Сейсенбі, 24 желтоқсан, 23:46

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№101 (2111)
24.12.2024
PDF мұрағаты

Анна Кубас АҚШ-тан келген мұғалім: Әлемді қазақтың көзқарасымен танып жүрмін

20.02.2024

741 0

Тұлға ретінде дамысам, маман ретінде мүмкіндіктерге ие болсам деп шетел асқан қазақ жастары қаншама. Дегенмен Америкадағы ауылынан алыстап, қазақ еліне, оның ішінде Қызылордаға келген шетелдік кемде кем. Осы орайда Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінде мұғалім боп, тәжірибе алмасу үшін келген американдық Анна Кубаспен сұхбаттасқан едік.

– Анна, әңгімені өзіңізді таныстырудан бастасаңыз…
– АҚШ-тың Джорджия штатынанмын. Солтүстік Джорджия университетінде жоғары білім алдым. Оқушы кезімнен орыс тілі мен корей тілін үйреніп жүретінмін. Оқу бітірген соң мен барлық жас сияқты кім боларымды, әрі қарай не істерімді білмедім. Ойланып жүріп, өзіме, өмірлік дамуыма әсер еткен ұстаздарымның жолын қуып, білім саласына тұрақтаймын деп шештім. Мұғалім болғым келді. Осылайша түрлі мүмкіндіктерді қарап, іздене жүріп, Қазақстанға келіп жұмыс істеуге және өмір сүруге болатынын білдім. Бакалаврда оқып жүрген кезде-ақ қазақтардың тарихы жайлы азды-кем білетінмін. Қазақстанға барып жұмыс істеп, қазақ балаларына ағылшын тілі бойынша білім беремін деп шештім. Ал бос уақытымда маған жүгіру, табиғат аясында, тыныштықта жаяу жүру, тіл меңгеру ұнайды. Қазір 23 жастамын.
Бос уақытымда Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің студенттері үшін «speaking club» өткізіп тұрамын. Бұрын аптасына 3 күн болса, қазір 4 күнімде де ағылшын тілінде сөйлесу практикасын өткізуге арналған уақыт бар. Ұлттық мәдениет, мерекелер, ойындар тақырыбында ағылшын тілінде әңгімелесу арқылы сөйлесу деңгейін арттырудамыз. Қатып қалған формат жоқ. Кейде фильм қарап, кейде шай ішеміз. Сонымен бірге қаладағы «Кітап құрттары» клубының оқырмандары үшін де ағылшын тілінде сөйлесу деңгейін арттыруға арналған практикалық сабақ өткізіп тұрамыз.
– Неге Қазақстанды таңдадыңыз?
– Қазақстан мен КСРО тарихына университет қабырғасында ерекше қызығатынмын. Әрі орыс тілін қызыға үйренуім де Қазақстанға жетелеген шығар. Себебі студент кезде орыс тілі сабағынан Әсел есімді қазақстандық ұстаз сабақ беретін. Ұстазым арқылы елдің тарихына қанығып, Орталық Азия елдері туралы көп нәрсені білдік. Палауды қалай дайындайтынын және қазақ тіліндегі бірнеше сөзді жаттап алдық. Орыс тілі мен мәдениеті жайлы бір кісідей білімім бар. Енді орыс тілін басқа елдер мен олардың мәдениеті туралы білуге құрал ретінде қолданудамын. Ал орыс тілін үйренуді мектеп кезден бастаған едік. Мен оқыған мектепте ұлттық тілден бөлек екі шет тілі оқуға ұсынылды. Испан немесе орыс тілінің бірін таңдап, сол бойынша базалық білім алдық. Неге орыс тілі десеңіз, барлық сыныптасым испан тілін таңдаған кезде басқаларға ұқсамауым керек деген ниетпен соны таңдаған едім. Украиндық апайымыз арқылы орыс тілін үйренгеніме еш өкінбеймін.
Менде жалғыз жүруге, шетелге баруға қорқыныш жоқ. Себебі мен Қазақстан өмір сүруге қауіпсіз елдің бірі екенін білдім. Әрі өткен жылдары Еуропаның бірнеше еліне жалғыз саяхаттап көрген едім. Сондықтан жаңа елге көшу, оның тарихын, тұрмысын тану мен үшін қызығырақ. Өткен жылдың қыркүйек айында жалғыз көшіп келдім. Бірақ мен үшін мұның барлығы қалыпты. Шынымды айтсам, Қызылорда қаласын өзім таңдаған жоқпын (күліп). Бірақ бұл қала маған ұнайды, сондай жылы, ерекше аурасы бар.
– Қызылордалықтар туралы алғашқы әсеріңізбен бөліссеңіз…
– Негізі Оңтүстік Қазақстанға, яғни Шымкент қаласына немесе Түркістан облысына барғым келген еді. Бірақ елдегі АҚШ елшілігі мені Қызылордаға жіберді. Көшіп келген кезімде күз айы болатын. Бұл жақтың адамдары ерекше ашық-жарқын, мейірімді, көмек көрсетуге дайын. Әрине, джорджиялықтардан айырмашылығы көп. Мен таудың қызымын. Туған жерімде таулы қыраттар жиі кездеседі. Ал мұнда келгенде кең жазық далада жүргендей әсерде болдым. Мұның барлығы мен үшін тың, қызықты дүние. Қызылордадан бөлек Астана мен Алматы қаласында да болдым. Алматыдан АҚШ-тың қалаларына ұқсастық байқалады, аурасы бөлек. Бірақ Қазақстанды толық тану үшін Астана мен Алматыны білу жеткіліксіз. Ол үшін өзге облыстары мен аудандарын толық аралау керек.
Қызылордалықтардан шай ішуді үйрендім. Тіпті шіліңгір шілденің ыстығында да шай ішетінін білгенде, таңқалғаным рас. Қызылордаға келгелі мен адамдарға, жаңа идеяларға ашық бола түскендеймін. Қай елде тусаң, кез келген дүниеге сол ұлттың көзімен қарайсың. Әлемге қазақтардың көзқарасымен қарау мүмкіндігіне ие болғаныма қуаныштымын. Ал қазақ асханасынан маған қуырдақ, ет тамақ пен бауырсақ қатты ұнады. Бірақ құртты жақсы көре алмадым. Тым қатты тұздалғандықтан ұнамаған секілді.
– Туған жерге оралу ойда бар шығар?
– Иә, мендегі виза шілде айына дейін жарамды. Сондықтан маған шілдеге дейін Қазақстаннан шығып кету керек. Америкаға кері оралып, аспирантураға оқуға тапсырсам деген мақсатым бар. Америка мен Қазақстанның басты айырмашылығы – адамдардың өзара қарым-қатынасында. Қазақстанның, әсіресе Қызылорданың халқы бүтін бір отбасы секілді. Адамдар бір-біріне сондай жақын, қамқор. Әрине, мұны артықшылығы деуге де, кемшілігі деуге де болады. Себебі адамдардың бір біріне көмектесуі, жағдайын сұрасып, үнемі байланыста болуы ұнайды. Алайда мұның американдықтардан байқалмайтын бір кемшілігі бар: тым тығыз қарым-қатынас жасау барысында сыйластық пен жеке шекараны бұзудың аражігі ажыратылмайтындай. Яғни мұндағы адамдар сенің бос уақытыңда не істейтініңді, кіммен жүргеніңді, жеке өміріңді, бәрін білгісі келеді. Жеке шекараны сақтамау мені қорқытады. Американдықтардың ерекшелігі – 18 жасқа толған әрбір азамат ата-анасынан бөлініп, жеке өмір сүруінде. Яғни өз мәселесін өзі шешіп, қалағандай өмір сүруіне мүмкіндік бар. Бірақ оның да кемшін тұсы бар. Кейде өзімізді тым жалғыз сезінеміз…
– Қазақ тілін үйрену қаншалықты қиын?
– Орыс тілін үйренуге қарағанда оңайырақ дер едім. Себебі орыс тілінде бір сөздің айтылуының бірнеше нұсқасы бар, оқылуы мен айтылуында бөлек ережелер бар. Бірақ грамматикасы қиын емес. Ал қазақ тілінде нақтылық бар. Сонысымен ұнайды. Қазақ тілінде біраз сөз үйреніп қалдым.
– Сұхбатыңызға рахмет!

Әңгімелескен Аделина Рахман

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: