Сенбі, 30 мамыр, 00:51

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№40 (2252)
30.05.2026
PDF мұрағаты

Жақсыгүл Тоғанова, Қызылорда облысы бойынша бала құқықтары жөніндегі уәкіл: Әр бала бақытты болуға лайық

30.05.2026

45 0

1-маусым халықаралық балаларды қорғау күніне орай  облыстың бала құқықтары жөніндегі уәкілі Жақсыгүл Тоғановамен  аймақтағы балалардың құқығын қорғау мәселесі мен ата-ана қамқорлығынсыз қалған балаларды әлеуметтік қорғау жайы туралы  сұхбаттасқан едік.

– Қызылорда облысы бойынша бала құқықтары жөніндегі уәкіл екеніңізден хабардармыз. Өзіңіздің жұмысыңыздың бағыты туралы айта кетсеңіз.

– Бала құқықтары жөніндегі уәкіл  қызметінің басты мақсаты – әр баланың құқығының сақталуын қамтамасыз ету және олардың қауіпсіз, қолайлы ортада өмір сүруіне жағдай жасау. Біздің негізгі жұмысымыз балалардың өмір сүру, білім алу, денсаулық сақтау, әлеуметтік қорғалуы секілді конституциялық құқы­ғының сақталуын бақылаудан басталады. Сонымен қатар балалардан, ата-аналардан немесе заңды өкілдерден келіп түсетін арыз-шағым қаралып, тиісті шешім қабылданады. Білім беру, денсаулық сақтау, ішкі істер, әлеуметтік қорғау саласындағы мекемелермен бірлесіп жұмыс жүргіземіз. Балаларға қатысты құқық бұзушылықтың, әсіресе зорлық-зомбылық, буллинг, кемсіту, қараусыз қалу секілді мәселенің алдын алу – маңызды бағыттың бірі. Осы мақсатта мектептерде кездесу, түсіндіру жұмысы мен тренинг өткізіледі.

Әсіресе, әлеуметтік осал топтағы, жетім, мүмкіндігі шектеулі, аз қамтылған отбасы балалары назардан тыс қалмайды. Сондай-ақ өңірдегі балалардың жағдайына мониторинг жүргізіліп, проблемалық мәселе бойынша ұсыныс әзірленеді. Қоғамдық ұйымдармен, ата-ана­лармен бірлескен жобасы іске асады. Дағдарыстық жағдайда баланың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге де тікелей атсалысамыз.

– Бала құқығы заңмен қорғалады. Десе де,  қазір қоғамда балалар түрлі қиын жағдайға ұшырауда. Оны күнделікті ақпарат көздерінен көріп, жаға ұстайтын жайтқа тап боламыз. Сіздердің тарапыңыздан осы мәселеге қаншалықты талдау жасалады?

– Әрине, балалардың құқығының бұзылуына қа­тысты мәселе тұрақты  зерделеніп, талдау жұмысы жүргізіледі. Егер бала зорлық-зомбылыққа, буллингке, немқұрайлылыққа немесе заңсыз еңбекке тартылса, алдымен оның себептері мен деңгейі анықтала­ды. Соған сәйкес алдын алу және қорғау шарасы қолға алынады.Бұл бағытта облыстық Ішкі істер органы­мен, прокуратурамен, сот органымен, білім және денсау­лық сақтау ұйымымен, қорғаншылық және қамқор­шы­лық органымен, әлеуметтік қорғау мекемелері­мен, психологиялық қолдау және үкіметтік емес ұйым­мен бірлесіп жұмыс атқарамыз.

Басты мақсат – баланың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, құқығының бұзылуына жол бермеу және оған қажетті құқықтық, психологиялық, әлеуметтік көмек көрсету. Сонымен бірге мектептерде кездесулер  мен профилактикалық іс-шара тұрақты ұйымдастырылады.

– Тіпті елімізде мектеп жа­сындағы балалардың өз-өзіне қол салу дерегі де тіркеліп отыр. Біздің аймақта ондай жағдай тіркелді ме?

– Өкінішке орай, Қызылорда об­лысында биыл 1 суицид және 3 суицидке ұмтылу жағдайы тіркелді. Дегенмен бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда төмендеген. Мәселен, 2025 жылдың алғашқы бес айында 5 аяқталған жағдай тіркелсе, биыл осы кезеңде 1 жағдай ғана тіркеліп отыр. Қазіргі таңда жасөспірімдер арасындағы суицидтің алдын алу бағытында кешенді жұмыс жүргізілуде. Мектеп психологтарының жұ­мысы күшейтіліп, арнайы семинарлар мен тренинг­тер ұйымдастырылуда. Онда қауіп тобындағы балалар­ды ерте анықтау, эмоционал­­дық жағдайын бағалау, дағда­рыс кезеңіндегі жасөспірім­мен жұмыс тәсілі үйретіледі. Өңірде психологиялық қолдау орталықтары, сенім телефон­дары, шұғыл көмек кабинеттері жұмыс істейді. Сонымен қатар буллинг пен кибербуллингтің алдын алу бойынша түсіндіру жұмысы, ата-аналар жиналыстары, қауіпсіз интернет тақырыбындағы сабақтар өткізіледі. Мамандар суицидтің негізгі себебінің бірі ретінде психологиялық қысым мен жалғыздықты атап отыр. Сондықтан ата-аналармен жұмысқа да ерекше көңіл бөлінеді. Баланың мінезіндегі өзгерістерді дер кезінде байқау, күйзеліс пен тұйықталу белгісін тану мәселелері түсіндіріледі. Білім беру, денсаулық сақтау, полиция және прокуратура органдары бірлескен кеңес өткізіп, қауіпті жағдайды ерте анықтау алгоритмін енгізуде. Сонымен қатар UNICEF қолдауымен жасөспірімдердің психикалық денсаулығын нығайтуға арналған бағдарлама жүзеге асырылып келеді.

– Ата-ананың қамқорлығынсыз қалған балаларға қандай қолдау бар?

– Ата-ананың қамқорлығынсыз қалған балалар әрдайым ерекше назарда болады. Мұндай балалардың құқығының сақталуына тұрақты бақылау жүргізіліп, жан-жақты қолдау көрсетуге басымдық беріледі. Атап айтқанда, қорғаншылық немесе қамқоршылық рәсімін заң аясында ұйымдастыру, білім алуына және медициналық көмекке қолжетімділігін қамтамасыз ету, психологиялық әрі әлеуметтік қолдау көрсетіледі. Сондай-ақ мемлекеттік жәрдемақылар мен әлеуметтік көмектерді алуына жәрдем беріліп, тұрғын үй және мүліктік құқығының сақталуы қадағаланады. Балаларды отбасылық тәрбиеге орналастыру  асырап алу, патронат, қамқоршылық мәселесі де басты назарда. Қажет жағдайда балалар қауіпсіз ортаға орналастырылып, қорғаншылық органдармен, әлеуметтік қызметтермен, білім беру мекемесімен және құқық қорғау органымен бірлескен жұмыстар жүргіземіз.

– Шешілу қиын проблемалар бар ма?

– Өкінішке орай, балаларға қатысты күрделі мәселе  әлі де бар. Соның бірі – отбасындағы зорлық-зомбылық. Кей жағдайда балаға жасалған қысым жасырын қалып, оны анықтау қиынға соғады. Буллинг пен кибербуллинг те үлкен мәселе болып отыр. Әсіресе әлеуметтік желідегі қорлау әрекетін бақылау күрделі. Сонымен қатар кейбір отбасыларда ата-ананың жауапкершілігінің төмендігі, бала тәрбиесіне жеткілікті көңіл бөлмеуі де алаңдатады. Әлеуметтік жағдайдың төмендігі, жұмыссыздық, тұр­ғын үй мәселелері балалардың толыққанды өмір сүруіне кедергі келтіреді. Жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларды отбасылық ор­таға орналастыруда да қиындық кездеседі. Соңғы уақытта балалар арасындағы психо­ло­гиялық күйзеліс, жалғыз­дық, қорқыныш сезімі жиілеп барады. Кей ба­лалар көмек сұраудан қорқады. Бұдан бөлек интернетке тәуелділік пен қауіпті контенттің әсері де ерекше алаңда­тады. Инклюзивті білім беру саласында ар­найы мамандар мен қолже­тім­ді ортаның жетіс­пеуі байқалады. Сондай-ақ  кей ата-аналар мен балалар өз құқығын толық білмейтіндіктен, мәселе уақы­тында шешілмей жатады.

– Кейде бала еңбегі қана­лып,  құқығы тапталып жатады. Сондай сәтте сіздер тарапыңыздан қандай көмек беріледі?

– Егер бала еңбегінің қаналуы немесе бала құқығының бұзылуы анықталса, бұл мәселе бірден бақылауға алынады. Ең бастысы, баланың қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Мұндай жағдайда тексеру жүргізіліп, құқық қорғау органдарына ақпарат беріледі. Заңсыз еңбекке тартқан тұлғаның әрекетіне құқықтық баға берілуі талап етіледі.

Сонымен қатар балаға психологиялық, әлеуметтік және қажет болған жағдайда медициналық көмек ұйымдастырылады. Оның білім алу құқығының сақталуына бақылау жасалып, отбасымен және мектеппен түсіндірме жұмысы жүргізіледі.

Қажет болса, әлеуметтік қорғау және қамқоршылық органдары да жұмысқа тартылады. Бұдан бөлек, осындай жағдайдың алдын алу үшін мектептерде, колледждерде және қоғам арасында тұрақты профилактикалық жұмыс үздіксіз  жүргізілуде.

– Біздің аймақтағы балаларға жаса­лып жатқан қамқорлықтың ерекше екенін білеміз. Осы тұрғыда кеңінен тоқталсаңыз.

– Дұрыс айтасыз, біздің облыста балаларды қорғау мен олардың жан-жақты дамуына ерекше көңіл бөлініп келеді. Соңғы жылдары балалардың қауіпсіздігі, сапалы білім алуы, денсаулығы мен бос уақытын тиімді ұйымдастыру бағытында ауқымды жұмыс атқарылуда.

Білім беру саласында жаңа мектептер мен қосымша білім беру орталықтары ашылып, балалардың заманауи жағдайда білім алуына мүмкіндік жасалуда. Соның бірі – ғылым, IT, робототехника, өнер және спорт бағыттарын қамтитын «Сыр жұлдыздары» шығармашылық инновация академиясы. Соңғы жылдары өңірде 3 Оқушылар сарайы мен 2 өнер мектебі пайдалануға берілді. Сонымен қатар 80-ге жуық спорт және балалар ойын алаңдары салынды. Мемлекет басшысының қолдауымен облыс орталығында жыл бойы жұмыс істейтін 300 орындық «AI-KERIM» оқу-сауықтыру орталығы ашылды. Ал «Келешек  мектеп» ұлттық жобасы аясында заманауи мектептер салынуда. Ауыл балаларының сапалы білім мен интернетке қолжетімділігін арттыру мәселесіне де басымдық берілген. Ерекше білімді қажет ететін балалар үшін инклюзивті орта қалыптастыру, психологиялық-педагогикалық қолдау кабинетін ашу жұмысы күшейіп келеді.

Балалардың қауіпсіздігі үшін мектептерде бейнебақылау  орнатылып, буллингтің алдын алуға қадам жасалуда. Сонымен бірге жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алу бағытында полиция, білім бөлімдері және ата-аналармен бірлескен профилактикалық жұмыс жүйелі  жүргізілуде.

Жазғы демалыс кезінде балаларды сауықтыру лагерімен қамту, спорттық және шығармашылық үйірмеге тарту мәселесі де назардан тыс қалған емес. Аз қамтылған және көпбалалы отбасы балаларына  мектеп құралы беріліп, тегін ыстық тамақпен қамтылуда.

Басты мақсат – әр баланың өзін қауіпсіз сезінуіне, сапалы білім алып, ба­қытты балалық шақ кешуіне жағдай жа­сау.

– Балаларды қорғау күні мерекесіне тіле­гіңіз…

– Барша балаларды 1 мау­сым – халықаралық балаларды қорғау күні­мен шын жүректен құттықтаймын. Бұл күн – әр баланың бақытты балалық шағы мен жарқын бола­шағы туралы ойланатын ерекше күн. Бала – әр отбасының бақыты, елі­міздің ертеңі. Сондықтан балаларымыз әрдайым аман, жүздері күлкіге толы болсын деп тілеймін. Еліміздің болашағы балаларға  зор денсаулық, шаттыққа толы балалық шақ, оқуда табыс, асқақ арман тілеймін. Әр отбасында береке мен мейірім орнап, балаларымыз елдің жарқын болашағына айналсын. Бақытты балалық шақ – әр баланың құқығы. Әр бала бақытты болуға лайық.

–       Сұхбатыңызға рахмет

Сұхбаттасқан Гауһар ҚОЖАХМЕТОВА

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: