Жексенбі, 22 желтоқсан, 12:23

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№100 (2110)
21.12.2024
PDF мұрағаты

Арал теңізінің жоғалуы – адамзат тарихындағы үлкен экологиялық дағдарыс

10.12.2024

220 0

Сурет: bbc.co.uk

Бүгінде экология және қоршаған ортаны қорғау мәселелері өзекті екені белгілі. Экологиялық мәселелерді шешу біздің өмірімізге оң ықпалын тигізетіні анық. Осы бағытта аймақта атқарылған ауқымды жұмыстар көп. Сондай-ақ алдағы уақытта жүзеге асар жобалар аз емес. Қызылорда облысы бойынша Экология департаменті Қармақшы ауданы және Байқоңыр қаласы бойынша мемлекеттік экологиялық бақылау бөлімінің басшысы Әлішер Шамкеновпен сұхбаттасқан едік. 

Арал теңізінің жоғалуы – адамзат тарихындағы үлкен экологиялық дағдарыс

– Маман ретінде аймақтың эколо­гиялық жайын айтсаңыз?

– Бүгінгі күні Қызылорда облысының экологиялық жағдайына Сырдария өзені мен Арал теңізінің тартылуы, құрғаған теңіз табанынан тұз көтерілуі, «Байқоңыр» ғарыш айлағынан зымырандардың ұшуы тікелей әсер етуде. Қазір Арал теңі­зінде балық көлемі азайды, Сырдария өзенінің ландшафт аймақтары тозды, теңізге жақын аудандарда климаттық жағдай нашарлады, Арал маңындағы санитарлық-эпидемиологиялық жағдай күрт ушықты, жақын орналасқан аумақтарға шаң-тұздың ұшуы күшейді. Жыл сайын ондаған миллион тонна ұсақ тұзды тозаң мен улы тұз теңіз түбінен көтеріліп, тұз-тозаң бұлт түрінде қаншама шақырымдарға таралып жатыр. Сонымен қатар Байқоңыр ғарыш айлағынан отынның уытты ком­поненттерімен ұшырылатын зымыран тасығыштар жергілікті топырақ, су және атмосфералық ауа көздерін ластап, теріс әсер етуде.

– Аймақтың экологиялық жағдайын сөз еткенде Арал теңізінің жайынан айналып кете алмаймыз…

– Өзіңізге белгілі, өңірдің экология­лық жағдайы бірінші ке­зекте Арал теңізі­нің тарытылу себебінен Арал өңірі эколо­гия­лық тұрғыда күрделі және апаттық ай­мақ екені белгілі. Арал теңізінің жоғалуы – Арал өңірінің ғана мәселесі емес, адамзат тари­хындағы үлкен экологиялық дағдарыс деп бағаланады.

Арал теңізінің құрғауынан жыл сайын­ғы шаңды және тұзды дауылдарға, аймақ­тағы экологияның бұзылуына, халықтың денсаулығының күрт нашарлауына, өсімдік пен жануарлардың дамуына кері әсерін тигізуде.

Қазіргі таңда Арал теңізінің құрғаған ұлтанының көлемі 4,5 млн гектарды құ­райды, оның 2,2 млн гектары Қазақстан Республикасына тиесілі. Теңіздің құрға­ған ұлтанында ұшқан тұз бен құмды тоқтатудың бір ғана нәтижелі жолы бар. Ол  – фитоорманмелиорация, яғни теңіз ұлтанына агротехникалық талаптарды орын­дау арқылы суғарусыз және тұздалған топы­раққа бейім галофитті өсімдіктерді (сек­сеуіл, сарысазан, қарабарақ, жыңғыл) отырғызу.

Соңғы жылдары құрғаған теңіздің өңірге зиянды әсерін азайту және Арал теңізінің қазақстандық бөлігін дамыту бойынша бірқатар шаралар қабылданды.

Мемлекет басшысының Арал теңізінің құр­ғаған ұл­танында 2021-2025 жылдар ішінде 1,1 млн гектарға сексеуіл екпелерін ұлғайту жөнінде шаралар кешенін қабылдау туралы тапсырмасы аясында 2021 жылы 101 мың гектар, 2022 жылы 250 мың гектар фитоорманмелиорациялық жұ­мыстары атқарылды. Ал 2023-2025 жылдар аралығында жыл сайын 250 мың гектар фито­орманмелиорациялық жұмысын жүргізу жоспарланған.

Сонымен қатар 2019 жылғы 14 мамырдағы Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қызылорда облысына жұмыс сапары барысында Үкіметке «Сырдария өзенінің арнасын реттеу және Арал теңізінің солтүстік бөлігін сақтау» жобасының екінші кезеңінің бөліктерін іске асыру жөнінде шаралар қабылдауды тапсырды. Жоба Арал өңі­рінің әлеу­меттік-экономикалық жағдайын жақсартуға бағыт­талған. Соның ішінде солтүстік Арал теңізінде судың жинақталу көлемі мен сапасын 40 км³ дейін жақсарту, балық өнімдерін өндіру мен қайта өңдеуді қолдау жолымен балық шаруашылығын дамыту, солтүстік Арал теңізінің экологиялық мониторингі мен су ресурстарын басқаруды жақсарту, орман жолақтарын орнату арқылы Арал теңізінің түбінен тұзды шөгінділердің шығарылуын тө­мендету, экологиялық туризмді дамыту.

– «Таза Қазақстан» республикалық эко­логиялық акциясының нәтижесін халық сезініп келеді. Дегенмен қоғамда тазалық мәдениетін сақтауда әлі де көп жұмыс керек екені байқалады…

– Облыс бойынша жыл басынан «Таза Қазақстан» рес­публикалық экологиялық акция­сы аясында ұйым­дастырылған сенбіліктер мен акцияларға барлығы 632 мыңнан аса адам қаты­сып, іс-шараларға 2000-нан аса техника жұмылдырылды. Нәтижесінде 24071 тоннадан астам қоқыс қалдықтары шығарылды. Елді мекен­дердегі қоғамдық орындар, 505 скверлер мен парктер, 208 тарихи мәдени ескерткіштер тазартылды. Одан бөлек, 900 көпқабатты үй мен 12983 жер үйлердің ауласына тазарту жұмыстары жүргізілді.

Көркейту-көгалдандыру жұмыстары аясында бүгінгі күнге 145 321 дана ағаш көшеті егілді. Апта сайын облыс орталығы және аудан әкімдіктерімен бірлесіп, мемлекеттік мекеме ұжымдары, еріктілер мен волонтерлармен сен­білік ұйымдастырылуда.

– Қоршаған ортаны қорғаудағы игі іс – ағаш егу. Жасыл желегі көп қаланың экологиялық жағдайы да жақсы болатыны белгілі. Қызылорда жасыл қалаға қашан айналады?

– 2020 жылы ел Президенті Қазақстан халқына Жолдауында 5 жыл ішінде орман қорында 2 млрд ағаш және елді мекендерде 15 млн ағаш отырғызуды тапсырды. Мемлекет басшысының тапсырмасымен Арал теңізінің құрғаған табанына жалпы көлемі 1,1 млн гектар жерге сексеуіл отырғызу басталды. Бір түп сексеуілдің 4 тоннадан астам құмға тосқауыл болатынын ғалымдар дәлелдеген. Мамандардың айтуынша, 7 жылдан кейін 15 мың гектар жерге егілген өсімдік 15 мың тонна тұз бен шаңның көкке көтерілуін тоқтатады.

Жоба аясында еліміздегі алдыңғы қатарлы компаниялар мен еріктілер бірігіп, аталған мәселенің түйткілін шешуге теңіздің тамшы­сын­дай болсын үлес қосуда. Биыл «ҚазМұнайГаздың» қолдауымен Арал теңізінің құрғап кеткен ұлтанын жасыл желекке айналдыру мақса­тында ұлттық компания 15 мың гектар жерге 4,5 миллион түп сексеуіл көшетін егу жобасын бастаған еді.

Қызылорданың жасыл қалаға айналуын осы аймақтың тұрғыны, экология саласының қыз­меткерлері ретінде бірінші кезекте қалаймыз. Осы бағытта сала мамандарымен бірлескен жобалар іске асуда. Мысалы, қаланы көгалдандыру, көшеттер егіліп, арықтардың тазалығын қамтамасыз ететін «Жасыл Қызылорда» мекемесі жұмыс істеуде. Бұдан бөлек, жоғарыда атап өткендей, ел көлемінде өтіп жатқан «Таза Қазақстан» экологиялық акция­сы – қоғамның экологиялық мәдениетін қалыптасты­руға бағытталған тиімді идеологиялық  қозғалыс.

Акция аясында облыс, қала, аудан көлемінде елді-мекен­дердегі санитарлық тазалық, көркейту және көгалдандыру шараларын маусымдық мерзімдері нақтыланып, бекітіл­ген еді. Алдағы уақытта да, іс-шара жалғасын тауып, қала­мыздың, облысымыздың, одан әрі республиканың гүлденуіне серпін беретін бастама боларына үлкен сенім мол.

– Қалдықтарды қайта өндіру және оларды сұрыптау бүгінгі күннің өзекті мәселесі…

– Соңғы жылдары қалдықтарды ретке келтіру жұмыс­тарына аса мән беріліп, олардың экологиялық және санитарлық талаптарға сай арнаулы орындарда жинақталуына назар аударылуда.

2021 жылдың 1 шілдесінен бастап енгізілген жаңа эко­логиялық кодексте тұрмыстық қатты қалдықтар полигонына қарасты біршама жаңа талап енгізілді

Атап айтқанда, жаңа кодекстің 350-бабына сәйкес, тұрмыстық қатты қалдықтарды алдын ала сұрыптамай көмуге тыйым салынған. Полигонда көмуге арналған қалдықтардың көлемі мен қауіпті қасиеттері полигондарға түскенше азайтылуы тиіс. Сондай-ақ жаңадан салынып жатқан тұрмыстық қатты қалдықтардың полигондары сүзуге қарсы экранмен жабдықталуға тиіс.

Бүгінгі күні облыста 145 полигон жер учаскелері белгіленсе, оның 7-і экологиялық талапқа сәйкес келеді, қалған 138 полигонды талапқа сай ету мақсатында кезең-кезеңімен шаралар жүргізілуде.

Соңғы үш жылда облыстағы қалдықтарды қайта өңдеу үлесін ұлғайту мақсатында қаламызда жылдық қуаттылығы 60 мың тонна қалдықтарды сұрыптайтын кешен және тұрмыстық қатты қалдықтарға арналған полигоны, сондай-ақ Арал қаласында ТҚҚ полигоны құрылысы іске қосылды. Өңірде «Жасыл Даму» АҚ арқылы қалдықтарды сұрыптау және қайта өңдеу бойынша 9 жоба іске асуда. Жыл соңына дейін Сырдария ауданында сұрыптау кешені бар полигон құрылысы аяқталып пайдалануға беріледі деп жоспарлануда.

Жобалар толық іске асқан кезде өңірде 500 тұрақты жұмыс орны құрылып, қалдықтарды қайта өңдеу үлесі 33,6 пайызға дейін ұлғаяды деп жоспарланған. Нәтижесінде құрылысқа қажетті төсеніштер, кәріз құдығы, қағаз, пластик және шыны өнімдері өндіріледі.

Қалдықтарды басқаруда облыс орталығы  – Қызылорда қаласына ерекше көңіл бөлінеді. Мұнда 3 жобаны іске асыру жоспарлануда. Біріншісі – «With You E&C Kyzylorda» ЖШС-мен Қызылорда қаласындағы қолданыстағы полигонын жаңғырту жобасы, оның шеңберінде қалдықтарды ұсақтау және жағу қондырғылары, қоқыс тасушы, экскаватор, тиегіш, жүк тасымалдаушы, өрт сөндіруші, ирригациялық автокөліктер, 32 арнайы техника және 3 мың еуроконтейнер сатып алынады, медициналық және құрылыс қалдықтары кәдеге жаратылады. Нәтижесінде қалдықтарды қабылдау полигонының қуаты 60 мың тоннадан 300 мың тоннаға дейін артады.

Бұдан әрі «Seven Rivers Technologies» ЖШС-мен бірге шыны ыдыс өндірісін іске асыру жобасы жоспарлануда. Ол жылына 220 миллион шыны ыдыс шығаруға қабілетті. Зауыт үшін шикізат ретінде өнімнің 50 пайызы республика бойынша жиналатын шыны қалдықтарын пайдаланбақ.

«Дезинфекция» ЖШС-нің үшінші жобасы – тұрмыстық қатты қалдықтардан пластик шелектер, жеңіл бактар өндіру. Жобаның қуаттылығы – жылына 1200 тонна.

– Автокөліктердің ауаны ластауға, қоршаған ортаға тигізер кері әсерін азайту бағытында қандай жұмыстар атқарылуда?

– Қызылорда облысы бойынша Экология департаменті мамандары 2021-2025 жылдарға арналған «Таза ауа» іс-шара жоспарын облыстық полиция департаментімен бекітіп, қазіргі таңда бірлесе рейдке шығуда. Есепті кезеңде 4 рейдтік іс-шара барысында қала ішіндегі 303 автокөлікке өлшеу жұмыстары жүргізіліп, нәтижесінде 17 автокөліктен нормативтен асу дерегі анықталды.

– Сұхбатыңызға рахмет.

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: