Сейсенбі, 28 мамыр, 06:20

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№41 – 2051
25.05.2024
PDF мұрағаты

Жұмагүл Сейдахметова, №144 мектеп директоры:  Адал қызмет ету – ұжымдық мақсат

23.01.2024

316 0

Сурет: Нұрболат Нұржаубай

Қалаға қарасты Қызылжарма ауылдық округі – бір ғасырдан астам тарихы бар қасиетті мекен. Осы мекенде тарихы әріден бастау алатын білім ордасы орналасқан. Ол – №144 Сақтапберген Әлжіков атындағы орта мектеп. 1922 жылы «Ақ школ» деген атаумен ашылған. Алғашында бастауыш мектеп болса, кейіннен заман талабына сай құрылып, он бір жылдыққа айналды. Содан бері бүгінге дейін қаншама ұрпаққа саналы тәрбие мен сапалы білім беріп, шыңдап шығарды.

Осы аптада мектепте ұрпаққа ұлттық құндылықты, тәрбиені дәріптейтін кең ауқымды семинар өткізу жоспарлануда. Осы семинар қарсаңында біз де Сақтапберген Әлжіков атындағы №144 орта мектептің директоры Жұмагүл Сейдахметовамен сұхбаттасуды жөн көрдік.

– Жұмагүл Әбдіманапқызы, әңгімемізді алдымен мектеп тарихынан бастасақ… Жалпы мұнда қанша мұғалім жұмыс істейді, қанша оқушы білім алады?

 – Халық даналығында «Тарихыңды таны, тұлғаңды құрметте» деген жақсы сөз бар. Тарихымызды білу – ұрпақ міндеті екенін естен шығармаймыз. 100 жылға таяу тарихы бар Сақтапберген Әлжіков атындағы орта мектеп ХХ ғасырдың 20-жылдарының аяғында «Ақ школ» деген атпен құрылған. Көне көздердің айтуынша, бір мұғалім, жиырма шақты бала болған екен. «Ақ школ» атанған бастауыш мектеп 1950 жылдарға дейін бастауыш, кейін жеті-сегіз жылдық болып, оқушы санына қарай өзгеріп, 1964 жылы орта мектепке айналған. Ал 1966-1970 жылдары №144 В.И.Ленин атындағы қазақ орта мектебі, 1971-1997 жылдары №144 В.И.Ленин атындағы аралас мектебі, 1998-2001жылдары №144 Сақтапберген Әлжіков атындағы қазақ орта мектебі, 2003 жылдан 2014 жылға дейін №144 Сақтапберген Әлжіков атындағы қазақ орта мектебі 12 жылдық білім беру бағдарламасының эксперимент алаңы болған. 2014 жылдан бастап Сақтапберген Әлжіков атындағы №144 орта мектеп деп аталады. Ғасырға жуық уақыт аралығында мектеп даңқын арттыруға ерінбей еңбек етіп, ұстаздық келбетімен ел есінде сақталған аяулы ардагерлеріміз бен әріптестеріміз және мектеп түлегі деген атпен халыққа қалтсыз қызмет еткен, етіп жүрген танымал аға-апаларымызды, інісіңілдерімізді мақтаныш етеміз. Әсіресе соғыстан екі аяғынан бірдей айырылса да, 40 жылдан астам оқушыларға дәріс берген «Қазақ Мересьеві» Бәкібай Дүйсенбиев, майдангерлер Ермахан Баймағанбетов, Жүсіпәлі Ұстабаев, Кәрім Досхожин, Дауылбай Наурызбаев сияқты алдыңғы буын ардагер ұстаздарымыздың сара жолын бүгінгі ардагерлеріміз мектеп даңқын арттыруына еңбек етіп, ұстаздардың шын бейнесін танытты.

Мектептің алғашқы шәкірттері елімізге танымал жазушы Сақтапберген Әлжіков «Ара» журналын ұзақ жыл басқарып, өшпес із қалдырды. Оған қоса Садық Нұрмағанбетов партия совет органдарында жауапты қызмет атқарған. Ы.Алтынсарин атындағы ғылымизерттеу институтында ұзақ жемісті еңбек етті. Директордың бірінші орынбасары болды, республикадағы педагогикалық ғылыми ой мен зерттеулерге бағыт беріп, басшылық жасады. Көптеген ғалымды тәрбиеледі, өзі де бірнеше танымдық, тәрбиелік кітап жазды.

Әлімжан Шәріпов – Жоғарғы Соттың бірінші орынбасары, белгілі заңгер сот жүйесінің қалыптасқан, әділетті кадрлардың өсіп шығуына кезінде үлкен ықпал етіп отырды. Медицина ғылымының докторы, Алматы медициналық институтының кафедра меңгерушісі – Жәдібай Абдуллаев, педагогика ғылымның кандидаты, профессор – Әкімжан Сайлыбаев, педагогика ғылымның кандидаты, профессор – Бақытжан Сайлыбаев, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі – Қаракөз Ақдаулетова, ғылым кандидаты – Тұяқбай Садуақасов, белгілі сатирик, ақын – Орынбасар Әлжіков, медицина ғылымның кандидаты – Сабит Әбдіраимов, филология ғылымының докторы, профессор – Зәуреш Ерназарова, аға судья – Зәуреш Қиясова, «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығының Қызылорда облысы бойынша филиалының кафедра меңгерушісі, педагогика ғылымдарының кандидаты – Ұлтай Ешимова, ҚР Президенті жанындағы мемлекеттік басқару академиясының Қызылорда облыстық филиалының кабинет меңгерушісі, экономика ғылымының кандидаты – Құралай Жырауова, Қызылорда облысы ТЖД бастығының орынбасары, азаматтық қорғау полковнигі – Нұрсұлтан Ибрагимов, медицина ғылымының кандидаты – Ғани Берстенов, С.Сейфуллин атындағы қазақ агротехникалық зерттеу университеті, студенттік мәселелер жөніндегі департамент директоры, техника ғылымдарының кандидаты, қауымдастырылған профессор – Қуаныш Дәуренбеков, Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің «Қашықтықтан білім беру технологиялары және бағдарламалармен қамтамасыз ету» басқармасының басшысы – Нұрлан Нұрмағанбетов сияқты азаматтар біздің мектептің қарлығаштары.

Республикасы Білім беру заңының талаптарын жүзеге асыру жолында бірінші орынға білім беру сапасын қояды. Оқушыларды тәрбиелей отырып, сапалы білім беру – мектептің негізгі миссиясы. Мектебімізде мектепалды даярлық сыныптарын қоса алғанда 2913 білім алушы бар. І жарты жылдықты 65% білім сапасымен қорытындыладық. 2023-2024 оқу жылында заманауи технологиялармен қаруланған, жаңашыл 1 педагог-шебер, 59 педагог-зерттеуші, 65 педагог-сарапшы, 100 педагог-модератор, барлығы 267 педагог қызметкер жас ұрпақтың болашағы үшін аянбай еңбек етіп келеді.

Тиісті бейіні бойынша педагогтердің және басшы, басшы кадрларының үш жылда бір рет сиретпей біліктілігінің артуы қамтамасыз етілген, білімін кәсіби тұрғыда жетілдіру үлесі – 100%.

– Былтырғы оқу жылы несімен есте қалды?

– 2022- 2023 оқу жылы мектебіміз үшін табысты жыл болды деп айта аламын. Балалардың білім алуына жан-жақты жағдай жасауда қауіпсіз әрі жайлы ортаны қамтамасыз етуді үнемі назарда ұстаймыз. Біз үшін ең үлкен табыс – оқушыларымыздың амандығы, қауіпсіздігі.

Есте қалған ең басты ақпарат ол – Сақтапберген Әлжіковтің туғанына 100 жыл толуына байланысты жыл көлемінде 100 шара жоспарланып өтілгені дер едім. 2023 жылдың 22 қыркүйегінде облыс көлемінде «Сақтапберген – сатираның саңлағы» деген тақырыппен қорытынды танымдық іс-шарасын ұйымдастырдық. Шараға облыстық білім басқармасы, қалалық білім бөлімі, облыстық, қалалық ардагерлер кеңестерінен қонақтар, жергілікті жоғары, арнаулы оқу орындарының өкілдері, ауыл ақсақалдары, ардагер-ұстаздар, ауылдық мекеме басшылары және С.Әлжіковтің жанұясы қатысып, жас ұрпаққа тарих таныстырылып, естеліктер айтылды.

Кеше ғана Алматы қаласында өткен республикалық «Педагогикалық идеялар» байқауынан «Шеберлік палитрасы» номинациясы бойынша өзінің тың жобасымен информатика пәнінің мұғалімі Айбек Оразбахов жүлделі І орын алып келді.

Пәндік, спорттық, танымдық, зияткерлік, өнер, шешендік, экологиялық, эстетикалық бағыттағы 180-ге жуық үйірме жұмыстарының нәтижесінде 2023 жылдың өзінде шәкірттеріміз қалалық, облыстық, республикалық шаралардан мектеп қоржынына 908 жүлде қосты. Оның ішінде қалалық пәндік олимпиадалардан-56, облыстық пәндік олимпиадалардан-5, «Жаһандық құзіреттілік» курсы бойынша республикалық пәндік олипиададан-1, ғылыми жобалардың қалалық кезеңінен-32, облыстық кезеңінен-7, спорттық сайыстардың қалалық кезеңінен-60, облыстан-35, республикалық кезеңінен-15, халықаралық кезеңнен-2 жүлде алып, мектеп мерейін өсірді.

Сонымен қатар «INNO FEST QYZYLORDA – 2022» шығармашылық фестиваліне қатысқан оқушыларымыз 50.000, 200.000, 300.000 тенгелік жүлделер жеңіп алды. «Жастар рухы» ЖҚ облыстық филиалы және GRANT MASTER бағдарламалау мектебінің ұйымдастыруымен өткен «CP OPEN CUP – 2023» бағдарламалау олимпиадасында І орын алған 2 оқушымыз Қорқыт ата атындағы университеттің грантын жеңіп алды. Белбеу күресінен жасөспірімдер арасында әлем чемпионатында Н.Улугбекова қола жүлде, дзю-до күресінен жасөспірімдер арасында Азия чемпионатынан Ж.Жайсаңбай қола жүлде, республикалық турнирде қазақша күрестен Б.Абылай алтын жүлде, республикалық тоғызқұмалақ, қазақша күрестерден топтық есеп бойынша алтын, күміс, қола жүлде және облыстық «Ұлттық мектеп лигасынан» футболдан, волейболдан қыздар командалары үздіктер қатарынан табылды. Бұл көрсеткіш – мектеп өрендерінің ойы зерек, алғыр екендігінің бір дәлелі. Биыл ауыл мектептерінің оқушыларына арналған республикалық пәндік олимпиадасы алғаш рет өткізілуде. Ауылдық мектептердегі талантты жастарды анықтау және қолдау бойынша қолайлы жағдайлар жасау мақсатында өткізілген осы олимпиададан информатика пәнінен 9 сынып оқушысы Қарақат Шешенбай мен ағылшын тілі пәнінен 10 сынып оқушысы Айлуна Сырымқызы облыстан оза шауып, республикаға жолдама алды. Осы орайда мектептегі барлық жетістіктер, жүйелі жұмыстар мектеп, ата-ана, оқушы арасындағы үштік одақтың берік ынтымақтастығының, ұжымдағы өз ісіне берілген, жаңалықты жатсынбай қабылдайтын ұстаздар қауымының шығармашылықтарының арқасы деп бағалаймын. Облыстық білім бөлімі тарапынан ұжымға берілген «Ынтымағы жарасқан ұжым – 2022», қалалық білім бөлімінен берілген «Үздік ауыл мектебі – 2023» номинациялары оқу-тәрбие үдерісіндегі тынымсыз еңбектің марапаты.

– Негізі әр мектепте ҰБТ мәселесі басты назарда екені белгілі. Сіз басқарып отырған мектептегі ҰБТ көрсеткіші қалай болуда? Соңғы жылдарға шолу жасасақ…

– Сұрағыңыз орынды. ҰБТ дегеніміз – мемлекеттік қоғамның және тұлғаның қажеттілігіне сәйкес келетін бүгінгі білім сапасын көтеру және басты бағыт болып табылады. Ұлттық бірыңғай тестілеу жалпы орта білім беру ұйымдарында оқушылардың қорытынды аттестаттауының бір түрі.

ҰБТ-ның жоғары нәтижесі 11-сыныпта ғана пайда болмайды. Қазіргі күні мектебімізде мұғалімнің өз еңбегінің нәтижесіне жауапкершілігі толық қалыптасқан. Әр мұғалім ҰБТға дайындауда әртүрлі тәсілдерін қолданып, жетістіктерге жетіп отыр. Сөзіме дәлел ретінде атап өтейін, 2023 оқу жылының қорытындысы бойынша 67 түлек мектепті бітіріп, оның 6-уы «Алтын белгі», 4-еуі «Үздік аттестат» иегері атанды. ҰБТ-да орташа балл – 90 балды құрады. Жоғарғы оқу орындарына 55 түлек мемлекеттік грант негізінде түсті, жалпы орналасу – 100%. Мектебімізде соңғы 3 жылда ҰБТ-ның орташа балы 90-нан төмен болмады. Ұжымымның қажырлы еңбегінің арқасында деп мақтанып айта аламын.

– Мектебіңізде құндылыққа негізделген білім беру жобалары қалай іске асырылуда?

– Қазіргі таңда мектепте жүргізіліп жатқан жобалардың білім алушылардың білім көкжиегін кеңейтуде маңызы өте зор. Атап айтқанда, білім алушылардың рухани-патриоттық танымын дамыту мақсатында Білім және ғылым министрлігінің білім беруді және ғылымды дамытудың 2020-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы негізінде «Қазақстан Республикасының білім беру ұйымдарында «Мектеп парламенті» білім алушылардың өзін-өзі басқару органдарын дамыту тұжырымдамасы» негізінде мектебімізде оқушылар парламенті мүшелері мектеп әкімшілігімен кездесулер өткізіп, жоспарларымен, идеяларымен бөлісіп отырады.

Мектеп парламенті «Жас Ұлан», «Жас Қыран», «Жас Сарбаз» балалар қоғамдастығы оқудан тыс қызметті ұйымдастырудың табысты нысандары ретінде қалыптасып келеді. Қызылжарма ауылында орналасқан 5547 әскери бөлімімен 2020 жылдан бері мектеп ынтымақтастық меморандумы аясында тығыз қарым-қатынаста. Жеңіс күні, С.Әлжіковтің 100 жылдығы, қала күні, Республика күні, Тәуелсіздік мерекелерінде ауылішілік шерулер, ашық есік сағаттары мен әскери оқу-дайындық жаттығуларын салтанатты түрде көрсету сияқты іс-шаралары тұрақты жүргізіледі.

«Оқуға құштар мектеп» жобасы аясында «Ұжымдық оқу», TEDx, REDx конференциялары, оқыған кітаптары бойынша жүргізілетін «Комикс салатын оқырман», «Өзің оқы, өзгеге ұсын», «Әдеби Квиз» секілді байқауларды мектеп оқушылары арасында өткізу дәстүрге айналды. Сонымен бірге «Парасат» алаңы ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдығына орай мектепішілік пікірсайыс турнирі, «Әлеуметтік желі дерт пе, әлде қажеттілік пе?» тақырыбында сынып оқушылары арасында пікірсайыс, «Ғаламтор дос па, әлде жау ма?» тақырыптарында қала мектептерімен дебат алаңында достық кездесу ұйымдастырылып тұрады.

«Отбасы – мектеп» жобасы отбасының тәрбиелік әлеуетін, білім беру ұйымдарында білім алушылардың ата-аналарымен қарым-қатынасын үйлестіруде үштік одақ жұмысы жүйелі жолға қойылды. Ата-аналарға арналған лекториялар, ата-аналар кештерін, ашық есік күндерін, тренингтер, «Ата мектебі», «Әже мектебі», «Әке мектебі», «Ана мектебі» секілді отбасылық тәрбие мектептері негізінде үйлестіріліп келеді.

 – Сіздер үшін биылғы басты жаңалық ретінде осы білім ұясында өтетін семинарды атап айтуға болады. Жалпы семинар қандай бағытта өтеді?

– Иә, Қызылорда облысының білім басқармасы «Тәрбие, спорт және қосымша білім беру» орталығының ұйымдастыруымен осы жылдың 26 қаңтарында «Біртұтас тәрбие бағдарламасы: іске асыру тетіктері мен перспективасы» тақырыбында облыстық семинар жоспарлануда.

Семинардың негізгі мақсаты – ұлттық және рухани-адамгершілік, жалпыадамзаттық құндылықтарды дәріптеу арқылы өскелең ұрпақты тәрбиелеудің жаңа бағдарламалары мен жобаларын, оқу-тәрбие жүйесіндегі жетістіктерін, сонымен қатар сапалы білім алу тәсілделерін ұсыну, тәжірибе алмасу. «Ұлттық құндылықтар – ұлт қазынасы», «Ұлттық құндылықтар – тәрбие өзегі», «Ұлттық құндылықтарды оқу пәнінің мазмұнына интеграциялау», «Жастық жалынымыз – Отанымызға!» тақырыптары аясында өтеді деп бағдарланып отыр. «Оқуға құштар мектеп», «Дебат клубы», «Мектеп театры», «Мектеп парламенті», «Жеткіншектің жеті жарғысы», «4 тоқсан – 4 өнер», «Ата-аналар клубы» жобалары және «Жасөспірімдер арасында құқықбұзушылықтың алдын алу» бағытында да ашық сабақтар көрсетіледі.

– Ойдағыдай өтуіне тілектеспіз. Мектеп психологтары қалай жұмыс істеуде?

– Мектепте 2 педагог-психолог Лиза Палманова мен Бақыткүл Сейтханова жұмыс істейді. Екеуі де педагог-зерттеуші санатында, қала көлемінде тәжірибелі, білікті мамандар. Бақыткүл – «Үздік педагог-психолог – 2019» республикалық байқауының жүлдегері. Жалпы мектептегі психологиялық қызмет – әрбір баланың толыққанды психикалық және тұлғалық дамуына әсер ететін жағдайлармен қамтамасыз ету негізгі мақсаты болып табылатын білім беру жүйесіндегі арнайы сала.

Психологиялық-диагностикалық, психологиялық-ағарту, психотүзету және дамыту, психологиялық кеңес, әлеуметтік диспетчерлік бағыттар бойынша өз жұмыстарын тынымсыз атқаруда. Еңбектерінің арқасында мектебімізде жағымсыз жаңалықтар болмады.

– «Сабақ беру үйреншікті жәй шеберлік емес, ол – үнемі жаңадан жаңаны табатын өнер» деген Жүсіпбек Аймауытов. Яғни балаға білім ғана емес, өмірдің мәнін, Абай атамыз айтқандай, адамды, өмірді сүюге үйрету де ұстаздың ісі. Осы тұрғыда ұстаз әдебіне тоқталсаңыз. Нағыз ұстаз қандай болуы керек?

– Өзінің кәсіби тұлғалық қасиеті өн бойынан көрініс табатын бірден-бір мамандық иесі – ұстаз мамандығы. Сондықтан да әр заманда ұстаздың қадір-қасиеті туралы ұлы адамдар ұлағатты сөздерін айтып, келер ұрпаққа жеткізіп отырған. Мысалы, қазақтың алғашқы ұстазы Ыбырай Алтынсарин «Мен үшін жақсы мұғалім бәрінен де артық, өйткені мұғалім – мектептің жүрегі» десе, Бауыржан Момышұлы «Ұстаздық – ұлық емес, ұлы қызмет» деп баға берген.

Сондықтан да әр ұстаз, әр оқытушы, әр мұғалім, жалпы әр педагог ең алдымен, «Адамның адамгершілігі жақсы ұстаздан» деген Абай атамыздың мағыналы сөзіне сүйене отырып, адамгершілік белгілерінің басты шарттарын назарда ұстап, іскерлігі мен дағдыларының арқасында, баламен қарым-қатынас жасауда педагогикалық этика ережелерін басшылыққа алу керектігін назарға алуы тиіс.

 – Алдағы уақытта осы саланың білікті басшысы, тәжірибелі маманы ретінде қандай жоспар мен жұмыс күтіп тұр?

– Бүгінде уақыт бізді сәт сайын таң қалдырып, алдымызға жаңа мақсат-міндеттер қойып отыр. Көз ілеспес шапшаңдықпен дамып жатқан технология заманында білім саласына қойылатын талап та, күтілетін нәтиже де көп. Білім беруді болашақтың даму тенденцияларына, оның экономикасына бағыттау жұмыстары арқылы жас ұрпақтың білімі мен тәрбиесіне барынша адал қызмет ету – біздің ұжымдық мақсат.

– Әңгімеңізге рақмет. Осы мектептен тек білімді, білікті тұлғалар шықсын.

Сұхбаттасқан Ақтолқын НҰРЛЫБАЙ

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: