Өмірге шыр етіп келген шақалаққа қалай күтім жасаймыз? Өмірдің ауырлығы мен қиындығын көрмеген жас анаға мұны кім түсіндіреді? Жаңа әлемге бейімделу қалай жүрмек? Нәрестенің патронажы деген не? Бұл тақырыпта сұрақ көп, жауап беретін біреу. Міне, көпшілік көкейіндегі мәселенің жай-жапсарын Қызылорда қалалық №3 емхананың аға патронаж мейіргері Анар Әбілдаевадан сұрап білген едік.
– Қазіргі таңда ана мен балаға жіті көңіл бөлініп, мемлекеттік деңгейде мән беріліп келеді. Десек те, медицина тілінде айтылған көп нәрсені қарапайым халық түсіне бермейді. Осы ретте жаңа туған нәрестелердің патронажы дегеніміз не? Осыған тоқталып өтсеңіз…
– Жаңа туған нәрестелердің патронажы – бұл аурудың алдын алу, баланың үйлесімді дамуы үшін ата-аналарды оған дұрыс күтім жасауға үйрету мақсатында перзентханадан шыққаннан кейін үйдегі кішкентай нәрестені белсенді бақылау жүйесі. Айта кету қажет, анасы мен баласы ауруханадан қанағаттанарлық жағдайда ғана шығарылады. Бала үйге шығарылғаннан кейін перзентхана ол туралы ақпаратты одан әрі бақылау үшін нақты тұратын жері бойынша емханаға береді. Ережеге сәйкес, мейіргер алғаш рет кішкентай пациентке ауруханадан шыққаннан кейін 1-3 күннен кешікпей баруы керек.
– Өзіңіз қызмет ететін №3 емханада патронаждық жұмыс қалай жүргізілуде?
– Ана мен бала үшін мемлекет қамқорлығы қашанда маңызды. Бұл тұрғыдан келсек, ана да, нәресте де қоғамның назарында. Біздің №3 емханада тіркелушілер саны көп. Соған орай қызметімізге жүгінетіндер де аз емес. Қарамағымда 30 патронаж мейіргері бар. Олар 30 аймақты аралайды. 0 жастан 5 жасқа дейінгі балаларға және жүкті әйелдерге қызмет көрсетеміз. Бүгінде 7092 бала тіркелген. Осы балаларды жоспарлап жылына 1 рет барамыз. Ал екіқабат әйел саны – 600. Олар тіркелгеннен кейін алдымен 12 аптасына дейін, сосын 32 аптасы болған кезде барамыз. Үй жағдайында осы балаларды 16 модуль бойынша қарап, қауіпті жағдай болса, ерте анықтаймыз. Биыл балалар арасынан 5600 балаға үйден патронаж жасалып,1870 қауіп анықталды.
– Жаңа туған нәрестелердің үйдегі патронажына не кіреді?
– Балаға бірінші рет барған кезде мейірбике сәбидің ата-анасымен танысады, төлқұжат мәліметін, баланың барлық дерегін жазады. Босанған ананың денсаулығына байланысты сұрақ қояды, ана мен баланы хаттама бойынша тексереді. Мейірбикенің міндеті – ана мен баланың денсаулығы туралы сұрау, ананың көңіл-күйін бағамдау, үй жағдайының қауіпсіздігін және жаңа туған нәрестенің қажеттілігін бағамдау. Сондай-ақ, сәбиге күтім жасау ережесін, емізу тәсілін, жылылықты сақтаудың маңыздылығын, бала күтіміне отбасының атсалысуын ескерту. Сонымен қатар, баланың бойында қауіпті белгі анықталса, дереу учаскелік дәрігерге хабарлау, отбасына дереу медициналық ұйымға жүгінуді қажет ететін аурудың қауіпті белгілерін үйрету, екпе мерзімі туралы хабарлау, өміріне, денсаулығына, қауіпсіздігіне және дамуына қауіп төндіретін әлеуметтік қатерге бастапқы бағалау жүргізу және оларды анықтаған жағдайда амбулаториялық-емханалық көмек көрсететін емхананың әлеуметтік қызметкеріне хабарлау. Қосымша көмекке мұқтаж балаларды анықтау және олар үшін жеке баруды жоспарлау да(туу кезінде дене салмағы төмен балалар, АИТВ жұқтырған аналардан туған немесе ауырған балалар) – мейірбикенің басты міндеттерінің бірі.
– Жаңа туған нәрестеге алғашқы барудан кейін медбике не істеуі керек?
– Емханадағы жұмыс орнында медбике кішкентай пациентті БХТ АЖ-да тіркейді. Бұл дегеніңіз – «Бекітілген халық тіркелімі» ақпараттық жүйесі. Баланың амбулаториялық картасында тексеру нәтижелері туралы жазба жасайды, учаскелік педиатр дәрігерге үйде тексерудің нәтижелері туралы хабарлайды. Егер мейіргер сәбидің денсаулығында орташа және жоғары қауіпті анықтаса, ол ЖПД дәрігерге, аға мейірбикеге, емхана меңгерушісіне медициналық ұйым осындай баланы бақылауда ұстауы үшін және дәрігер қауіп дәрежесі мен факторларына сәйкес жеке бақылау жоспарын әзірлеуі үшін хабарлайды.
– Егер емхананың патронаждық медбикесі келмеген жағдайда, ата-аналарға не істеу керек?
– Егер перзентханадан шыққаннан кейін ана мен балаға патронаждық медицина қызметкері келмеген жағдайда, ата-аналар нақты тұратын жері бойынша телефон арқылы емханаға жүгіне алады. Баланың тууы туралы хабардар етеді және патронаж қағидаларына сәйкес баланы тұрақты тексеріп-қарау үшін медбикені үйге шақыра алады.
– Сұхбатыңызға рахмет.
Г.Асқарқызы
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!