дейді жаттықтырушы.
ММА спортының балалар денсаулығына пайдасы зор. Себебі аралас жекпе-жек бірнеше спорт түрінің элементтерін қамтиды. Жаттығу барысында бала күш-қуатын арттырып қана қоймай, шапшаңдық, ептілік, шыдамдылық және өзін-өзі қорғау әдістерін меңгереді.
– Қазіргі таңда балалардың көп уақыты телефон мен түрлі гаджеттерге кетуде. Осындай кезде спорт – олардың денсаулығын нығайтып, бос уақытын тиімді өткізуіне үлкен мүмкіндік. ММА арқылы бала тәртіпке үйреніп, өзіне сенімділік пен төзім қалыптасады, – дейді спортшы.
Жаттықтырушы бұл спорт түрі әскери салаға немесе құқық қорғау органдарына баруды армандайтын жастар үшін де таптырмас дайындық екенін атап өтті. Үйірме спортшыларының арасында түрлі жарыстарда топ жарып жүрген жеңімпаздар бар. Қазақстан чемпионаттарында жүлделі орындарға ие болған спортшылар бүгінде халықаралық додаларға дайындық жүргізуде. Алдағы уақытта Вьетнамда 6-10 маусым аралығында өтетін Азия чемпионатына қатысу жоспарланып отыр. Аймақта алдағы күндері де спортсүйер қауымға арналған бірқатар маңызды жарыс өтпек.
– 30 мамыр күні Президент саябағында көз түйістіру рәсімі ұйымдастырылады. Ал 31 мамыр күні сағат 17:00-де «Евразия» спорт кешенінде Қызылорданың үздік спортшылары халық алдында өнер көрсетеді. Аталған додаға 6 жұлдызды жекпе-жек енгізілген. Сонымен қатар басқа мемлекеттерден келетін спортшылар да қатысып, көрерменге тартысты кездесулер ұсынбақ. Жарысымыз жоғары деңгейде өтеді деп сенеміз. Барша қала тұрғындарын, спортсүйер қауымды келіп қолдау көрсетуге шақырамыз. Қонақ болыңыздар, – дейді Бейбітжан Қобланов.
Бетті дайындаған
София Хайрулла
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!