Сенбі, 30 мамыр, 00:51

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№40 (2252)
30.05.2026
PDF мұрағаты

Заң мақұлданды: Бұралқы ит мәселесі шешіле ме?

30.05.2026

41 0

Соңғы жылдары қоғамда қызу талқыланып келе жатқан бұралқы иттер мәселесі адам өмірі мен қауіпсіздігіне қатер төндіріп отыр. Осы түйткілге байланысты Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне жануарларға жауапкершілікпен қарау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңға қол қойды.

2021 жылы «Жануарларға жауап­кер­шілікпен қарау туралы» заң қабыл­данған еді. Заң бойынша қаңғыбас иттер мен мысықтарды жаппай жою тоқтатылып, олардың санын реттеу үшін TNR жүйесі енгізілді. Яғни бұралқы жануарларды аулап, стерилизация жасап, вакцина егіп, кейін қайтадан табиғи ортасына жіберу қарастырылды. Бұл тәсіл әлемдегі ең гуманистік модельдердің бірі ретінде саналады. Алайда жүйенің тиімділігіне күмән туындап отыр. Мәжіліс депутаты Еділ Жаңбыршиннің мәліметінше, соңғы төрт жылда бұралқы иттердің адамға шабуыл жасауы 28 пайызға өскен. Тек 2024 жылдың өзінде иттердің адамға шабуыл жасаған 38848 жағдайы тіркелсе, оның 24410-ы бұралқы ит­тердің үлесіне тиесілі. Бұл көрсеткіш қоғамдағы алаңдаушылықты күшейт­ті. Еділ Жаңбыршиннің айтуынша, стерилизация жасау популяцияны реттемейді.

– Әлемде иесіз жануарлар санын реттеудің негізінен екі моделі бар: қайтарымды және қайтарымсыз аулау. Біз осы модельдерді пайдаланған елдердің тәжірибесін қарадық. Түркия­да 20 жылға жуық уақыт бойы қайтарымды аулау моделі қолданыл­ды. Алайда күткен нәтижеге қол жет­кізілген жоқ. Керісінше, әртүрлі бағалаулар бойынша, бүгінде Түркия­да шамамен 4 миллион бұралқы ит бар. Сондықтан 2024 жылы Түркия билігі бұрынғы тәсілден бас тартып, қайтарымсыз аулау моделіне көшуге мәжбүр болды, – дейді депутат.

Белсенділер Президент әкімшілі­гіне үндеу жолдап, заңға вето қоюға шақырып, оны «жануарларды жаппай қырып-жоюға бағытталған қадам» деп атады. Дегенмен, билік бұған дейін бұл өзге­рістер қаңғыбас иттердің шабуылы мәселесін шешу және халық­ты қорғау үшін қажет деп мәлімдеді.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бұл мәселенің түп-тамыры адамдар­д­ың жауапсыздығында екенін атап өтті. Оның айтуынша, көптеген адам­дар жануарды асырап алып, кейін оны көшеге тастап кетеді. Соның салдарынан бұралқы иттердің саны көбейіп, балалар мен ересектердің қауіпсіздігіне қатер туындауда.

– Негізінде, қаңғыбас иттер мәсе­лесі адамдардың немқұрайлылы­ғы­ның салдары. Мұндай құбылыстарды тоқтату үшін шаралар қабылдау қажет. Мысалы, қаңғыбас иттерге деген қамқорлық өзара дұшпандық отын тұтандыруға немесе адамдарды жақтаушылар мен қарсыластарға бөлуге себеп емес. Мәселе мынада, ол қараусыз қалған жағдайда, бала­лар мен тіпті ересектер жабайы ит­тердің құрбанына айналуда. Біз бұл ақпаратты аймақтардан алып жатырмыз. Ал бұл жағдай үкімет пен қоғамның араласуын, соның ішінде Парламенттің заңнамалық қолдауын қажет етеді», – деді Президент.

Бұл елімізде ең көп талқылан­ған заңдардың біріне айналды. Парламент мүшелері және жануарлар құқығын қорғаушылар арасында дау тудырды. Депутаттардың айтуынша, қазіргі модель популяцияны толық бақылау­ға мүмкіндік бермейді. Себебі қаңғы­бас иттердің кемінде 80 пайызын ұстап, стерилизациялау қажет, ал мұны іс жүзінде орындауға миллиардтаған қаржы жұмсалады. Сарапшылар­дың есебінше, елдегі бұралқы иттерді жаппай стерилизациялау үшін кемін­де 14 миллиард теңге қажет екен.

Қызылорда қалалық ветеринарлық станциясы берген мәлімет бойынша жауапсыздықтың кесірінен үстіміз­дегі жылы иесі бар иттер қала тұрғындарына 117 жарақат салған. Оқиға орын алған бойда ветеринария саласының мамандары іске кіріскен. Иттерді 10 күндік ветеринариялық ба­қылауға қойып, нәтижесінде құтыру ауруының белгісі байқалмаған. Ма­мандардың қырағылығы мен уақы­тылы жүргізілген тексерулердің нәти­жесінде, биыл тіркелген оқиғалардан құтыру ауруының белгілері анықтал­ған жоқ.

– Заң жануарларды қорғағанымен, адам қауіпсіздігі басты орында. Үй жануарларын ұстау мәдениетінің әлі де ақсап тұрғанын көріп отырмыз. Ит – иесі үшін дос болғанымен, түздегі жұрт үшін қауіпсіз болуы тиіс, – дейді қалалық ветеринария станция басшысының орынбасары Қайрат Әбдімәліков.

Осыған байланысты жаңа түзету­лер бойынша енді қайтарымсыз аулау моделі енгізілді. Көшеде ұсталған бұралқы иттер бұрынғыдай қайтадан ортаға жіберілмейді. Олар арнайы панажайларда 5 күннен 60 күнге дейін ұсталып, жаңа иелеріне беріледі немесе өмірінің соңына дейін сол жерде қалуы ықтимал. Дегенмен қоғамды алаңдатқан басты мәселе – эвтана­зия мәселесі. Әлеуметтік желілерде «Қазақстанда жануарларды жаппай жоюға рұқсат берілді» деген пікірлер жоқ емес. Жаңа заңда эвтаназияға тек медициналық себептермен ғана рұқсат етілетіні айтылған. Яғни жануар ауыр жарақат алып, емделмейтін жағдайда болса немесе адам өміріне нақты қауіп төндірсе ғана ветеринардың қорытындысымен ұйықтатуға бола­ды. Тағы бір өзгеріс – «қаңғыбас жануар» ұғымының нақтылануы. Бұрын микрочипі жоқ кез келген ит бұралқы ит ретінде танылатын. Енді үй жануарының қарғыбауы, сыртқы күтімі ескеріледі.

Сондай-ақ жергілікті әкімдіктер мен мәслихаттарға жануарларды ұстау мерзімін өздері белгілеу құқығы берілді. Әр өңірдегі жағдай әртүрлі болғандықтан, бұл шешім аймақ ерек­шелігіне сай қабылданады. Аулан­ған иттердің панажайда қанша күн жататынын әр облыс немесе қала мәслихаты өзі бекітеді. Жергілікті бюджет мүмкіндігіне қарай оларды ұзағырақ ұстауы немесе мерзім қысқартылуы ықтимал.

Жаңа заңда көрсетілген негіздер бойынша жануарды қашан және қалай ұйықтату керектігін жергілікті вете­ринарлық қызметтер мен әкім­діктер реттейді. Панажайларды салу, жануарларды азықтандыру және оларды стерилизациялауға бөліне­тін ақша көлемін жергілікті билік шешеді. Қаңғыбас иттер өте көбейіп кеткен аудандарда әкімдік аулау жұмыстарын күшейту туралы жедел шешім қабылдай алады. Бұл – қо­ғам мәдениетінің, жауапкершіліктің және қауіпсіздіктің мәселесі. Бір тарап жануар құқығын қорғауды талап етсе, екінші тарап адам өмірі­нің қауіпсіздігін бірінші орынға қояды. Сондықтан мемлекет осы екі ұстанымның арасынан тепе-теңдік табуға тырысып отыр.

Думан КЕҢШІЛІК

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: