Жұма, 08 қараша, 22:38

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№88-2098
05.11.2024
PDF мұрағаты

Айгүл Мұсабаева, қалалық мәслихат депутаты: Бірнеше жұмысты қатар атқару құпия технология емес

15.10.2024

481 0

Елдің аманатын арқалаған халық қалаулылары елмен етене араласып, халықтың мұң-мұқтажын құзырлы орындарға жеткізіп, халық пен биліктің арасына алтын көпір орнатып, мәселенің оңтайлы шешілуіне ықпал етеді. Орайы келгенде қалалық мәслихат депутаты, әрдайым елдің ортасынан табылатын халық қалаулысы
Айгүл Мұсабаевамен
сұхбаттасудың
сәті түсті.

– Қазіргі қоғамда әйелдердің белсенділігі де, жауапкершілігі де жоғары. Сіздің көзқарасыңыз қандай?
– Бүгінгі күні түрлі салада белсенділік танытып, маңызды қызметке араласып жатқан әйелдер аз емес. Десек те билікте, оның ішінде шешім қабылдау құрылымдарында әйелдердің үлес салмағы аз. Бізде саяси-мемлекеттік қызметкерлер арасындағы әйелдердің үлесі 10 пайыздан сәл асады. Ал жоғары лауазымды басшы қызметкерлер арасында олардың саны бұдан да аз. Дегенмен бұл әйелдер жауапты қызметте мүлде жоқ деген емес. Ерлер мен әйелдердің теңдігін, әйелдердің құқықтары мен мүмкіндіктерін кеңейту аясында біршама қадам да жасалуда. Тәуелсіздік алған жылдар ішінде Қазақстан ерлер мен әйелдердің құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау белгілі бір дәрежеде ілгеріледі. 2003 жылы еліміздегі гендерлік саясат тұжырымдамасы мақұлданды. Ол еліміздегі гендерлік саясаттың негізгі бағытын, ерлер мен әйелдердің билік құрылымына теңгерімді қатысуына қол жеткізуді, әйелдердің экономикалық тәуелсіздігі, өз бизнесін дамытуы мен мансап жолында ілгерілеуі үшін тең мүмкіндікті қамтамасыз етуді, отбасындағы құқықтар мен міндеттердің тең жүзеге асырылуы үшін жағдай жасауды айқындады. Егер әйел адам отбасымен қоса қызметті де алып жүруге қабілетті болса, оған ешқандай кедергі жоқ деп ойлаймын.
– Мектеп директоры болу – өте жауапты қызмет. Сол қызметпен қоса сіздің бірнеше қоғамдық жұмысыңыз бар. Ал депутат болу ел аманатын арқалау да оңай шаруа емес. Мойныңызға артылған қаншама міндет сіздің негізгі мамандығыңызға кедергі келтірмей ме? Жұмыс кестеңіз бар ма?
– Уақытты тиімді пайдалану – нәтиже кепілі. Бұл жерде барлығы уақытты ұйымдастыра білуге және әр істі сүйіспеншілікпен жасауыңа байланысты деп ойлаймын. Кез келген менеджерге таныс ұғымның бірі – тайм-менеджмент. Уақытты дұрыс бөлу арқылы тапсырманы тиімді жоспарлап отырсақ, негізгі жұмыспен қоса, қоғамдық жұмысты да ала жүру керек. Яғни бірнеше жұмысты қатар атқару құпия технология емес, аса маңызды дағды дер едім. Жұмыс кестесі дей алмаспын, дегенмен күнделікті жұмысымды жоспарлап отырамын. Себебі уақыт – көбеймейтін ресурс. Уақытты ең құнды және маңызды нәрселерге жұмсауымыз керек. Ал жұмыспен қатар отбасымыз бар, оған да үлгеру керек.
– Бала тәрбиесі бүгінде өзекті тақырыпқа айналып, алға шықты. Мектеп жасындағы балалардың тәртіпсіздігі белең алуда. Ұстаздардың ұстазы ретінде осы мәселеге қатысты қандай пікір білдіресіз?
– Иә, балалар арасында оқыс оқиғалар, құқық бұзушылық белең алып тұр. Бұл барлығымызды алаңдатып отыр. Қоғамда орын алған келеңсіз оқиғаларға жалғыз ата-ана немесе білім ошағы кінәлі бола алмайды. Себебі заң бұзушылық аяқасты, бір сәтте орын алмайды. Ол кішкене қадам, ұсақ әрекеттер арқылы қордаланып үлкен мәселеге ұласады. Менің ойымша соңғы уақытта білімге баса назар аударылып, тәрбие кенжелеп қалғандай. Бүгінде бала үшін барлығы дайын, қажеттіліктің қай-қайсысы да әзір тұрады. Сондықтан бала еңбектенуге еш талпынбайды. Ал баланы еңбекке баулу, еңбексүйгіштікке тәрбиелеу – қай заманда да педагогиканың басты мақсатының бірі және солай қала бермек те. Біз баланы еңбекке баулуымыз керек. Тағы бір айтатын жайт, бұл ата-ананың бала тәрбиесі дегенді қалай түсінетінінде. Тәрбиелеуді тамағын тойдырып, көйлегін көк етумен шектелмесі анық. Орын алған оқиғалар үйдегі көріністің бір парасы деп те ойлаймын. Осы орайда айта кетейін, өткен жылғы оқу жылында «Біртұтас тәрбие» бағдарламасы орта білім ұйымдарына, биылдан бастап мектепке дейінгі білім беру мен арнаулы оқу орындарына енгізілді. Мақсаты – жалпыадамзаттық және ұлттық құндылықтарды бойына сіңірген еңбекқор, саналы азаматты тәрбиелеу. Сонымен қатар барлық мектептерде отбасын нығайтуға, отбасылық және қоғамдық тәрбие байланысын дамытуға және оларға білім беру мәселелерін тиімді шешуге мүмкіндік беруді көздейтін «Ата-ананы педагогикалық қолдау орталықтары» құрылды. Мектебімізде «Біртұтас тәрбие» бағдарламасының алты құндылығын жүзеге асыру мақсатында, сегіз кіші мектеп жұмыс істейді. Олардың қатарында «Отбасы кіші мектебі», «Педагогикалық дизайн» кіші мектебі, «Адалдық» кіші мектебі, «Smart Sarbaz» кіші мектебі, «Әлеуметтік ғылыми» кіші мектебі, «Цифрлы ұстаз» кіші мектебі балаларға біліммен қатар «Адал адам – Адал еңбек – Адал табыс» қағидаты негізінде, отбасылық тәрбие, рухани ұлттық құндылықты насихаттау бағытында жүйелі жұмыс жүргізуде. Бұлар да көмекші болып, мәселенің алдын алуға себеп болар деп ойлаймын.
– Сізде бос уақыт көп болады деп ойламаймын. Десе де негізгі қызметіңіз бен қоғамдық жұмыстан сәл босаған жағдайда немен айналысасыз?
– Бос уақытым бола қалған кезде кітап оқып, тарихи кинолар қараймын, салауатты өмір салтын ұстанып, таза ауада отбасыммен бірге серуендеймін, немерелеріме көп көңіл бөлемін.
– Әкеңіз лауазымды қызметтер сатысынан өтті. Сіз әке жолын қуып келе жатырмын деп ойлайсыз ба? Өмірде идеалыңыз кім?
– Өмірдегі идеалым – әкем. Бірақ саяси мансапта әке жолын қуып келе жатырмын деп ойламаймын. Себебі өз ұстанымым, өз бағытым бар. Алға қойған мақсатым – адал еңбек, адал табыс құндылығын басшылыққа алып, жұмыс істеп келемін.
– Ұстаздар қауымына мемлекет тарапынан жасалып жатқан қамқорлыққа көңіліңіз тола ма?
– ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздің алдында тұрған басты міндеттің бірі ретінде саналы, білімді, ақыл-парасатты ұрпақ тәрбиелеу екендігін атап жүр. Оның бір дәлелі ретінде көптеген жоспарлы жұмыс жасалуда. Соның көңіл қуантарлық бірнешеуіне тоқталып өтейін. Әуелі шет елдің озық университеттерінің филиалдарын ашу қолға алынды. Бұл дегеніміз бәсекелестікті арттырып, сапалы маман даярлауға жол ашады. Екіншіден, оқу орнының материалдық-техникалық базасы нығайды. Ауыл, қала мектептерінен зертханалар ашылып, заманауи кабинеттермен жабдықталды. Дарынды балаларға жан-жақты қолдау көрсетуде ауқымды жұмыстар жасалды. Халықаралық зияткерлік сайыстарда, олимпиадада жеңіске жеткен оқушыларға қаржыдай сыйақы табысталуда. Мұғалімдерді аттестаттау толығымен жаңа жүйеге көшті. Биылғы жылдың тағы бір ерекшелігі, білім саласында қажырлы еңбек етіп, жетістіктерге жеткен педагог-шебер, педагог зерттеуші мұғалімдерге Оқу-ағарту министрлігінің Ы.Алтынсарин, «Білім беру ісінің құрметті қызметкері», «Еңбек ардагері» төсбелгілерімен марапатталды. Еліміздің ертеңгі тізгін ұстар азаматтарды тәрбиелеу – мұғалімдерге жүктелген аса маңызды да, жауапты міндет. Сондықтан ұстаздарға қандай қамқорлық жасалса да артық етпес.
– Халық қалаулысы атанып, елдің сенімін арқаладыңыз. Өзіңізге тиесілі аумақ тұрғындарының аманаты қалай орындалып жатыр?
– Мәслихат депутаты ретінде тұрақты «Аmanat» партиясының қалалық филиалының қоғамдық қабылдау бөлмесінде азаматтарды жеке қабылдау және өзіме бөлінген аймақта тұрғындармен кездесу жүргіземін. Мәселе айтып келген тұрғындардың базынасын тыңдап, көтерілген мәселе бойынша қажет болған жағдайда тиісті сала мамандары тартылады. Шешуі қиын мәселелерді атқарушы билік жанындағы комиссияда, мәслихат сессиясында және тұрақты комиссияда көтеруге тырысамын. Қай істі қолға алсам да сайлауалды бағдарламасын нәтижелі орындауға, сайлаушылардың сенімін ақтауға тырысамын.
– Сұхбатыңызға рахмет

Сұхбаттасқан
Гауһар ҚОЖАХМЕТОВА

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: