Сейсенбі, 13 мамыр, 16:09

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№35,2148
13.05.2025
PDF мұрағаты

Ажырасу – қоғамның мәселесі

13.05.2025

24 0

Жыл сайын мемлекет отбасы құндылықтарын насихаттайтын бастамаларды қолдауға, ана мен баланың құқығын қорғауға күш салып келеді. Бұл отбасын жоспарлаудың салмағы мен жауапкершілігін арттырып отыр. «Орман-тоғай жап-жасыл болып жайқалуы үшін ондағы әрбір ағаш бүр атуы тиіс» болса, мемлекеттің нығая түсуі үшін де әрбір отбасының бірге болуы маңызды. Себебі отбасы құндылығын бірінші кезекке қоятын, шаңырағы тату елдің келешегі кемел екені белгілі. Өкінішке қарай, кейінгі кезде отбасыны сақтап қалу азайып, шаңырақтың шайқалуы оңай болып кетті.

124 мыңнан аса жұптың тең жартысы ажырасып кеткен

Елімізде ажырасқан отбасылардың көбейгені алаңдатарлық мәселе. Әділет министрі Ерлан Сәрсембаев Қазақстанда ерлі-зайыптылардың ажырасуының көбейгені жөнінде статистикадан деректер келтірді. 2024 жылы отау құрған 124 мыңнан аса жұптың тең жартысы ажырасып кеткен.

 – Балаларын асырауға ниеттің болмауы, алимент төлеуден жалтару – отбасы-неке қатынастары дағдарыстарының салдарынан болып отыр. Бұған дәлел, өткен жылы тіркелген 61 080 ажырасу санын құрайтын статистикалық көрсеткіш, бұл неке қию санының жартысына жуығын құрады. Осы тұста  отбасы институтын нығайту және балалардың мүдделерін қорғау бойынша жауапты мемлекеттік органдардың кешенді жұмыс жүргізуі қажет деп санаймыз, – деді Ерлан Сәрсембаев.

Зерттеулерге сүйенсек, елімізде ерлі-зайыптылардың ажырасуына туыстарының араласуы басты себеп болған. Ал шектеулердің әсерінен 41 пайызы ажырасуға шешім қабылдаған. Ал басқа да жағдайлар бойынша ажырасу 25 пайызды көрсеткен.

Отбасын жоспарлау – дұрыс шешім

Қазіргі таңда отбасындағы араздық, дау-жанжалдың көп болуы жастардың бір-біріне деген сеніміне селкеу түсіргендей. Бұл тұрғыда психологтар отбасын жоспарлаудың да дұрыс шешім екенін айтады. Ажырасудың негізгі себебі алдамшы сезімнің әсерінен тез үйленеді де, жастар бір-бірін дұрыс танымайды. 

– Ажырасу – қоғамда кең таралған әлеуметтік және психологиялық мәселе. Жұбайлар арасындағы түсініспеушілік, эмоционалдық қолдаудың жетіспеуі және сенімсіздік ажырасуға жиі себеп болады. Кейде ерлі-зайыптылар бір-бірін толық танып-білмей, асығыс шешім қабылдап қояды. Отбасындағы жұмыссыздық, әсіресе ер адамның жұмыс істемеуі, қаржылық тұрақсыздық және тұрмыстық қиындықтар отбасындағы шиеленістерді одан әрі күшейтіп, оның соңы ажырасуға әкелуі мүмкін,  – дейді облыстық психологиялық қолдау орталығының «Психологиялық көмек» бөлімінің меңгерушісі Раушан  Мұстафаева

Психологтың сөзіне сүйенсек, ата-ананың ажырасуы балалар үшін үлкен психологиялық соққы. Мұндай жағдайда балалардың психологиясы ата-ананың ажырасуына баланың жасына, мінезіне және ата-аналардың өзара қарым-қатынасына байланысты түрлі көрініс береді. Әсіресе, 5-9 жас аралығындағы балаларда бұл жағдай депрессия, мазасыздық және агрессия сияқты белгілермен көрініс берсе, ал кейбір балалар тіпті ата-анасының ажырасуына өзін кінәлі сезініп, өзін төмен бағалай бастады.

Салықты көбейту себеп бола ма?

Енді ажырасатындарға салынатын салық көбейеді. Бұл туралы Мәжілістің Қаржы және бюджет комитетінің мүшесі, депутат Берік Бейсенғалиев айтты. Оның сөзіне сүйенсек, ерлі-зайыптылар ажыраспас бұрын ойлануы, эмоциямен шешім қабылдамауы үшін баж салығының мөлшері көбеймек.

 – Бұл асығыс шешім қабылдамауға, ойлануға мүмкіндік береді деген пікірдеміз. Әсіресе, жас отбасылар үшін. Мұндай шара ажырасу мәселесін толық шешіп тастамаса да азайтуға себеп болады деп ойлаймыз, – дейді депутат.

Ажырасуға салынатын баж салығы 20 АЕК көлемінде белгіленген. Бұл – 79 640 теңге. Мұндағы басты мақсат отбасын сақтап қалу қоғам үшін маңызды міндет екенін ұмытпауымыз қажет.

Бұл ұсынысты Мәжіліс депутаты Ардақ Назаров та қолдайтынын білдірген. Депутаттық сауалында ол елдегі демографиялық жағдайға байланысты бірнеше ұсынысын жеткізді. Мәселен, ажырасуға өтініш білдірген ерлі-зайыптылардың арызын қабылдамас бұрын арнайы мемлекеттік баж немесе жарна төлеуге міндеттеу. Ажыраспақшы болған жұпты татуластыру үшін қоғамдық кеңес, ардагерлер алқасы, имамдар, әйелдер кеңесінің жұмысы ықпал етеді.  Сонымен қатар жас отбасыларды қолдауға бағытталған «Жас отбасы» ұлттық бағдарламасын әзірлеу, үйлену тойын өткізу кезінде кең көлемді ақпараттық-идеологиялық түсіндерме жүргізу. 

– Ажырасу тек екі адамның тағдыры ғана емес, бүтін бір ұрпақтың, қоғамның, мемлекеттің мәселесі. Сондықтан бұл мәселені тек жеке отбасы деңгейінде емес, ұлттық қауіпсіздік пен тұрақтылық тұрғысынан қарауымыз қажет, – дей­ді Мәжіліс де­путаты.

Түйін.

Адамзаттың бас­ты міндеті – отбасын құрып, ұр­пақ өрбіту. Тал бесіктен жер бесік­ке дейін артынан із қалдырып, ұрпағына өне­гелі тәрбие беруге асығады. Батыстан соққан суық жел сияқты, түрлі «сән» санамызды улап барады. Тіпті азаматтық некеге тұрып, көңіл қошы қаламаса, әп-сәтте қош айтысуға дайын жастардың қарасы да аз емес.

Рас, сананы тұрмыс билеген уақытта бесіктегі баланың болашағына бей-жай қарайтындар көбейді. Сондықтан адал жар, ақ жаулықты ана болудағы жауапкершіліктің жүгі ауыр екенін ескеру керек. Жаңадан көтерген шаңырақты сақтап қалуды мақсат ете білген жөн. Балалардың болашағына сызат түспеу үшін ауызбіршілік пен тату­лықты дәнекер еткен абзал.

Айтолқын АЙТЖАНОВА

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: