Сенбі, 21 желтоқсан, 22:22

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№100 (2110)
21.12.2024
PDF мұрағаты

Әлі талай сырым бар айтылмаған…

14.12.2024

355 0

Тарихында талай зұлматты ба­сынан өткерген қазақ жұрты үшін тәуелсіздіктің құны жоғары. Егемендік үшін күрескен 1986 жылғы «Желтоқсан» оқиғасы сол кездегі талай жас­тың жан жарасына айналған. Әлі де ұмы­тыла қойған жоқ. Ол күндер қайта кел­месін деп тілейміз бүгінде. «Ешқандай ұлтқа артықшылық бе­рілмесін», «Советтік Қазақстан жасасын», «Әр елдің өз басшысы тағайындалсын», «Елдің, жер­дің өсуіне жаны ашитын аза­мат болса, ойлансын» деген сөз­дер сол кездегі Халық шаруашылығы институты сту­денттерінің алаңға шыққандағы талабы еді. Бұл туралы желтоқсаншы Гүлнәр Ысқақова күрсіне еске алады.

– Соңғы курста Мәскеу қаласына өндірістік тәжірибеден өтуге бардық. Намысқа тиетін жайттарға сол кезде куә болдық. Бірде Мәскеуде құрбыммен кинотеатрға бардық. Бір уақытта «америкалықтар өздерінің елінде әлі күнге дейін жабайы адамдар тұрады» деп қара нәсілділерді көрсетті. Артынша Ресей «біздің елімізде де әлі күнге дейін осындай жабайы адамдар тұрады» деп қазақ халқын айтты. Бұған құрбым екеуміз намыстанып, кинодан шығып кеттік. Қайтар жолда азық-түлік алу үшін мемлекеттік әмбебап дүкенге кірдік. Дүкен ішінде «Қызылорда еті» деген жазуға көзім түсті. Бағасы 150 сом тұрады екен. Еттің еліміздегі бағасы 350 сом екенін жақсы білетін мені түрлі ойлар мазалап, өмірге деген көзқарасым бір-ақ сәтте өзгерді. Ештеңеге қарамастан елге қайтып, тәжірибемді Қызылордада аяқтадым, – дейді желтоқсаншы.

Намысқой қыз оқу бітірер тұста қорытынды бақылау тапсыру үшін Алматыға келеді. Бұл 16 желтоқсан – Қазақстан Компартиясы Орталық комитетінің бірінші хатшысы Дінмұхаммед Қонаев орнынан кетіп, Колбиннің тағайындалып, жастар арасында наразылық тудырған сәт еді. Олар «қазақ жерін тек қазақ басқарсын» деген талаппен бейбіт шеруге шыққан. Алайда мұның ақыры қанды қырғынға айналып, қаншама жастың өміріне балта шабылатынын білмеді.

– Жүрегі елім деп соққан барлық жастың көкейінде бір ғана «Неге қазақты біреулер билеп-төстеуі керек?», «Өз жерінде отырып қазақ неге өзгеге жалтақтауы тиіс?» деген сұрақтар тұрды. Біздің оқу орнының жастары жина­лып бұған наразылығымызды білдірейік деп шештік. Мен бала күнімде әкемнің бөлесі Зейнолла Шүкіровтың машинкасын теруді үйренген болатынмын. Талабымызды қағазға басып шығару маған жүктелді. Осылайша, жаңағы сөздерді парақшаларға жазып, өзіміздің студенттер болып 17 желтоқсанда алаңға шықтық. Бейбіт шеруде тек сту­денттер емес, жастар, фабрика, зауыт жұмысшылары да болды. Шеруге шыққандар Қонаевтың ортаға шығуын талап етті, жаппай «Менің Қазақстаным» әнін орындадық. Бірақ біздің наразылығымызға мән берген ешкім болмады. «Тараңдар» деп ескертті. Алаңға шыққан халықтың қарасы қалың болғандықтан кері шегінуге мүмкіндік болған жоқ. Жоғарыдан бір адамның шығып жөн айтқанын күттік. Болмағасын арамыздан адам сайлап, талабымызды жет­кізуге жібердік. Бірақ оларды бізге қайта жібермеді. Көп ұзамай алаңға автобустар, машиналар жиналып, милициялар келе бастады. Аяқ-асты не болғанын түсінбей қалдық. Олар жиналғандарды күрекпен ұрып, қыздарды шашынан сүйреп, іштен теуіп, ыстық су шашты. Күннің ызғарында үстіміз су, алған жарақатымызбен қашуға тырыстық. Қасымдағы құрбыммен жатақханаға барғанымызбен кір­гізбеді. Солдаттардан жан сауғалап көпқабатты үйдің подъезіне кіріп, жоғары қабаттағы пәтердің есігін қақтық. Ішінен қазақ ашқанымен бізді кіргізбеді. Амалсыз төменге түсіп келе жатқанда бір орыс әйел бізді дереу үйіне кіргізіп, есігінің алдына бірдеңе шашып жіберді. Сөйтсек, бұл иттердің иіс сезбеуі үшін жасаған амалы екен. Солдаттар іздеп келгенімен ізімізді таба алмай кетіп қалды. Екі күннен соң оқу орнына бардық. Бірақ мемлекеттік емтиханнан құлатып, оқудан шығарып жіберді, – дейді сол бір ызғарлы күнді есіне алған кейіпкеріміз.

Желтоқсаншының айтуынша, бұл оқиғадан кейін шеруге шықпаған жастар да зардап шеккен көрінеді. Олар­ды алаңға шықпаса да жала жауып, ұрып-соғып, түрмеге жапқан. Кей ата-аналар балаларын өлді деп айтып, жасырып қалуға тырысқан. Шамасы жеткендер шетелге қашып кеткен. Осыдан соң кейіпкердің де бас сауғалауына тура келеді. Алдымен Шымкент, одан Қызылорданы пана қылғанымен тұрақтай алмайды.

– Немересінің басына түскен жайттан соң әжем уайымнан қайтты. Бір жағы туған-туыстар да менен алшақтай бастады. Расында бұл мені қажытып жіберді. Бір жағы қызметте енді өсіп жатқан бауырларыма кесірім тимесін деп, 1987 жылы Целиноградқа қоныс аудардым. Әке-шешем сотталып кетпеуіме көмегі болар деп, ағамның жаңа туған сәбиін менің атыма жаздырды. Целиноградтың Жақсы ауданы, Интузиаст совхозына сауыншы болып жұ­мысқа орналастым. Жолдасым Ибрагиммен бірге сонда тұрдық. 1991 жылы желтоқсаншылар толық ақталды. 1992 жылы Қызылордаға қайта көшіп келдік. Тәуелсіздік алғанға дейін бас сауғалап күн кештік. Әке-шешем, бауырларымның арқасында, оған мүмкіндігім болып аман қалдым. Алаңдағы соққыдан мен басымнан, құрбым қолынан жарақат алды. Өкінішке қарай, оның жарасы асқынып, амал жоқтан ауруханаға түсті. Артынша қолын кесіп тастады. Оны сол жақтан тұтқындады, – дейді ауыр күндерін әңгімелеген желтоқсаншы Гүлнәр Ысқақова.

Ел егемендігі үшін күресте қаймықпаған қайсар қыз жан сауғалап жүріп тағдырдың талай соққысын көрді. Желтоқсан оқиғасы өмір жолында көп тосқауыл қойса да, жақсы жандардың көмегі сынақтан сынбай шығуына сеп болды. Кейіпкеріміз ата-ана, бауыр, туған жерден жырақтаған сәтте өмірден баз кешкенін жасырмады. Десе де жанындағы жолдасының қолдауымен қиындыққа қарсы тұрды. Бүгінде сол оқиғадан алған тән жарақаты мен жан жарасының ізі өшкен жоқ. Желтоқсан оқиғасы әлі күнге дейін күні кешегідей көз алдында сайрап тұр. Ал айтыл­маған сыры қаншама…

Айдана САЙДУЛЛАҚЫЗЫ

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: