Сәрсенбі, 25 желтоқсан, 23:50

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№101 (2111)
24.12.2024
PDF мұрағаты

Әйел тақырыбы қашанда өзекті

12.03.2024

733 0

Облыстық архивтің «Қоғамдық-саяси тарихы архиві» филиалының ұйымдастыруымен «Әйел – қоғам тірегі» атты жиын өтті.

Жиынға Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Білім беру ісінің құрметті қызметкері, Қызылорда қаласының құрметті азаматы Әлима Әбдіхалықова, Қазақстанның құрметті журналисі Несібелі Рахметова, ҚР Президентінің мемлекеттік стипендиясы, «Құрмет» орденінің иегері, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты Қатира Жаленова және Қожабековтер отбасылық ансамбілінің көркемдік жетекшісі, «Алтын алқа» иегері батыр ана, әнші Қуаныш Ахметқызы қатысты.

Кездесуде жазушы Несібелі Рахметова әйелдердің қоғамдағы рөліне тоқталды.

– Ломоносов «Мың теориядан – бір практиканы артық көремін» деп айтқандай, жастар жазып жатқан еңбектеріміз бен әйелдің қоғамдағы рөлін көзбен көріп, мамандармен кездескені жөн. Негізі көзбен көріп, қолмен ұстаған есте қалады. Ақын Мұқағали Мақатаевтың «Шаң басқан архивтерден табыламыз» деп айтқанындай, архив – үлкен қойма, мекеме. Себебі мұнда бүкіл елдің, жердің, облыстың барлық тарихы бар. Тіпті облысты дамытуға үлес қосқан еңбек қайраткері, журналист және тағы да басқа салаларда еңбегі сіңген өнер, еңбек адамдарының құжаттары сақталады, – дейді ардагер журналист.

Әлима Әбдіхалықова архивтің ұлт тарихы үшін де ерекше орын екенін атап өтті.

– Архив – мемелекет пен ұлттың тарихы үшін ерекше орын алады. Егерде архивке ғылыми жұмыстармен айналысатын студенттер мен жастар, мұғалімдер жиі келетін болса, бұл кейінгі жас ұрпақтың тарихи санасын қалыптастыруға сеп болады, отаншылдыққа тәрбиелейді, – дейді ардагер-ұстаз.

Сонымен қатар халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты Қатира Жаленова: Жалындаған жас қыздар,

Жастығына мас қыздар.

 Сендер жүрген жерлерден,

Мың ығысып қашты ызғар.

 Сұлусыңдар, дүрсіңдер,

Үлбіреген гүлсіңдер.

 Жайлауында жастықтың,

Сайран құрып жүрсіңдер, – деп жастарға өлең шумақтарын арнады. Одан бөлек №264 мектеп лицейінің мұғалімдері мен талантты оқушылары да өнер көрсетті.

Н.СЕРІКБАЙ

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: