Сенбі, 19 сәуiр, 19:02

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№28,2141
19.04.2025
PDF мұрағаты

Аллергияның алдын алуға болады

19.04.2025

93 0

Шаңнан болатын аллергия – кей өсімдіктердің тозаңына адамның иммундық жүйесінің әсері жоғары болғаннан туындайтын кең тараған ауру. Оның салдарынан тыныс алу жолдары мен көру органдары қабынып, теріге зақым келеді.

Әдетте, тыныс алу жолдары қабынған кезде шаңнан болатын аллергия аллергиялық ринит, мұрын-жұтқыншақ қабынуы, фа­рингит, бронхит, тіпті тыныс демікпесі түрінде жүруі мүмкін. Теріде аллергиялық дерматит, есекжем, ангионевротикалық ісік пайда болады.

Поллиноз адамның аллергия­сы бар өсімдіктің гүлдеу кезінде өршиді. Асқыну жыл сайын бір уақытта болады. Шаң аллер­гендерінің гүлдеуі өсім­діктердің түріне қарай баста­лып, аяқталады.

Жыл мезгілдері бойынша пол­линоз асқынатын үш кезең бар:

– Көктемгі (сәуір-мамыр): оған қызылтал, қарағаш, шаған, үйеңкі, қандыағаш, жаңғақ, емен, орманжаңғақ, қайың, басқа бұталар мен ағаштардың тозаңы себеп болады;

– Көктем-жазғы (мамыр-тамыз): оны қоңырбас, жүгері, тарғақшөп, үйбидайық, бидайық, атқонақ, айрауық, арпабас, бетеге, қара бидай және басқа да дәнді шөптердің тозаңдары, сондай-ақ жөке, шырша, қарағай, қарақұмық, жолжелкен, бақбақ өршітеді;

– Жаз-күзгі (тамыз-қазан); жусан, қалақай, ойраншөп, көкпек және басқа да арамшөптердің тозаңынан туындайды.

Ауадағы аллергендердің кон­центрациясына ауа-райы да қатты әсер етеді. Әдетте күн райы ашық болса  гүлдеу күшейеді, бұлтты кезде азаяды.

Аллергиялық реакция туды­ратын аллергендерді анықтау үшін қанға зертханалық талдау жүргізіліп, құрамында Е-реагин­дер класындағы ерекше иммуно­гло­булиндер бар-жоғы, сондай-ақ эозинофилдердің нормадан қаншалықты асқаны зерттеледі.

Тозаңға аллергия пайда болған кезде пациентке антигистамин­дер, тамыр тарылтатын препарат­тар, көз тамшылары тағайындала­ды. Егер науқастың жалпы жағдайы нашар болса, тыныс алуды жақсарту, шырышты бөліністі азайту, мұрын қуысы мен көздің ісінуін жеңілдету үшін оған қарқынды терапия, бұлшықет ішіне және көктамыр ішіне инъекциялар тағайындалуы мүмкін.

Поллиноз белгілері мүлдем көрінбейтін немесе өте әлсіз ремиссия кезеңінде емдеу ретінде аллергенспецификалық иммун­терапия (АСИТ) қолданылады, оны арнайы гипосенсибилизация деп те атайды. Әр адамға жеке тағайындалатын курстан кейін пациент гүлдеу кезеңін жеңіл өткізеді.

Нұржамал Сәдуақасова,

№3 қалалық емхананың мейіргерi

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: