Жексенбі, 23 маусым, 06:20

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
49-2059
22.06.2024
PDF мұрағаты

Мәселе көп, шешім керек…

11.06.2024

237 0

Бірінде үй жоқ, бірінде жағдай, күй жоқ. Уайымсыз күн өтпейді, шешілуі тиіс мәселе жағадан алып, безектейді. Таяуда «AMANAT» партиясы қалалық филиалында қоғамдық қабылдау өтті. Келген халықтың қарасы қалың. Ғимараттың күту залында ине шаншар орын жоқ. Қоларбаға таңылған кейуана да, баласын жетектеген ана да, самайын ақ шалған қария да осында.
Бәрінің көңілінде – бір үміт пен бір күдік.

Қала тұрғыны Бақыт Сүйеубаева мұнда сол жағалаудан алған тұрғын үйінің құжатын түгендеуге келіпті. Басындағы баспанасына жыл санап әзер жеткен ол енді құжат мәселесімен осылай жүргеніне көп уақыт өткенін айтты. Қаланың шет аймағындағы Санжар Асфендияров көшесінің тұрғындары көптен бері жол азабын тартып келеді. «Бір жеңнен қол, бір жағадан бас» шығарып, жұдырықтай жұмылып келген көше тұрғындары осы түйткілдің тарқауын тосып жүр.
– Біз С.Асфендияров көшесінің бас жағында тұрамыз. Мен 2002 жылдан бері осы көшенің тұрғынымын. Маған дейінгіні білмеймін, мен келгелі мүлдем жөндеу көрмеді. Жақында жаяу жүргіншілер жолын салды. Салған құрлы, бұрын амалдап әрең жүретін жолымыздың сиқын қашырды. Бұл жерде ауызсуды да өзіміз қолдан жүргізгенбіз, су жетіспейді, тамшылап тұр. Көше жарығы мүлдем жоқ. Осы мәселені әкімнің өзіне тікелей айтқымыз келді, – дейді қала тұрғыны Садық Рахов.
Әлбетте, қазір қала аумағында жол жөндеу жұмыстарына көп көңіл бөлінуде. Қала әкімінің орынбасары Ғалымжан Еркебай биыл аталған көшені тізімге енгізуді тапсырды.
– Санжар Асфендияров көшесі орташа жөндеуге жатпайды. Сондықтан күрделі жөндеу керек. Биыл жобасы жасалатын 35 көшенің қатарына енгіздік. Халықтың сапалы өмір сүруіне барлық жағдай жасалу керек. Шет аймақ біздің назарымыздан тыс қалған емес, – дейді ол.
Қоғамдық қабылдауға топтасып келгендердің қатарында Жанқожа батыр көшесінің тұрғындары да бар. Олар темір жолдың екі бетін жалғайтын көпір салу үшін сүрілетін үйлердің жай-күйін білуге келіпті. Көпшілігі сүрілетін үй үшін берілетін төлемнің аздығына наразы. Тіпті олардың ішінде кәсіпкерлік нысан иелері де бар. Тұрғындар прокуратура органына шағымданды.
– Тұрғындар тәуелсіз бағалау қойған бағаға наразы екенін білдірді. Келіспеген жағдайда сот арқылы шешіледі. Қазіргі таңда жобаға өзгертулер енгізіліп жатыр. Сол жоба дайын болғаннан кейін бұл кісілерге жазбаша ескертулер беріледі, – деді қалалық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары бөлімінің басшысы Пакуатдин Шамұратов.
Қабылдауға келген тұрғындар мұнан өзге коммуналдық төлемдер, тұрғын үй кезегі сынды мәселелермен келіп, қойған сауалдарына тұщымды жауап алып жатты.

Н.ТҰРСЫНХАН

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: