Сенбі, 11 сәуiр, 01:41

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№26 (2238)
11.04.2026
PDF мұрағаты

Антына адал дәрігер

11.04.2026

18 0

Медицина саласы – үлкен жауапкершілік пен шексіз мейірімді талап ететін қасиетті мамандық. Саналы ғұмырын адам денсаулығын сақтауға арнаған жандардың бірі – көпбейінді облыстық аурухананың тәжірибелі аға мейіргері Рауа Қаниқызы.

Рауа Қаниқызы 1969 жылы Қызылорда облысы, Жалағаш ауданында дүниеге келген. 1987 жылы орта мектепті тәмамдап, сол жылы Ресей Федерациясының Свердловск қаласындағы облыстық медициналық училищесіне оқуға түсіп, 1989 жылы «Медициналық сестра» мамандығы бойынша бітіріп шықты. Еңбек жолын 1990 жылы Жалағаш ауданындағы балалар консультациясында аймақтық мейіргер болып бастап, кейін түрлі медициналық мекемелерде тәжірибе жинақтады. 1999 жылы Қызылорда қаласындағы «Сенім» емханасында, 2001 жыл­дан қалалық сәбилер үйінде егу бөлмесінің мейіргері ретінде еңбек етті. 2005 жылдан бастап об­лыстық медицина орталығында жұмысын жалғастырып, ақылы хирургия бөлімшесінде мейіргер болды. Іскерлігі мен жауапкер­шілігінің арқасында 2011 жылы жалпы терапия бөлімінің аға мейіргері болып тағайындалды. Кейін кардио­реабилитация, реанимация-анестезиоло­гия, ақылы хирургия және басқа да бөлімшелерде аға мейіргер ретінде қызмет етіп, мол тәжірибе жинақтады.

2018 жылдан бері ШЖК КМК «Көпбейінді облыстық ауруханасында» ақылы бөлімнің аға мейіргері қызметін абыроймен жалғастырып келеді. Көп жылдық тәжірибесі мен кәсіби шеберлігінің арқасында әріптестері арасында үлкен құрметке ие.

Рауа Қаниқызы білімін үнемі жетілдіріп оты­ратын маман. 2019-2021 жылдары Қызылорда жо­ғары медициналық колледжінде «Мейіргер ісі­нің қолданбалы бакалавры» мамандығын игерсе, кейін Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетін тәмамдап, «Мейіргер ісі» бойынша академиялық бакалавр дәре­жесін алды.

Еңбек жолында жоғары жетістік­терге жеткен маман бірнеше мәрте мара­паттарға ие болды. Атап айтқанда, облыстық денсаулық сақтау басқар­­­масының Құрмет грамо­та­ларымен, «Үздік аға мейіргер» номинациясымен, аурухана­ның дамуына қосқан үлесі үшін төсбелгімен және облыс әкімінің Алғыс хаты­мен марапатталған.

32 жылдан астам еңбек өтілі бар тәжірибелі маман – тек кәсіби біліктілігімен ғана емес, адамгершілік қасиеті­мен де ерекшеленеді. Ол – үш баланың анасы, немере­лерінің сүйікті әжесі.

Рауа Қаниқызы – өз ісіне адал, ұжымда сыйлы, жас мамандарға үлгі болатын тұлға. Оның меди­цина саласына қосқан еңбегі әр­дайым жоғары бағаланып келеді.

Гауһар ҚОЖАХМЕТОВА

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: