Бейсенбі, 26 желтоқсан, 00:40

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№101 (2111)
24.12.2024
PDF мұрағаты

Аялаған Астана –
ел шырағы

06.07.2024

374 0

Мемлекеттің мерейі мен мақтаныш сезімінің көрінісі Астана қаласы екені сөзсіз. Келбеті келіскен көрікті шаһардың көшелері, заманауи зәулім ғимараттары, ғажайып гүлзарлар мекені – елорданың мерейлі бейнесі. Биыл да елорда күнін атап өту сәтінде қаланың өткені мен бүгініне шолу жасау дәстүрін бұзбауды жөн көрдік. Аядай қаланың алып шаһарға айналу кезеңі, көрікті көшелердің кеңейіп, еңсе тіктеген ғимараттардың жаңа тынысы ашылған шағы да назардан тыс қалмау шарт. Бұдан өзге экономикалық әлеует пен әлеуметтік жетістіктің де тарқатылар тұсы осы.

Тарих тағылымы: елорда жолы

Бас қала болу бірден бұйырған бақ емес. Еліміздің сан тарау тарихында бұл «тәж» өңірден-өңірге көшті. Тарихи деректерге сүйенсек, қазақ елінің 1920 жылғы астанасы – Орынбор қаласына дейін де жеті астанасы болған екен. Айталық, Батыс Түрік қағанатының астанасы болған Суяб қаласы, Қарахан мемлекеті тұсында Баласағұн, Қарлық қағанатында Қойлық, Оғыз мемлекетінде Жанкент, Қыпшақ хандығы кезінде, одан кейін Сығанақ қаласы, Қазақ хандығының саяси және рухани астанасы Түркістан шаһары, сондай-ақ, Алаш Орда мемлекетінде Алаш қала секілді астаналар болғанын білеміз.
Ал ХХ ғасырдан бері төрт астанасын танығанымыз белгілі Оның алғашқысы – Орынбор қаласы. 1920 жылы 26 тамызда Бүкілресейлік ОАК мен РКФСР ХКК «Қырғыз» (қазақ) автономиялы социалистік кеңес республикасын құру туралы» Декрет қабылдады. Онда Орынбор губернаторлығы мен Орынбор қаласы ҚазАКСР құрамына қосылып, Орынбор қаласы Қазақстан астанасы болды. Орынбор өлкесі ол кезде қазақ жерінің құрамдас бір бөлігі саналатын. Онда А.Байтұрсынов, С.Сейфуллин, Б.Қаратаев, М.Дулатов, М.Шоқай, Х.Досмұхамедов сынды қазақ зиялылары ғұмыр кешіп, ел болашағы жолында өлшеусіз еңбек еткен. Алғашқы «Қазақ» газеті және «Айқап» журналы осы Орынборда басылған.
Ал 1925 жылы Орталық Азиядағы ұлттық-аумақтық межелеуден соң, Түркістан АКСР-нің құрамында болып келген Сырдария және Жетісу облыстары, сондай-ақ Қарақалпақ автономиялық облысы Қазақ автономиялық республикасы құрамына енді. Осыған орай Қазатком сессиясы (қыркүйек, 1924) ел астанасын Ташкентке ауыстыру, оған рұқсат етілмеген жағдайда Шымкентке көшіру жайында қаулы қабылдайды. Алайда Мәскеудің араласуымен, республика астанасы Ақмешітке ауыстырылады. Сол жылғы Ақмешітте өткен Кеңестердің Бүкілқазақстандық V съезі халқымыздың орысша «киргиз» деп аталуын «қазақ», «Киргиз АКСР-і» атауын «Қазақ АКСР-і» деп өзгерту, ал республика астанасы – Ақмешіт қаласының атауын Қызылорда деп атау туралы қаулы қабылдаған.
Жер жәннаты Жетісуда орналасқан алып қала Алматы ежелден орнықты орта, тұнық табиғат, қолайлы табиғатымен танымал. Елорданы Қызылордадан Алматыға көшірудегі бірден-бір себеп те жайлы климат болса керек. Әсіресе ауыл шаруашылығын дамыту, кәсіпорындар санын артыру тұрғысынан Жетісу ең ұтымды мекен екені даусыз. 1929 жылдары шаһарға астана көшіріліп, елдегі қаржы-экономикалық, мәдени-әдеби толқын тың бағытқа өзгерді.
Ел тарихындағы маңызды қадам астаналардың қалыптасуы, өркендеуі, экономикалық-мәдени ахуал ықпалымен өлшенері анық. Отырықшылық мәдениеттен шеткері қалыптасқан қазақ халқы аштықтан зардап шегіп, өркениет игілігінен құр қалғанын жете түсінген шақта қалалық мәдениет пен өзгеше өмір сүру дағдысын игеруге асыққан-тұғын. Содан болар, қазақ арасында астананы географиялық, мәдени, экономикалық ерекшелікті ескеріп белгілеу, ұлт тарихындағы елеулі өзгеріс пен жаңалықты бас қаладан бастау секілді дағды ерте қалыптасты. Алғашқы жоғары оқу орны, театр, өнеркәсіп нысанының бас қалалардан бастау алғанын аңғаруға болады.

Ақмола –
Астана бастауы

Ел Тәуелсіздігін алып, еңсе тіктегенде жаңа саяси стратегия, өзге бағытты таңдауға тура келгені анық. Егемендікке қол жеткізгенде қабылданған ең елеулі шешім – Қазақстан Республикасының астанасын Алматыдан Ақмолаға көшіру. 1994 жылдың 6 шілдесінде қабылданған қаулы жаңа Қазақстанның, жаңа тарихын жазуға бағытталған еді. 1998 жылы 6 мамырда Астана атауы ресми түрде бекітілсе, 10 маусымда жас астананың тұсаукесері халықаралық деңгейде өткізілді.
Жалпы бас қаланың бүгінгі Астана қаласына көшуі кездейсоқ шешім емес екені анық. Бұл Алаш зиялыларынң асыл арманының ізі-тұғын. Мәселен, Әлихан Бөкейханұлы «Григорий Николаевич Потанин» атты мақаласындағы: «Қазақты автономия қылсақ, Қараөткел – Алаштың ортасы, сонда университет салып, қазақтың ұл-қызын оқытсақ, «Қозы Көрпеш – Баянды» шығарған Шоқан, Абай, Ахмет, Міржақыпты тапқан қазақтың кім екенін Еуропа сонда білер еді-ау» деген арманы бүгінде шындыққа айналды. Еуразия континентінің кіндігіне орналасқан қаланың өзіндік қайталанбас бет-бейнесі қалыптасып, әлемдік деңгейде бедел жинауға ұмтылды. 2010 жылғы ЕҚЫҰ саммиті «Астана лебі» деген терминді қалыптастырып, қазақтың жас астанасының амбициясын әйгіледі.
Ерке Есіл жағасын бойлай орналасқан сәулетті Астана да мемлекеттің экономикалық-рухани көрсеткіші екені даусыз. Аз уақытта айшықты елорда әлем назарына ілігіп, лайықты бағасын алды. 1999 жылы ЮНЕСКО шешімімен «Әлем қаласы» атағын алса, соңғы онжылдықта шаһар сәулеті адам танымастай өзгерді. Бүгінгі атаулы дата – Елорда күнінде Арқадағы Ақмоланың айтулы Астанаға айналу жолына шолу жасауды жөн санадық.
1994 жылдың 6 шілдесінде Қазақстан Республикасының Жоғарғы Кеңесі бас қаланы ару Алматыдан Сарыарқа төріне көшіру туралы маңызды шешімді қабылдаған болатын. Парламент сессиясында депутаттар алдында сөз сөйлеген Тұңғыш Президент астанамызды Ақмолаға көшірудің қисынын атап өтіп, елорданы таңдау 32 өлшем бойынша жүргізілгенін нақты дәлелдеп берген еді. Осыдан кейін депутаттар арасында өткен тартысты пікірталастың нәтижесінде Жоғарғы Кеңес «Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың мемлекет астанасын Ақмола қаласына ауыстыру туралы ұсынысына келісім берілсін» деген сындарлы шешім шығарған-ды.
Егемен еліміз тарихындағы айтулы оқиға осылай жүзеге асты. Ал араға екі жыл салып 1996 жылдың 6 шілдесінде Қазақстан Үкіметі «Қазақстан Республикасының астанасын көшіру туралы» тарихи қаулы қабылдады. Бір жылдан кейін 1997 жылдың 20 қазанында ҚР Президентінің «Ақмола қаласын Қазақстан Республикасының астанасы деп жариялау туралы» Жарлығы шықты. Аталған құжатқа сәйкес, Ақмола Қазақстанның астанасы құқығын 1997 жылдың 10 желтоқсанынан бастап иеленді. Ал жаңа астананың ресми тұсаукесер тойы 1998 жылдың 10 маусымына белгіленді.
Осы күндері жаңа астанаға Президент Әкімшілігі, Үкімет, жетекші министрліктер мен ведомстволар қызметкерлерінің алғашқы тобы да келді. Бұл күндері Астана халықаралық маңызы бар түрлі форумдар, өзге де іс-шаралар өтетін Еуразия кеңістігінің орталығына айналды. Елордада Әлемдік және дәстүрлі дін лидерлерінің съездері, Астана экономикалық форумы және өзге де маңызды халықаралық оқиғалар тұрақты түрде өтіп келеді. Астанада ЕҚЫҰ-ның тарихи саммиті, ШЫҰ мен ИЫҰ-ның мерейтойлық саммиттері болды. 2011 жылдың басында елорда VII Қысқы Азия ойындарының қатысушылары мен қонақтарын қабылдады. 2017 жылы «EХРО – 2017» халықаралық көрмесін жоғары деңгейде ұйымдастырды.
Қазіргі таңда миллионнан астам тұрғыны бар елорда «Алматы», «Сарыарқа», «Есіл» және «Байқоңыр» аудандарынан тұрады. 2000 жылдан бастап астаналар мен ірі қалалардың халықаралық ассамблеясының мүшесі саналады.
Өткен жылдар ішінде Астананың архитектуралық келбеті ғана емес, бас қаланың әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері де адам танымастай өзгерді. Елордада бизнес қанат жайып, құрылыс саласы, қызмет көрсету, тауар айналымы мен көлік саласы қарқынды түрде дамыды. Астана қалалық статистика департаментінің мәліметтеріне қарағанда, осы жылдар аралығында елорда бюджеті 77,5 есеге, жалпы ішкі өнім 224 есеге, инвестицияның жылдық көлемі 50 есеге өсіп отыр. Осылайша, қазақ халқы Тәуелсіздіктің арқасында өз астанасын өзі таңдап, саяси-әкімшілік, мәдени-рухани орталығын белгіледі.
Бой көтерген асқақ та әсем ғимараттар, сәулеті келіскен архитектуралық туындылар астананың ажарын айшықтай түскен. Айта кетейік, ерке Есілдің бойынан ерекше жарасым тапқан елордада Батыс пен Шығыстың мәдени дәстүрлері қатар өрілген. Иә, жаңа астананы салуда тұңғыш Президенттің еңбегі ерекше. Оның ұсынған идеясын белгілі жапон сәулеткері, шаһардың бас жоспарының авторы Кисе Курокава сәтті іске асыра білген. Ал астананы Арқа төсіне көшірудің саяси астары бар екені де ақиқат.
Шаһар төріндегі ерекше нысандар қаланың көркін келтіріп, естен кетпес естелік сыйлайды. Бүгінде ұлт мақтанышына баланған Бәйтерек – Астананың мызғымас символы. Ал британдық архитектор Норман Фостердің пирамида үлгісіндегі «Бейбітшілік және келісім» сарайы бірегей сәулеткерлік ғимараттар қатарынан орын алған алып кешенге айналды. Сондай-ақ «Хан шатыры» сауда ойын-сауық орталығы әлемдегі ең биік шатыр үлгісіндегі ғимарат болса, «Думан» орталығы теңізден алыс орналасқан океанариум ретінде танымал. Сонымен қатар 30 мың көрерменге арналған «Астана-Арена» жабық стадионы, 2011 жылы әлемде үздік деп танылған он мың орындық «Сарыарқа» бірегей велотрегі, халықаралық стандарттарға сай келетін «Алау» мұз айдыны, «Астана Опера» секілді ғимараттар Астана сәулетін еселеп арттырып тұрғанын айта кеткен жөн.
Расында, жаңа Астана тарихы – ертегіге бергісіз ақиқат. Елорданың өзгелерге үлгі боларлық тұстары жетерлік. Тұрғындарының жыл санап еселеп артуы Астанамыздың дүние жүзі бойынша дамып келе жатқан ең жас қала екенін білдіреді. Сонымен қатар ертеңіне қол созған Елорда – жастардың қаласы, болашақтың бастауы, келер күннің келісті боларының берік кепілі, халқымыз үшін тәуелсіздік пен өсіп-өркендеудің алтын тұғыры.
Әлбетте, жаһандық өркениетке ұмтылған ХХІ ғасырда білім мен ғылымның бағасы биіктеп, бәсеке алаңы да ұлғая түскені анық. Бұл орайда Қазақстанның елордасы елдің барлық өңіріндегі талапкерлер үшін жаһандық деңгейдегі озық идеялардың орталығы болып отыр. Мәселен, Л.Гумилев атындағы Еуразиялық ұлттық университеті, Қазақ ұлттық өнер университеті, С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университеті, М.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінің филиалы, Астана медициналық университеті, Н.Назарбаев университеті секілді іргелі оқу орындарында тек еліміздің ғана емес, шет елдердің де жастары келіп, білім алуда.
Расында, осы мерзім ішінде елорданың заманауи мегаполиске, мемлекеттің бар саласына оң әсер етуші қоғамдық-саяси орталыққа айналғанына куә болдық. Астананың Қазақстанның бас қаласына айналу тарихы күрделі өзгеріс пен қызыққа толы. Тіпті бұл қадам ел болашағын түбегейлі өзгертті десек, артық айтқандық емес.

«Astana Invest»: Инвестициялық бағдар

Бүгінде Астанада капитал ағыны үшін қолайлы инвестициялық жағдай жасау жоспарлы жүруде. 2022 жылы 1 трлн 462 млрд теңге көлемінде рекордтық инвестиция тартылды, бұл өткен жылмен салыстырғанда 13,5%-ға көп. Бұл көрсеткіш бойынша елорда негізгі капиталға салынған инвестициялар көлемі бойынша тау-кен өндірмейтін өңірлер арасында көшбасшы орын алады.
Шетелдік инвестициялардың негізгі көздері – Нидерланд, Бельгия, АҚШ, Швейцария, Ресей, Оңтүстік Корея және басқа елдер.
Елордада «бір терезе» қағидаты бойынша жұмыс істейтін және жобаларды сүйемелдеуді жүргізетін «Астананы дамыту орталығы» фронт-офисі жұмыс істейді. «Astana Invest» мамандары да көмек көрсетеді. Бұл – елорданың арнайы экономикалық аймақтарының басқарушы компаниясы.
Мұнда инвестор тарту үшін түрлі тетік қарастырылған. Инвестициялық келісімшарт механизмі жер учаскелерін беру, кедендік баждар мен салықтардан босату және шетелдік жұмыс күшін тарту мүмкіндігі сияқты бірқатар жеңілдікті қарастырады.
Сондай-ақ жақында жаңа қолдау құралы енгізілді. Бұл – 25 жылға дейінгі мерзімге жасалатын және Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген барлық жеңілдіктерді білдіретін инвестициялар туралы келісім. Бұл жеңілдіктерді алу үшін жоба Үкімет бекіткен басым қызмет түрлерінің тізбесіне сәйкес келуі шарт.
Қолдаудың тағы бір түрі – «Арнайы экономикалық және индустриялық аймақтар туралы» заңнамаға сәйкес берілетін жеңілдіктер. Олар «Астана – жаңа қала» және «Астана-Технополис» арнайы экономикалық аймақтарының қатысушыларына ұсынылады. Ал «Астана даму орталығы» және «Astana Invest» фронт-офистері жоғарыда көрсетілген қолдау шараларын өтеусіз және жан-жақты көмек көрсету үшін жоспар құруда. Тіпті әрбір жобаға нақты менеджер бекітіліп, қадамдық жол картасы жасалып, нақты уақыт режимінде жобалар бойынша мониторинг жүргізілмек. Оған қоса жұмыс барысын бақылауға мүмкіндік беретін «Инвестициялық жобалар картасы» электрондық жүйесі іске қосылған.
Сондай-ақ индустриялық парктер жұмысының оң әсерін атап өтуге болады. Бүгінгі таңда №1 Индустриалды парк толығымен толы. Бөлінген бюджет қаражаты салынған инвестициялар есебінен 6,6 есе салық түрінде өтелді. Қазір жалпы ауданы 409 га болатын 150 жобаға арналған осындай екінші паркті құру бойынша жұмыс жүргізілуде. Құрылысты бастау 2024 жылға, ал 1-кезекті іске қосу 2025 жылға жоспарланған. Мұндағы инвестициялық жобалардың бағыты машина жасау, химия, металлургия, тамақ, жеңіл өнеркәсіп, құрылыс индустриясы, ағаш өңдеу, фармацевтикаға негізделген. Бүгінде инвестициялар сомасы 1,1 трлн теңгеге жетсе, 15,9 мыңға жуық жұмыс орны құрылды.

Мәдениет мәйегі

Кез келген мемлекеттің астанасы туралы айтылғанда, алдымен мәдени нысандар еске түседі. Әрине, бұл – шаһарды таныту әрі туризм үшін де таптырмайтын мүмкіндік. Айталық, «Рим» деген кезде көз алдымызға Рим императорларының оралатыны сияқты Астана қаласы деген кезде Қазақстан астанасындағы ең танымал архитектуралар еске түседі. Ақорда, «Бәйтерек», «Мәңгілік ел», ЭКСПО – Қазақ елі астанасының симолдары мен бойтұмарлары.
Қаланы мәдени астана статусына көтеріп тұрған өнер шаңырақтары да көп. Мәселен, Қазақ Ұлттық Өнер университеті мен Қазақ Ұлттық Хореография академиясын алсақ та жеткілікті. Астана опера және балет театры мен Ұлттық академиялық кітапхана, Ұлттық мұражай – астана мәдениетінің алтын арқауы іспетті. Қуанышбаев атындағы академиялық муздрама театры мен Жастар театрын және Тұңғыш Президент атындағы мәдени орталықты алайық, бұл нысандар – бас қаламыздың мәдени айнасы. Кез келген қаланың мәдениетін сол жердегі мәдени нысандарға қарап тануға болады. Әсіресе театрлар мен мәдени орталықтар. Қазір астана театрлары буыны қатып, кемелденіп, үлкен мәдени шаңыраққа айналған. Ондағы қойылымдар әлемдік сахналардан еш кем емес. Шығармашылық ұжым, шығармашылық әлеуеті мен шығарма тақырыптары да сан алуан. Астана театрлары мен мәдени орталықтарының барлық әлеуеті озық елдердегі мәдени ордалардан бір мысқал да кем емес.
Астананың мәдени имиджін қалыптастырудың жолы көп. Қазірге дейін жасалған жұмыстар соның бір парасы. Бұдан бұрын астана есімін асқақтататын қала атымен аталатын университет ашылса, оған әлемнің түкпір-түкпірінен студенттер келіп оқыса, мәдени қаланың бет бейнесі одан сайын биіктей түсер еді деп талай жазылған. Қазір сол талапқа жауап беретін Назарбаев университеті бар.
Астананың мәдени бет бейнесін айқындайтын жобалар жыл сайын ұйымдастырылып, өткізіліп тұрады. Мысалы, «Астана күні» тұрақты түрде өтетін мерекеге айналды. Тұрғындар да бұл күнге бойы үйреніп кеткен. «Астана күні» қарсаңында түрлі мәдени шаралар ұйымдастырылады. Ән кештері, театрлар арасында конкурс, өнерпаздарының бәйгесі өтеді. Көрмелер ұйымдастырылып, қолөнер шеберлері арасында байқау дәстүрге айналған. Көкпардан, аударыспақ пен қыз қуудан, теңге ілу мен жармақ атудан да сайыс ұйымдастыру көбейді.
Бас қалада «Астана күнінен» басқа да мәдени жиындар көп. Мәселен, қазақ өнері мен мәдениетіне үлес қосқан азаматтардың мерейтойлары Елорда төрінде бастау алады да, одан ары басқа аймақтарда жалғасады. Журналистер арасындағы байқаулар да Астанада өтеді. Жыл сайын дәстүрлі түрде ұйымдастырылып жататын «Үркер», «Тұмар» байқаулары соның дәлелі.
Астананың мәдени имиджін қалыптастыратын дүниелердің қатарына шаһар тарихынан сыр шертетін тарихи танымдық дерек дәйектерді жатқызуға болады. Атап айтсақ, Қоянды базары мен Қараөткел жәрмеңкесі – шаһар мәдениетін әріден тарқататын алтын арқауы іспетті. Ал тарихи маңызы бар сәулет нысандары мен ежелгі қалалар туралы жазылған материалдар Бас қаланың мәдени тарихын тым тереңге бойлатады. Оның ішінде өнер адамдары жайлы деректер бар. Нақтырақ айтсақ, Мәриям Жагорқызы мен Шашубай Қошқарбайұлының осы өңірмен байланысы, Иса Байзақов пен Қажымұқан Мұңайтпасұлына қатысты тарихи деректердің тамыры Астананың тарихына барып тіреледі.
Одан бөлек, астана қаласындағы көнеден қалған алтын көмбедей болған ескі ғимараттар туралы деректер бар. «Көпестің үйі», мен «Сәкен Сейфуллин мұражайын» айтайық. Осы жазылған деректердің бәрі Астананың мәдени тарихынан сыр шертетін құнды дерек, тың жазбалар…

P.S. Астана әуелде саяси орталық болды. Соңғы жылдары бас қалада өнер мен мәдениет, спорт пен экономика саласы қарқын алғанын көрдік. Мұндай нышан шаһардың даму динамикасында оң өзгеріс барын әрі қала мазмұнын әртараптандыруды білдірсе керек. Демек, бас қалада бастамалар толастамайды деген сөз.

Берен ШАҒЫРОВ

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: