Жұма, 11 қазан, 03:48

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№80-2090
08.10.2024
PDF мұрағаты

iPhone 16: Болашақ технологиясы қалтаңызда

17.09.2024

328 0

Жаңашылдық пен инновацияның символы болған iPhone жай смартфон емес, технологиялық құбылыс десек те болады. Жақында Apple жаңа iPhone 16 ұялы телефонының  таныстырылымын өткізді.

Смартфон жаңа функциялармен, кең бұрышты камера және жоғары сапалы дыбыс жазуға арналған студиялық микрофонмен қамтылған. Көптеген пайдаланушы бұл құрылғыны тек байланыс құралы ғана емес, табыстың көрсеткіші ретінде есептейді. Бүгінде жастар арасында iPhone-ға ие болу көбінесе байлықпен байланысты және көптеген адам үшін функционалдық сипаттамалар емес, құрылғының сыртқы түрі маңызды. Бұл сапа, сән және табыстың белгісі деп есептейді. Дегенмен, Apple өнімдерінің экожүйесі әртүрлі құрылғылар мен қызметтер арасында тез синхрондауды ұсына отырып, пайдаланушы үшін қосымша артықшылықтар жасайды. Бұл ыңғайлылықты және жоғары қауіпсіздікті қамтамасыз етеді. Сол себепті адамдардың соңғы үлгіні нарыққа шыққан бойда сатып алуға ынталы болуы таңқаларлық емес.

iPhone тарихы

2007 жылы сатылымға шыққаннан бері қарапайым ин­терфейс пен мүмкіндіктердің кең ауқымын ұсынып, мобильді құрылғылардың үздігі атанды. iPhone – инновациялар, батылдық және технологиялық серпіліс. iPhone-ның жасалу тарихы 2005 жылы Apple-дің негізін қалаушы Стив Джобс iPod, телефон және интернет-коммуникатор функцияларын бірік­тіре алатын құрылғы жасау туралы шешім қабылдаған кезде басталды. Стив Джобстың бұл идеясы жаңашыл болды, өйт­кені ол кез­­дегі теле­фон­дар­дың мүмкіндіктері аз және сенсор орнына пернетақ­та болды. «Project Purple» жобасы бойынша жұмыс Apple қызметкерлерінің көп­шілі­гінен жасырын түрде басталды.

Стиль символына айналған iPhone-ның дизайнына компанияның бас дизайнері Джонатан Айв айтарлықтай үлес қосты. Әзірлеудің негізгі артықшылығы құрылғыны саусақты бір түрту арқылы басқаруға мүмкіндік беретін сенсорлық экранды пайдалану туралы шешім болды. Бастапқыда iPhone OS деп аталатын iOS жүйесі интуитивті мультисенсорлық интерфейсті қолдау үшін арнайы жасалған. Бірінші iPhone-ның тұсаукесері 2007 жылы 9 қаңтарда Macworld конференциясында өтті, онда Стив Джобс iPhone-ды «бір құрылғыдағы үш құрылғы» ретінде ұсынды. Бұл ұялы телефон индустриясын түбегейлі өзгерткен сәт болды. iPhone өзінің бай мультимедиялық мүмкіндіктері мен жоғары жылдамдықты интернетке қосылуды біріктірді, бұл сол кезде телефондар үшін жаңалық болды. Алғашқы таныстырылымнан бері iPhone өз дамуын жалғастырды. Жаңа буын 2008 жылы іске қосылған және пайдаланушыларға мобильді қолданбаларды пайдаланудың жаңа әдісін ұсынған App Store сияқты жақсартулар мен жаңа мүмкіндіктер әкелді. iPhone-ның камерасы үнемі жетіліп, мобильді фото және бейне түсіруге арналған ең танымал құрылғылардың біріне айналдырды. Siri және Face ID сияқты технологиялар Apple компаниясының инновациялар саласындағы көшбасшы ретіндегі беделін нығайтты.

Әлемде iPhone-ды қанша

адам пайдаланады?

Бір қызығы, зерттеу бойынша әлемде iPhone-ды түсірлім құралы ретінде жиі пайдаланады, себебі ол жоғары сапалы камера мен кескінді өңдеу мүмкіндіктеріне байланысты. Фотографтар мен дизайнерлер сияқты шығармашылық кәсіпқойлар арасында осы смартфон түрі ерекше көп қолданысқа ие. «World Population Review» мен «The Verge» зерттеулері бойынша 2023 жылы әлем бойынша 1,5 мил­лиардтан астам iPhone пайдаланушысы болды. iPhone пайдаланушыларының саны 2007 жылы іске қосылғаннан бері тұрақты өсіп, 2020 жылы 1 миллиард қолданушыдан асты. «Mspoweruser» сайтында жарияланған ақпарат бойынша егер орташа жұмыс аптасы 40 сағатты құраса, iPhone қолданушылары жұмысқа қанша уақыт жұмсаса, телефонына көп уақыт жұмсайды. 5 күн ішінде 667 iPhone пайдаланушысынан жиналған деректер олардың 39 сағат 54 минут белсенді болғанын көрсетті. Бұл жұмыс кезінде құрылғыда жұмсалған уақытты қамтиды. «Asymco» зерттеуі бойынша iPhone-ның орташа қызмет ету мерзімі 4 жылдан сәл ғана асады. Зерттеу көрсеткендей пайдаланылатын бел­сенді құрылғылар санымен сатылған құрылғылардың санын салыстырғанда, iPhone смартфонының орташа қызмет ету мерзімі төрт жыл үш айды құрайды деп есептеледі. Тіпті олардың құрылғысы жақсы болса да, көптеген адам жаңа түрі шыққан сайын жаңартуды қалайды. Қазіргі уақытта iPhone 14 Pro Max ең көп сатылатын модель болып табылады. Соңғы деректер iPhone қолданушылардың 27 пайызы 25 пен 34 жас аралығындағы екенін көрсетеді. Екінші орында 35-44 жас тобы, одан кейін 18-24 жас аралығы. iPhone иелерінің ең аз таралған жас тобы 55 пен 65 жас яғни 8 пайызды құрайды. Бір қызығы, 65 жастан асқандар саны бұл саннан он пайызға артық. «Worldpopulationreview» зерттеулері бойынша Қазақстанда 2023 жылы iOS нарығының үлесі 31,31 пайызды құраса, Android нарығының үлесі 68,46 пайыз болды.

Жаңа iPhone туралы не білеміз?

Жаңа iPhone-ның iPhone 15-тен тек екі айырмашылығы бар. Олар линзалардың тік орналасуы және бүйір беттеріндегі жаңа түймелер пайда болуы. Жоғарғы сол жақтағы дыбыссыз режим тұтқасының орнына «әрекет» және төменгі оң жақта камераның сенсорлық түймесі. Әдепкі бойынша, ол дыбыссыз режимді қосуға орнатылған, бірақ бұл функцияны өзгертуге болады. Мысалы, жарық шам қосқышы ретінде баптауларда өзгертуге болады. Пішіні өзгеріссіз қалғанымен, бұрыштары дөңгеленген және бүйір жиектері тегіс болды. Дисплей өлшемдері де өзгерген жоқ. Негізгі үлгі үшін 6,1 дюйм және Plus нұсқасы үшін 6,7 дюйм құрайды. Қуаттау үшін өткен жылдан қолданысқа енген USB Type-C порты пайдаланылады. iPhone 16 және 16 Plus жаңартылған корпус дизайны да ерекше. Apple-дің айтуынша, бүйір жақтауы 85% қайта өңделген алюминийден жасалған. Дисплей мен артқы қақпақ жаңа керамикалық әйнекпен қорғалған, бұл әйнектің сызатқа төзімділігін екі есе арттырады. Камераны басқару үшін оң жаққа «Camera Control» сенсорлық түй­месі қосылды. Ол бірнеше басу дәрежесін қолдайды. Басу әсері зум көмегімен жасалады. Оның көмегімен кес­кінді үлкейтуге, параметрлерді өзгертуге және суретке түсіруге болады. Сондай-ақ, ұзақ басқан кезде бейне жазу іске қосылады. iPhone-ның жаңа буыны A18 Bionic процессорлары арқылы жұмыс істейді, бұл өткен жылғы iPhone модельдерге қарағанда әлдеқайда жылдамырақ. Жаңа iPhone 16 және 16 Plus IP68 сертификатына ие. Бұл смартфонның су өткізбейтін, жаңбырға және шаңға төзімді екенін білдіреді. Батарея сыйымдылығы аздап өзгерді. iPhone 16 үшін ол алдыңғысымен салыстырғанда аздап өсті, бірақ iPhone 16 Plus үшін, керісінше, төмендеді. Жаңа iPhone смартфондары Apple Intelligence технологиясын ескере отырып жасалған бірінші құрылғы. Компания эмодзилерді жасау, мәтіннің сипаттамасы бойынша фотосуреттерді іздеу, әріптерді шығару және оны қажетті стильге әкелетін «ақылды» мәтіндік редактор сияқты бірнеше интеллектуалды функцияларды көрсетті. «Siri» технологиясы жетілдіріліп, контексті жақсы түсінуді үйренді. Көрсетілген жасанды интеллект мүмкіндіктері келесі айда iOS 18.1 жаңартуымен қолжетімді болады.

Жаңа телефонға ие болу қуаныш әкеледі. Дегенмен соңғы үлгіге шыққан сайын  ұмтылу артық екенін ұмытпау керек. Смартфоныңыз әлі де мінсіз жұмыс істеп тұрса, оны басқаларға дәулетіңізді дәлелдеу үшін өзгертудің қажеті жоқ. Ақылды тұтыну ақшаңызды үнемдеп қана қоймай, сонымен қатар қоршаған ортаны сақтауға көмектеседі. Смартфон өнеркәсібі жаңа құрылғыны жасаудан бастап, ескі құрылғыларды жоюға дейін қоршаған ортаға айтарлықтай әсер етеді. Сондықтан, жаңа гаджетті сатып алмас бұрын, осы сатып алудың нақты қажеттілігі туралы ойлану керек.

С.Темірболат

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: