Жұма, 17 мамыр, 13:58

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№38-2048
14.05.2024
PDF мұрағаты

Ауызсу тапшылығы: Бүгінді емес, болашақты ойладық па?

27.01.2024

368 0

Фото: Н.Нұржаубай

Жасыратыны жоқ, ауызсуды есепсіз пайдаланатын елміз. Ғалымдар, су мамандары келешекте ауызсу тапшылығынан зардап шегеміз деп дабыл қақса да елең етпейміз. Тіпті жаздыгүні есік алдындағы бақшаға ауызсу пайдалану дағдылы әдетке айналып кеткені өтірік емес. Қалай айтқанда да, су қадірін түсіне қоймағанымыз шындық.

БҰҰ-ның Азық-түлік және ауыл шаруашылығы ұйымының баяндамасындағы мәлімет елең еткізбей қоймады. Онда болашақта су тапшылығынан әлемде 3 млрд-тан астам адам зардап шегетіні жа­зылған. Сарапшылар мұны халық санының өсуімен байланыстырады. Халық саны өсуде. Алайда жан басына шаққандағы пайда­ланатын тұщы су қоры 20 пайызға азайған. Су тапшылығы әлем бойынша, әсіресе Солтүстік Африка мен Батыс Азияда қатты сезілуде. Жалпы су тапшылығы әлем елдерін алаңдатып отырған мәселе. Соңғы жылдары әлемде суды көбірек тұтыну өсе түскен. Сарапшылар мұны халық санының өскенінен бөлек, адамдардың жақсы өмір сүруге ұмтылысы мен диеталық тағамдарға бет бұра бастауы да суды көбірек тұтынуға әсер еткенін айтып отыр. Бір қарағанда тым қарабайыр себеп сияқты көрінгенмен, бұл кейбір елдердегі су тапшылығы мәселесіне айналуда. Сарапшылар атап көрсеткендей, халқы тұтыну рационын өзгерткен, яғни дәнді дақылдарды күнделікті жиі пайдалануға бет бұрған Бразилия, Қытай, Индия елдерінде күнделікті су тапшылығы сезілуде және бұл мәселе көкейтесті проблемаға айналуда. Сонымен қатар ауыл шаруашылығы саласы, мал шаруашылығымен айналысатын елдер үшін су жылдан-жылға қат дүниеге айналмақ. Мамандар алдын ала болжағандай, келешекте барлық егістік жердің шамамен 11 пайызы және барлық жайылымдардың 14 пайызы құрғақшылыққа ұшырайды, ал суармалы егістік жердің 60 пайызы су тапшылығына тап болады. Осы орайда әлем үшін назар аударарлық жаңалықтың бірі – АҚШ-та су фьючерсімен сауда жасай бастады (Фьючерс –  тауарды белгілі бір мөлшерде келісілген бағамен көрсетілген кезең бойынша жеткізу жөніндегі келісімшарт). АҚШ-тың мұндай қадамға баруына соңғы кезде жиі қайталанған орман өрттері және Калифорниядағы құрғақшылық әсер еткен. Осылайша өткен жылы сумен сауда-саттық Чикаго биржасында ресми түрде басталды. Осыдан кейін сарапшылар  бұл суды жаңа валютаға айналдыруға бағытталған қадам емес пе деген болжам жасай бастады. Француз суретшісі Фабьен Бушар бұл жағдайды өз шығармашылығына арқау етті. Су тамшысын бейнелеу арқылы көпшілікке су банкнотын ұсынып, «Су бағасы» деп атады. Суретші бұл туындысына «су да алтын сияқты сенімді инвестицияға айналады», – деген пікір білдірген.

Мамандар Калифорниядағы су тапшылығын халқы тығыз орналасқан ауылшаруашылықты аймақ екендігімен байланыстырады. Судың 50-60 пайызын ауыл шаруашылығы саласына жұмсайтын калифорниялықтар үшін су тапшылығы жылдан-жылға арта түспесе, кемімек емес. Төтенше жағдай жиі болатын Калифорнияда суға деген сұраныс мөлшері жыл сайын арта түспек. Осыдан келіп бұл елде су нарығындағы жағдай өзгерген. Бұл жағдай инвесторларға мүмкіндік берді. Мамандар мұны жақсы идея деп бағалайды.  Су фьючерстері фермерлерге су шығынын жоспарлауға, түрлі тәуекелдерден сақтандыруға мүмкіндік береді екен. Әрине, бұл барлық елге бірдей емес. Су нарығында әр ел өзінің әлеуметтік-экономикалық жағдайы арқылы шешім қабылдайды. Әр ел су ресурсының бағасын өзі анықтайды. Бір сөзбен айтқанда, сарапшылар пікірі осыған саяды.

Мамандардың айтуынша, су фьючестерін мұнай немесе газ фьючестерімен салыстыруға келмейді. «Біріншіден, таза су – бұл жер бетіндегі жалғыз ресурс, оған қол жеткізу құқығы БҰҰ Бас Ассамблеясының шешімімен адамның негізгі құқықтарының бірі ретінде ресми түрде бекітілген», – деп жазады Еуропалық және халықаралық кешенді зерттеулер орталығының директоры Анастасия Лихачева.

Бүгін мен болашақ

Сонымен, ауызсуды үнемді пайдалануға деген көзқарасымыз қандай? Жо-жоқ, атай көрмеңіз, әзірге суды үнемдеу ойымызға да кіріп шықпайды. Жарты сағат су ақпай қалса, тіршіліктен құр қалатындай дабыл қағатын біздер әзірге судың келешегі, судың да сұрауы бар екенін ойламаймыз. Дегенмен елдегі су мәселесі туралы айтқанымыз жөн.

Су ресурстары және ирригация министрлігінің мәліметтеріне сүйенсек, Қазақстанда ауызсу тапшылығы жоқ. Жыл сайын елдегі өзен су ресурстарынан өндірілетін су көлемі шамамен 102 текше шақырымды құрайды. Бұл жерасты суларының қорын есептемегендегі мәлімет. Ал коммуналдық-тұрмыстық қажеттіліктер барлық су көлемінің 4,3 пайызын пайдаланады. Яғни әзірге елде ауызсу тапшылығы деген мәселе жоқ. Бұл қазіргі жағдай. Ал келешекте? Өткен жылы мәжіліс депутаты Сергей Пономарев Парламент қабырғасында ауызсуды үнемдеуді мәселе етіп көтерді. Депутат БҰҰ-ның алдағы 15 жылда елімізде су тапшылығы болатынын, ал 2025 жылы бұл тапшылық үш есеге артанын алға тартты. Мәжіліс депутатының пікірінше, халық суды үнемдеп пайдалануға дағдыланбаған. Тіпті қаперіне де кірмейді.

Әрине, дәл қазір ауызсудан тапшылық көріп отырған жоқпыз. Алайда келешекте су қатқа айналатынын әлемдік деңгейде де, ел Президенті тарапынан да айтылуда. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2050 жылға қарай Қазақстан суға мұқтаж елдің қатарына енуі мүмкін екенін айтқан болатын. Өткен жылы жазда Астана қаласының өзінде ауызсу мәселе болғанын ұмытқан жоқпыз. Көпқабатты үйлерде су қысымы азайып, жергілікті атқарушы билік мұны елорданың күн сайын қарқынды өсіп жатқанымен байланыстырды. Өткен жылы маусымда бұл мәселе жаңа сорғы станциясын іске қосқаннан кейін шешімін тапты.

Ел Президенті Жолдауында 2040 жылы Қазақстанда су тапшылығы 12-15 млрд куб-қа жетуі мүмкін екенін айтып, елде су министрлігін құру қажеттігін атап айтқан еді. «Бір сөзбен айтсақ, суды барынша үнемдеуіміз қажет. Оған қоса судың «көлеңкелі» нарығы түбірімен жойылуға тиіс. Халқымыз «Судың да сұрауы бар» деп бекер айтпаған. Су дегеніміз – үнемдеп пайдаланбаса, тез таусылатын шектеулі ресурс. Онсыз шаруалардың күні қараң. Сол себепті бұл салада заңсыздыққа жол берілмейді. Талапқа бағынбайтындар қатаң жазаға тартылады. Еліміз үшін судың маңызы мұнай, газ немесе металдан кем емес. Су шаруашылығы жүйесін тиімді дамыту мәселесімен дербес мекеме айналысуы қажет деп санаймын. Сондықтан Су ресурстары және ирригация министрлігі құрылады», –деді Мемлекет басшысы.

Есеп пен үнем

Су тапшылығының алдын алу мәселесін халық қалау­лылары жиі көтеріп жүр. Өткен жылы «Amanat» партиясында мәжіліс депутаттары су мәселесін әбден талқылағаны партия сайтында жарияланды. Мәжіліс депутаты Еділ Жаңбыршин елімізде су әлі де құнды тауар ретінде бағаланбайтынын, сол себепті де оңды-солды пайдалану әлі тыйылмай келе жатқанын мәселе етіп көтерді. «Бизнес өкілдері де су үнемдеуге құлықсыз. Мәселен, көлік жуатын орталықтар суды қайтадан пайдалану технологиясын қолданудың орнына таза ауызсуға иек артады. Өндіріс орындарында да суды қайтадан пайдалану деңгейі өте төмен. Қолда бар мәлімет бойынша, бүгінде өндірістік кәсіпорындардың 30 пайызы ғана суды қайтадан пайдаланады», – дейді депутат.

Мәжіліс депутаты Сергей Пономарев саланы цифрландыруға қанша қаржы бөлінсе де нәтижелі жұмыс жоқ екенін алға тартады. «Қазақстанда су саласын цифрландыру жұмысы 14 жылдан бері жүргізіліп келеді. Оған 10 жылда 1 трлн теңгеге жуық қаражат бөлінді. Алайда іс жүзінде саланың небәрі 1%-ға жетер-жетпес бөлігі ғана цифрландырылды. Яғни тиісті датчиктер де, «Қазсушармен» тығыз байланыс та жоқ. Жалпы елімізде су саласына қатысты қордаланып қалған мәселе өте көп. Ең бастысы, суды үнемдеуге, тиімді пайдалануға деген ұмтылыс болмай отыр. Ширек ғасырдан кейін ұрпағымыз дәл осы су тапшылығының зардабын тартуы ықтимал. Су үшін сұмдық талас болады. Бұл – құр сөз, негізсіз жорамал емес, БҰҰ-ның болжамы. Егер ел болып, жұрт болып суды үнемдемесек, тиімді пайдаланбасақ осындай жағымсыз жағдайға тап боламыз», – дейді ол.

Арал теңізі мен Сырдария өзенінің қазіргі жағдайына тоқталған мәжіліс депутаты Мархабат Жайымбетов су ресурстарын тиімді басқару қажеттігін айтады.

«Елу жыл бұрын «Арал» теңізінде 990 млрд текше метр су болған еді. Сексенінші жылдары «Мемлекеттік жоспар» деп аталатын ірі мекеме аталған теңізге 3 млрд текше метр су бөліп отырды. Себебі «Аралдағы» су жыл сайын дәл осындай мөлшерде буланады. Олай болмаған жағдайда теңізден мүлдем айырылып қалатын едік. Осыдан 12 жыл бұрын 100 млн доллар жұмсап, 27 млрд текше метр судан тұратын кіші «Аралды» салдық. Ал 27 млрд текше метр су – «Шардара» су қоймасындағы су мөлшерінің бесеуі деген сөз. Сондықтан су ресурстарын тиімді басқару мәселесіне әрдайым жіті мән беру қажет», – дейді М.Жайымбетов.

Судың қадірін де, қасіретін де сезінетін кез келді

«Ауызсуды тиімді пайдалану мақсатында не істеуіміз керек?» деген сұрақты өңірдегі су мамандарына қойдық. «Қызылорда су шаруашылығы» өндірістік учаскесінің басшысы, облыстық мәслихат депутаты Жорабек Нұрымбетов тұрғындар әлі де суды үнемді пайдалануды үйренбегенін айтады.

– Мемлекет басшысы өткен жылғы Жолдауында әлем дабыл қағып жатқан су тапшылығы мәселесі бізде де болатынын атап айтып, бұл мақсатта арнайы су министрлігін құруға тапсырма берді. Өткен жылы жаңа министрлік құрылып, жұмыс істеп жатыр. Жаңадан Су кодексі әзірленіп, қазір Парламенттің қарауында. Қазақ «судың да сұрауы бар» деп бекер айтпаған ғой. Су тапшылығы әлем бойынша дабыл қағарлық мәселе екені белгілі. Мәселен, әр адам күніне 200-250 литр су тұтынатын болса, Африканың әр тұрғынына күніне 10-15 литр су зорға жететінінен-ақ әлемдегі жағдайды бағамдай беруге болады. Бұл біздің де суды пайдалануға жаңаша көзқарас қажет екенін ұқтырады. Шынын айтқанда, судың қадірін де, қасіретін де сезінетін кез келді. Біз әлі де суды телегей-теңіз, есепсіз пайдаланып жатырмыз. Ауызсуды техникалық мұқтаждықтарға да ретсіз пайдаланатынымыз баршаға аян. Мәселен, күн сайын көлік жууға, жаз болса, есік алдындағы бақшаға ауызсуды пайдаланамыз. Суды тиімді пайдалануды ретейтін жаңа құжат қабылданған кезде саладағы біраз мәселе шешімін табады деп ойлаймын. Атап айтқанда, ауызсуды тиімсіз пайдаланғандар үшін айыппұл салу, ескертуге көнбеген жағдайда қатаң шешім қабылданады. Алдағы уақытта біз ауызсуды тек өз мақсатына, ал басқа мақсаттарға техникалық суды пайдалануға келуіміз керек. Бұл мақсатта қалада биотазалау станциясы бұған дейін іске қосылғанмен, оның нәтижесін әлі көре қойған жоқпыз. Алдағы уақытта бұл мәселе де шешімін табуы тиіс. Себебі жаңадан құрылған су және ирригация министрлігінің негізгі мақсаты – ауызсуды да, аяқсуды да тиімді пайдалануды қадағалау. Бұл орайда «Арал-Сырдария бассейні инспекциясы» мекемесінің құзіреттілігін күшейтуде, – дейді ол.

«Елің үшін не істедің?» дегенде, ең болмаса суды үнемдедім десек екен

Техника ғылымдарының докторы, Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің су шаруашылығы және жерге орна­ластыру кафедрасының профессоры Серікбай Өмірзақов әр азамат суды үнемдеуді үйренсе екен дейді. Ғалымның пікірінше, суға жай су деп қарамау керек, ол – адамның денсаулығы, қоршаған ортаның жайлылығы. Қазақ айтқандай, «сулы жер – нулы жер».

 – Жалпы адамзат баласының табиғи ресурстарды шексіз пайдалану нәтижесінде бүгінгі күні Жер планетамызда үлкен климаттық өзгерістер, дағдарыстар, экологиялық апаттар болып жатыр. Соның ең бірегейі де, басты мәселесі осы су ресурастарына тікелей байланысты. Біздің аймақ шөлді аймаққа жатады. Шөлді аймақта жауатын жаңбырдың мөлшері өте аз. Атап айтқанда, Сыр өңірінде жылына жауатын жаңбыр мөлшері 120-150 млм,  ал буланып ұшуы он есе көп, 1200 млм ылғал су жер бетінен ұшып кетеді.  Сондықтан барлық уақытта біздің табиғатта судың жетіспеушілігі аңғарылып тұрады. Орталық Азия мемлекеттерінің барлығы Амудария мен Сырдария өзенінің суын дұрыс пайдаланбауының нәтижесінде алдағы уақытта су тап­шылығы өрши тү­­сетіні болжанып отыр. Жер беті суларының азаюы тікелей жерасты су­ла­рына да әсерін ти­гізеді. Сонымен қа­­тар бүгінгі күнге дейін Сырдария өзені суын ауызсу ретінде пайдаланып келсек,  өзен суына көптеген ауыл шаруа­шылығы саласында, өндірісте пай­даланған лас сулардың тазаланбай тас­талуынан хи­миялық өзгерістер бо­лып, денсаулығымызға қауіп төн­діруде. Ал жерасты суы таза.  Дегенмен кейбір көрсеткіштері тікелей пайдалануға келе бермейтін жағдайлары бар. Әрине, алдағы 30-40 жылда су тапшылығы болмауы тиіс, дегенмен суды үнемдеу мәселесі күн тәртібінен түспейді. Мысалы, өңірде жазда аяқсу жетіспеушілігінен көптеген жағдайда ауызсуды пайдаланамыз. Сол себепті аяқсу мәселесін шешу арқылы ауызсуды тиімді пайдалануға болады. Қай жылдары жергілікті билік жерасты суларын бақшаға пайдалану жағын қарастырған еді. Бұл жұмыс барлық елді мекенде жалғасуы керек. Әр адам «ақшасын төлеп жатырмын» деген ұстанымда емес, суды аса құдіретті, қасиетті, жер бетіндегі тіршіліктің көзі деп бағалау керек. Мектептерде, оқу орындарында суды тиімді пайдалану жөнінде арнайы курс енгізу қажет. Егінді суару, топырақты шаю таза сумен жүргізіледі. Жаңа технологияларды өндіріске енгізсек, суды тиімді пайдалануға әсерін тигізеді. Әрбір үнемделген су – біздің денсаулығымыз. Сырдария өзенінен су Арал теңізіне неғұрлым көбірек құйылса, ол су ғана емес, тынымсыз жұмыс істеп жататын, ауаның ылғалдылығын қалыптастыратын тіршілік көзі екенін ойлауымыз керек. Сондықтан әрбір қарапайым тұрғын елге пайдасын тигізу үшін ең болмаса суды үнемді пайдаланса екен деймін. Қаламызда көлік жуу орталықтары ауызсуды пайдаланады. Мұндай кәсіп ашқандар жерасты суын пайдалану керек. Бұл кезек күттірмейтін мәселе деп санаймын, – дейді ғалым.

Су жүйесі: сан мен сапа

Су мәселесі қозғалғанда облыс орталығында да түйткілді мәселелер бар екенін айта кеткеніміз жөн. Әсіресе жаз мезгілінде ауызсу қысымының азаюы, аяқсу жетіспеушілігі және  ауызсу сапасына да сын айтылып жатады. Орайы келгенде қаланы сумен қамту жайын «Қызылорда су жүйесі» кәсіпорнының басшысы Бауыржан Әбдіғаппарұлынан сұрадық.

– Тұтынушыларды үздіксіз ауызсумен қамтамасыз ету үшін қыс мезгілінде тәулігіне 40-42 мың, ал жаз айларында 80-100 мың текше метр ауызсу өндіріліп таратылуда. Яғни жаз мезгілінде ауызсу қажеттілігі 3 есеге артады.  Жаз мезгілінде тәулігіне 95-100 мың текше метрге дейін су  берілді, оның ішінде 62-63 мың текше метр ауызсу  жерасты су қорынан, қалған 37-38  мың текше метр ауызсу  жерүсті су алу көзінен өндірілді.

Сырдария өзеніндегі су деңгейінің төмен түсуі ауызсумен қамтамасыз етуде өз кедергісін келтірді. Себебі жаз айларында ұңғымалардың барлығы іске қосылғанымен ауызсу қысымын көтеруде қиындықтар туындайды. 2023 жылы  Сырдария өзенінен 4,6 млн текше метр су алынды,  ауызсу ұңғымаларынан 12,6 млн текше метр алынды, – дейді мекеме басшысы.

Кәсіпорын басшысының айтуынша, алдағы уақытта қала тұрғындарын сапалы ауызсумен қамтамасыз ету үшін жерасты су қорына толықтай көшуге тиісті жұмыстар атқарылуда. Қолданыстағы 105 жерасты көзінен су алу ұңғымаларының 57-і 2011-2012 жылдары жаңадан бұрғыланып, пайдалануға берілген. Бұл ұңғымалардан ауызсуды өндіріп пайдалануға  ҚР Минералды Ресурстар және Энергетика Министрлігімен келісімшарт бойынша тәулігіне 83 мың текше метрге дейін  су алуға рұқсат берілген.

Бүгінде қала халқының өсіп, шағын аудандардың көбеюіне орай ауызсу қажеттілігі де артып отыр. Сұранысқа сай өткен жылы Бәйтерек шағын ауданында 7 ұңғымадан тұратын су алу құрылымы салынып, пайдалануға берілген. Сондай-ақ Қызылжарма тұрғын ауданынан 3 ұңғыма, Титов қыстағынан да дәл осындай  3 ұңғы­ма құрылысына тіиісті  құжаттар әзірленіп жатса, сол жағалау тұрғындарын ауызсумен қажетті деңгейде қамтамасыз ету үшін «Тораңғылсай» су ұңғымасын іске қосуға жоба-сметалық құжаттары дайындалуда. Мекеме қаланы сумен қамтып ғана қоймай, заңсыз су пайдаланушыларды да анықтау жұмысын жүргізуде. Бауыржан Әбдіғаппарұылының айтуынша, мекеменің қадағалау және бақылау тобы жеке және заңды тұлғалармен жұмыс бөлімінің аумақ бастықтарымен бірлесе отырып, заңсыз су пайдалануды анықтау мақсатында жұмыстар атқарады. 2024 жылы 897 заңсыз су тұтынушы анықталып, нәтижесінде 16 млн теңгеге қайта есептеме жасау арқылы заңдастырылған.

P.S. Әлемдік жағдай, тіпті елдегі құрғақшылық пен су тапшылығы салаға жаңаша көзқарас қажет екенін дәлелдей түсті. Бұл ретте ғылыми тұрғыдан шешім қабылдау маңызды.

Гүлмира ДІЛДӘБЕКОВА

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: