Жексенбі, 22 желтоқсан, 06:13

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№100 (2110)
21.12.2024
PDF мұрағаты

Әулет отын  өшірмеген – Наташа

30.04.2024

643 0

Қала іргесіндегі Белкөл кентінде көпбалалы аналар  көптеп саналады. Солардың арасында Наташаның есімін белкөлдіктер құрметпен атайды. Оның сан қырлы себебі бар. Ұлты орыс келіншек қазақтың салт-дәстүрін ар­дақтап ұстауды өзіне  мұрат тұтқан.  Тіпті қазақша ән де шырқап, би де билейді. Өмірлік жарын қазақтан тапқан Наташа қазір 41 жаста. Көпбалалы ана 9 перзент тәрбиелеп отыр.  Ол балаларын өмірінің бағы мен бақытына балайды.  Басынан орамалын тастамайтын келіншектің өз ұстанымдары бар.

– Менің әкем де, анам да орыс.  Белкөлдің байырғы тұрғынымыз. Мен өзім жас кезімнен қазақ тіліне жақын болдым. Қазақтардың жайдары қалпы, салт-дәстүрі, өнері ұнайды.  Қазаққа келін болғанымды мақтан тұтамын.  Балаларымның бәрін қазақ мектебіне бердім. Әжелері оларды  қазақы тәлім-тәрбиемен өсірді.  Қайыненеме ризамын.  Өте жақсы кісі еді.  Адамды жатсынуды білмей, бауырына тартатын.  Тіптен ежелгі дәстүрге дейін үйретіп, сәлем салуды, орамал тартуды, ер адамның алдын кеспеуді, үлкенге құрмет көрсетуді енемнен үйрендім. Қазіргі келіндер ененің мектебінен өтсе өнегелі болатынын ескерткім келеді.  Жол апаты болып, жолдасымнан айырылдым. Алдыңғы туған 3 бала сол күйеуімнен. Күйеуімнің жылы өткеннен кейін енем «жолың ақ болсын» деп өз батасын беріп жіберген болатын. Бірақ өзімнен 3 жас үлкен қайным бар еді. Сол «бауырымның балаларын қаңғыртып жібермеймін» деп қазақтың ата салты «әмеңгерлікпен» мені алды.  Бүгінде екеумізден 6 перзент дүниеге келді. Ал өкініштісі, екі қайынағам, енем, өзімнің жалғыз інім бір күнде жол апатынан көз жұмды. Күйеуім сегіз ағайынды еді.  Біз отбасында ата-анадан екі бала едік.  «Бір тумақ барда, бірге өлмек жоқ» дейді ғой қазақта. Қалғанымыз аман болайық.  Аллаға шүкір, көпбалалы ана ретінде пәтер алдық. Өзімізге тиесілі жәрдемді алып келеміз. Мақсатым Итеновтер әулетінің абыройын көтеріп, ұрпағын көбейту еді. Өзім ата-анадан жалғыз болған соң көпбалалы болғанды қаладым.  Әр баланың өз несібесі болады. Үлкен қызым Шұғыла 19-ға келеді. Кішкентайым 1жастан 8 ай асты. Бір-біріне қолдау көрсетіп, сүйеніш болса деймін. Солай бауырмалдыққа, адалдыққа тәрбиелеп келемін. 

22-наурызда бір  баламның туған күні. Осы күні наурызкөже пісіріп, құран оқытып, қайынапаларымды, көршілерімді  шақыруды әдетке айналдырғанмын.  Ұлттық киім киюді де ұмытпаймын, – дейді ұлтымыздың қадір-қасиетін бойына сіңірген қазақ келіні Наташа.

Татулығы жарасқан осындай берекелі отбасыны көріп қалай тамсанбассың.  Болашақта тоғыз шаңырақ түтін түтеткенде  қара ормандай ұрпақ таралары анық.  Қазақтың керегесін кеңейтіп, өшкенін жандырып отырған  Наташадай келінге алғыстан басқа айтарымыз жоқ.

Г. АСҚАРҚЫЗЫ

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: