Бейсенбі, 21 қараша, 22:53

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№92-2102
19.11.2024
PDF мұрағаты

Әсем – үздік педагог

07.03.2024

865 0

Кім-кімнің де бала кездегі арманы ұстаз болудан басталады емес пе? Кейіпкеріміз Әсем Пірімова да ұстаз болып шәкірт тәрбиелеуді қалаған еді. Бұл күнде ол арманына қол жеткізді. Қаладағы білікті ұстаздардың қатарынан көрініп «Үздік педагог» атанды. Бүгінде ол Қосшыңырау ауылдық округіне қарасты Абай ауылындағы Абай атындағы №138 орта мектепте еңбек етеді.

Қармақшының Тұрмағамбет ауылында қарапайым отбасында дүниеге келген Әсем Әбдірахманқызы жастайынан зерек болды. Сабақ үлгерімі де жақсы, қоғамдық іс шараларға да белсене араласты. Кітап оқуға деген құштарлығы оны ауыл кітапханасының тұрақты оқырманы етті. Ол әу бастан-ақ ұстаз болуға бекінген.

– 6-шы сыныпта болашақта ағылшын тілі пәнінен сабақ беремін деген мақсат қойдым. Осылайша ағылшыннан күніне 30 сөз жаттап, дайындықты бастадым. Алайда сол кезде қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен сабақ беретін ұстазым пәндік олимпиадаға қатысатынымды айтты. Аудандық олимпиададан 1-орынды иеленіп, артынша Абай оқулары байқауына қатысып, одан да 1-орынды жеңіп алдым. Байқаудың облыстық кезеңінен өтіп, республикалық кезеңде де 1-орынды иемдендім. Осыдан соң менің ағылшын тілі мұғалімі боламын деген ойым қазақ тілі мен әдебиеті пәніне өзгерді. Мектеп бітірген соң Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетіне оқуға түстім. Алғашқы еңбек жолымды Алматы қаласындағы №26 орта мектептен бастадым. Кейін білімімді әрі қарай жетілдіру мақсатында аталған оқу орнында магистратура оқыдым, – дейді Әсем Пірімова бізбен әңгімесінде.

Қандай мамандық иесі болсаң да өз ісіңе деген сүйіспеншілік пен адалдық қана алға жетелейді. Еңбегің жемісін береді. Ал ұстаздық тек 45 минут сабағыңды өткізумен ғана шектелмеуі тиіс. Бүтін ұрпақтың білімі мен тәрбие жауапкершілігін арқалаған мұғалімдердің еңбегі ерен. Кейіпкеріміз қажырлы еңбегі мен таудай талабының арқасында бұл сыннан да сүрінбей өтіп келеді. Шәкірт тәрбиелеуде әрбір баланы жұлдыз санап, оның жарқырауын міндет еткен Әсем Әбдірахманқызының бұл басты ұстанымы.

– Бала алдындағы жауапкершілікті сезініп әрбір сабағыма тиянақты дайындалу, нәтижелі білім беру мен адамдыққа баулу – мұғалімдік міндетім деп білемін. Біз шәкірт тәрбиелеуде білімімізбен, мәдениетімізбен, сөзімізбен, ісімізбен мүдделіміз. Ұстаздық қызметте кәсіби жетістіктерге қол жеткізумен қатар оқушыларды да түрлі байқауларға дайындап, жеңіс тұғырынан көрінуге аянбай еңбек етіп келеміз. Оқушыларымның қалалық, облыстық, республикалық деңгейде түрлі білім бәйгелерінде топ жаруы соның жемісі. 2020 жылы оқушым Айша Жетпісбай XV республикалық «Зерде» конкурсында 2-орынды иеленсе, 2021 жылы 9-шы сынып оқушысы Айжан Серікқызы республикалық Мағжан оқулары конкурсында 3-орынды иеленді. Ал 2022- 2023 оқу жылында 10-сынып оқушысы Әбдіғапбар Сабина жалпы білім беретін пәндер бойынша республикалық олимпиадада қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен 1-орынды және алтын медальді иеленді. Олимпиада қорытындысымен мектебіміз ҚР Оқуағарту министрлігінің «100 үздік олимпиадалық мектеп» рейтингісіне енді. Бұл – ауыл мектебі үшін үлкен жетістік. Сабинаның Сыр елінің білім қоржынына қосқан үлесін бағалап, облыс әкімі «Сыр дарыны» медалімен марапаттап, алғыс білдірді. Біліммен көтерілген биік тұғыр оқушыма үлкен серпін, жалынды жігер берді. Баланың шырағын жағып, оның болашағына даңғыл жол салғанымды мамандығыма адалдықтың өлшемі деп ойлаймын, –дейді ол.

Жуырда Әсем Пірімова «Үздік педагог» атанды.

– Еңбек жолымдағы жетістіктерімді саралай келе осы байқауға қатысуды жөн көрдім. Конкурсқа қатысу үшін электронды портфолионы министрліктің ақпараттық платформасына жүктедік. Байқаудың қалалық кезеңінде жеңімпаз атанып, 150 мың теңге көлемінде қаржылай сыйақыға ие болдық. Облыстық кезеңде де облыс әкімі «Үздік педагог» конкурсының жеңімпазы және 1 035 000 теңгенің қаржылай сертификатын табыстады, – дейді үздік ұстаз.

Кейіпкеріміз жолдасымен бірге ұстаздық қызмет пен отбасын қатар алып жүрген жан. Жауапты қызметте, қым-қуыт тірлікте үш бала тәрбиелеп отырған аяулы ана, ата-енесінің бабын тапқан адал келін, сүйікті жар. Бүгінде жеткен жетістігін шаңырақтағы үлкендердің қолдауының арқасы деп біледі.

А.ӘЛІМ

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: